Президент Қызылорда облысының әкімін қабылдады
АСТАНА. 23 қазан. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованы қабылдады. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «Егемен Қазақстан» хабарлады.
Қабылдауда Қызылорда облысының әкімі Мемлекет басшысына аймақтың биылғы 9 ай ішіндегі Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері туралы айтып берді. Есепте өңірдің 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспарының әзірленуі де сөз болды. Онда экономиканың түрлі салалары бойынша құны 271 миллиард теңге болатын 265 жобаны жүзеге асыру және 4610 тұрақты жұмыс орнын ашу қарастырылуда. Облыс әкімінің айтуынша, биыл жалпы құны 26 миллиард теңге болатын 110 жоба жүзеге асырыла бастаған. Бұл бастамалар аясында 2000 жұмыс орны ашылаты болады.
Облыс әкімі 15,5 мың гектар жерге егілген дәнді және майлы дақылдарды жинау науқанының аяқталғаны жөнінде баяндады. Сыр бойында биыл 551,3 мың тонна күріш жиналып, жақсы көрсеткішке қол жеткізілген.
Гүлшара Әбдіқалықова Жұмыспен қамтудың жол картасының іске асырылу барысы туралы да есеп берді. Бұл бағдарлама аясында инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін 38 миллиард теңге тартылып, 9 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.
Сонымен қатар облыстағы коронавируспен күреске қарсы қабылданған шаралар туралы да айтылды. Қазіргі таңда барлық медициналық ұйымдар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Қажет болған жағдайда 21 жұқпалы аурулар стационарында қосымша 3200-ге дейін төсек орын дайындауға мүмкіндік бар.
Аймақ қажетті дәрі-дәрмектермен және қорғаныш құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Гүлшара Әбдіқалықова Президентке 200 орындық модульді жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы басталғанын жеткізді. Нысан осы жылдың 1 желтоқсанына дейін іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Қабылдау соңында Мемлекет басшысы Қызылорда облысының әкіміне қайта өңдеу өнеркәсібіндегі өсім көрсеткішін жақсарту, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, экономикалық жобаларды әртараптандыру қажеттігіне қатысты бірқатар тапсырма берді. Президент сондай-ақ өңірдегі эпидемиологиялық ахуалды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.