Украинадағы Starlink байланысын үзсе, Польша Маскті жазалайды

ВАРШАВА. 9 наурыз. Польша сыртқы істер министрі Украинаны Starlinks байланысынан ажыратса, Маскті жазалауға уәде берді. Бұл туралы UNIAN ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Варшава Польшаның Украинадағы Starlinks-тердің айтарлықтай біраз бөлігінің жұмысы үшін ақы төлейтінін еске салды.
Америкалық олигарх Илон Маск Украинадағы спутник байланысын үзетін болса, Польша Starlink компаниясымен келісімшартты бір жақты бұзады. Мұны X платформасында бүгін Польша сыртқы істер министрі Радослав Сикорски ескертті.
Ол Польшаның цифрландыру министрлігінің Украинадағы Starlink терминалдарының көп бөлігінің жұмысы үшін ақы төлейтінін атап өтті. Әңгіме жиынтық құны жылына 50 миллион долларға жуық қаржыны құрайтын келісімшарт турасында болып отыр.
«Егер SpaceX сенімсіз өнім жеткізуші болып шықса, біз әріптесті басқа жақтан іздеуге мәжбүр боламыз», – деп ескертті Сикорски.
UNIAN жазғандай, АҚШ Украинадағы Starlinks қызметін тоқтатуы мүмкін деген қауесет ақпан айының соңында, Трамптың командасы Киевті пайдалы қазбаларға қатысты ауыр келісімге қол қоюға көндіруге тырысып жатқанда пайда болған еді. Алайда, ол кезде Илон Масктың өзі де, Starlink компаниясының баспасөз қызметі де мұндай ниетті жоққа шығарған.
Алайда украин-америка қарым-қатынасы одан әрі нашарлай берген соң Илон Маск Украинадағы спутник байланысын үзетінін айтып, жеке қоқан-лоққы жасай бастады.
«Менің Starlink жүйем Украина армиясының негізі болып табылады. Егер оны ажыратсам, олардың бүкіл майдан шебі күйреп түскен болар еді. Украинаның сөзсіз жеңілісіне алып баратын мына қасаптың тұйыққа тірелген жылдары «жүрегімді айнытады». Егер кімде-кім бұған бейжай қарамаса, мына қанды қырғынды тоқтатудың жайын шындап ойлайды және шындап түсінеді. Мұнда шұғыл бейбітшілік керек»,– деп жазды ол жексенбі, 9 наурыз күні X әлеуметтік желісінде.