Әзербайжан армиясы Қарабақтағы 13 ауылды жаудан босатты
БАКЫ. 24 қазан. Әзербайжан қарулы күштері кеше Таулы Қарабақтың айналасындағы бірнеше ауданның 13 ауылын бақылауға алды. Бұл туралы «Вестник Кавказа» хабарлады.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің твиттердегі парақшасында жазуына қарағанда, Зубанли, Хожавенд жәнк Жәбірәйіл аудандарындағы елді мекендер жау тырнағынан босатылған.
«Жеңімпаз Әзербайжан әскері Зубанли ауданындағы Зиланли, Курд Махризли, Мугланли, Олакуршак ауылдарын, Ходжавенд ауданындағы Доланар және Бунедли ауылдарын, Жәбірәйіл ауданындағы Тогтумас, Нюсус, Халафли, Мингбашили, Вейсалли ауылдарын азат етті. Қарабақ – Әзербайжандікі», – деп жазды Әзербайжан президенті.
Таулы Қарабақ қақтығысы 1988 жылы Таулы Қарабақ автономиялы облысының Әзербайжан КСР-інен бөлінетіндігін жариялаған кезде басталды. 1992-1994 жылдардағы қарулы қақтығыс кезінде Әзербайжан Таулы Қарабақ пен оған жақын орналасқан жеті ауданынан айырылып қалған болатын.
Еске сала кетейік, Армения биылғы 27 қыркүйек күні таң азанда Әзербайжанға қарсы соғыс қимылдарын қайта бастады. Сондықтан халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Әзербайжан армиясы қарсы шабуыл операциясына кірісті. Қазіргі таңда Физули және Жәбірәйіл аудандары, соның ішінде Жәбірәйіл және Физули қалалары, Зангилан қаласы және Зангилан ауданының көп бөлігі, Гадрут қаласы және Ходжавенд ауданындағы көптеген ауылдар, Тертер ауданындағы Суговушан және Талыш ауылдары, Муровдаг тауы, Чинарлы кенті толығымен босатылды. Бұған жауап ретінде Армения қарулы күштері Әзербайжанның бейбіт тұрғындарына қарсы шабуыл жасап, артиллериямен шекаралас елді мекендерді, ал майданнан алыс орналасқан қалаларды орта қашықтықтағы зымырандармен атып жатыр.