Жалдамалылар армян армиясының алдыңғы сапында жүр
МӘСКЕУ. 25 қазан. Таулы Қарабақтағы эскалацияның басталғанына айға жуықтады. Осы уақытта Армения әскерлері құрамында жалдамалылардың аз емес екені анықталды. Бұл туралы «Вестник Кавказа» хабарлады.
Minval.az порталының куәлар сөздеріне сүйеніп жазуынша, басқыншылардан азат етілген аумақтарда қалған мыңдаған мәйіттердің киімдері қалталарынан Франция, Канада, Ливан, Испания, Грекия, Грузия, Ресей азаматтықтарының паспорттары шыққан. Олардың дені армяндар екен. Мысалы, «грек» Арен Осипов, «испан» Амен Князян, «француз» Артур Оганесян, «канадалық» Кристпер Артин, «ливандық» Геворк Хаджиян, «сириялық» Степан Кешишян…
Грек блогері, белсенді, «Greek City Times» басылымының авторы Пол Антонопулос өзінің Twitter-дегі парақшасында Грекиядан Әзербайжанның басқыншылар қолындағы территориясына бірінші топта 50 этникалық армян мен 30 гректің жалдамалы болып соғысқа атанғанын жазыпты. Бұл қақпанға сондай-ақ НАТО-ға мүше бірқатар елдердің шектен шыққан ұлтшылдарының түсіп қалғаны көрініп тұр. Мұның өзі халықаралық құқықты өрескел бұзу болып табылады.
Бұдан бұрын Әзербайжан мемлекеттік қауіпсіздік қызметі Таулы Қарабақта армяндар жағында соғысып жүрген күрд жалдамалыларының радиохабарларын ұстап алған еді. Содан кейін мағынасы ашылған аудиожазбалардың видеосы YouTube-ға салынды.
Куә болғандардың айтуларынша, Альберт Микаэлян деген армян әскери қызметкері Армения қарулы күштері құрамында жалдамалылар бар екенін мойындаған. Оның әскери бөлімдерде қысқа мерзімді және айрықша қысқа мерзімді қызметте жүрген армян жауынгерлерінен бөлек, тұтастай алғанда, 1,5 мың адам болатын күрд жалдамалылары бар екенін ашық айтуы YouTube арқылы тарап кетті. Жалдамалылар ай сайын $600 алып тұрған және тек өз тілдерінде сөйлеген. Жалдамалылардың 10-15 содырдан тұратын жасақтары жергілікті жердің жағдайымен танысып алып, соғысқа дайындалып тұрды, дейді солдат.
Жалдамалылар мен жергілікті тұрғындар соғыстың алдыңғы легінде жүрген. Армения қарулы күштері осы арқылы өз солдаттарының шығынын барынша азайтуға тырысқан.
Арменияның Таулы Қарабақтағы соғыста жалдамалыларды пайдаланып жатқанын Ura.ru порталы да айғақтайды. «Новая газета» мен «Би-би-си» жазып жүрген мұндай құрылымдар қатысушылары өздерінің әзербайжандармен арадағы соғыс қимылдарына табыс табу үшін келгендерін ашықтан-ашық айтып жүр», – деп атап өтті портал тілшісі.
Әлбетте, Арменияның мұндай сипатта ұрыс қимылдарын жүргізіп жатқаны халықаралық терроризмнің лаңынан өзі де айтарлықтай зардап шеккен Ресейдің мүдделеріне мүлде қайшы келеді. Сондықтан РФ күштік құрылымдары мұндай ұйымдарды тауып, жойып жіберуде барынша белсенді жұмыстар жасап жүр. Демек, армян басшылығының бұл жымысқы әрекеттері мұнда қолдау таппайды.
Никол Пашинянның неге осы кезге дейін Әзербайжан армиясы құрамында жалдамалылар бар деп, жалған ақпар таратып келгені енді белгілі болып отыр. Ол өздерінің артын жабу үшін осындай жалғандық пен байбаламға барып жүрген болып шықты.