Кімнің шын қайыршы болғанын уақыт көрсетеді, Мырзеке!
АЛМАТЫ. 24 қазан. Қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы Мырзатай Жолдасбеков қазақтың Бұқар жырауын «қайыршы» етіп шығарып, әлеуметтік желі пайдаланушыларының қарадай талауына түсті. Бұл туралы paryz.kz хабарлады.
Әлеуметтік желіде бірнеше күннен бері белгілі ғалымның атақты ақын туралы білдірген осы бір ауыз сөзі кеңінен талқыланып жатыр.
Солардың бірінде Бақыт Шабданов есімді блогер Facebook-тегі парақшасында Мырзатай Жолдасбековті сөзбен жақсылап «іреген». Осы жайында сөз қозғаған сайт Шабдановтың шамдануына ғалымның Бұқар жырауға қатысты сәтсіз айтылған нақыл сөзі себеп болғанын алға тартады.
«Ханға ақыл айтамын деп, Бұқар жырау қартайғанда қайыршының күнін кешіпті. Ақылың болса, ханға ақыл айтпа!» деп салған ғой, жоғары жаққа жағынудың жөнін білмеген Жолдасбеков», – деп жазады портал.
«Мырзатай, Абылай хан Бұқар жыраудың малын тартып алып па?! «Қайыршының күйін кешті», деп қазақтың ұлы жырауының әруағын қорлап отырсың! Бұқар жыраудың қайыр тілегеніне дәлелің бар ма?! Мүмкін қартайған кезінде жоқ-жұқана өмір сүрген шығар. Атамыз сендер сияқты берген жуындысына тойып алып, иесін мақтай беретін ит болғанда, бай-бақуат өмір сүруге мүмкіндігі бар еді ғой. Атамыз сендер сияқты қарақан басының емес, халықтың қамын ойлаған адам. Бұқар жыраудың тырнағына да арзымайсың ғой. Бұқар жырау қазақтың тарихына алтын әріппен жазылды. Халық сен сияқтыларды өмірем қапқандарыңнан кейін біраз жылдар бойы иттіктеріңді еске алып, айтып, жазып жүретін болады. Үрім-бұтақтарың сендер үшін ұялып жүреді. Ақырын-ақырын тарих сахнасынан жоғаласыңдар! Сосын, қазір хан жоқ!» – деді әбден ызаға булыққан желі белсендісі.
Бұл жазбаға байланысты белгілі журналист Қайнар Олжай да өз ойын білдіріпті. «Осылай, ақсақал болғанда абыройсыз қалған жаман-ау!» деп жазды ол.
Жазбаға пікір қалдырған айтыскер ақын Бауыржан Халиолла: «Осы «данышпан» биыл Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, алдына қара салмай, «оза шауып» келе жатыр ғой…»,- деді. Тағы бір оқырман Сұлтан Ыбырай: «Жарықтық, Асқар Тоқпановтың өзін Бұқар сезініп тұрған біреуге «Сен Бұқар емес, бухариксің» дегені еске түсті», – деп мағыналы мысал келтіріпті. Қаламгерлердің бірі Ербол Бейілхан болса, «Бұл кісілерді ақсақал деуге келмес. Екіжүзді, жағымпаз шалдар, өз қамдарын ғана ойлаған», – деп реніш білдірген.
Жалпы, нақыл шығарып, ақыл айтамын деп «нокаут» алған Жолдасбековті жұрт жақсы бағалап отырған жоқ. Талай жұрт оның шат-шәлекейін шығарып, «ит терісін басына қаптап» тастады.
«Енді салыстырмалы түрде алғанда, Бұқар қиын-қыстау кезеңде дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, ақыл-кеңес беріп отырған жырау болғандықтан, Абылай хан оны ерекше құрметтеген ғой. Халқы да ханнан кем көрмеген. Бертіндегі «Ленин аталарға» ұқсатып, тарих та танымнан сылып тастаған жоқ. Ал Жолдасбеков ше? Қазақ қоғамы қазірдің өзінде «осырған сиырдай» етіп отырған бұл бейбақтардың келешек ұрпақ алдында қадірі қалар ма екен», – деп жазады портал бұдан әрі.
Қалай дегенде де, хан Абылайға бетің бар, жүзің бар демей тура айтумен кеткен, бірнеше жырында өткір сөздердің найзасын емін-еркін сермеген, мәселен, бір толғауында:
«Ай, Абылай, сен он бір жасыңда
Тұрымтайдай ұл едің.
Он бес жасқа келгенде,
Арқада Әбілмәмбет төренің
Түйесін баққан құл едің .
Абылай атың жоқ еді,
Сабалақ атпен жүр едің.
Оны да көрген жерім бар,
Жаныс Қарабайдың қолында
Түнде туған ұл едің», – деп тіліп тұрып айтқан Бұқар жырау «патшасына» жағынып, әрбірден соң «қиналған Жамбыл жер осыға» дейін барып, оған: «сіз бізді балапандай баптап өсірдіңіз, жұмыртқадай шайқап шығардыңыз» деп өтірік көлгірситін, бүгінгі ақылман ақсақал дәрежесіне жете алмай жүрген жарамсақ, жағымпаз, жәркелеш шал-шауқанға қарағанда, мың есе биікте тұр.
Қазақ барда, ел барда, жұрт барда әлгіндей билеушінің илеуінен жаратылып, ширатылып шыққан шалдар емес, ұлтымыздың тарихында Бұқар жырау секілді айбынды тұлғалар қалады. Тіпті өмірінің соңын, осылар айтып жүргендей, қайыршылықта өткізсе де, оның рухы жоғары қалпында халық санасында қала бермек. Уақыт сонда кімнің шын мәнінде қайыршы болғанын анық көрсетеді.