Әлиев Ресейдің Украинадағы соғысына қатысты мәлімдеме жасады

БАКЫ. 20 шілде. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ресейдің Украинадағы соғыс операциясына «оккупация» деген баға берді. Бұл туралы Dialog.ua ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ресейдің Екатеринбург қаласында жергілікті қауіпсіздік күштерінің рейді кезінде екі әзербайжанның өлтірілуінен туындаған Бакы мен Мәскеу арасындағы шиеленіс жағдайында Әзербайжан лидері Ильхам Әлиев Кремль диктаторы Владимир Путиннің әрекеттеріне ашықтан ашық қарсы шыққанын білдірді.
Әзербайжанның Қарабақтағы Шуша қаласында өткен әлемдік медиа форумға қатысушылармен кездесу кезінде сөйлеген сөзінде Әлиев Ресейдің Украинаға қарсы соғысын жаһанға жария етіп тұрып, «басқыншылық» деп атады.
Украиналық журналист Дмитро Гордонның «ұзақ жылдарға созылған оккупациядан кейін өз территориясы – Қарабақты жерін қайтарып алған елдің президенті Ресей басқыншылығына қарсы күресін жалғастырып жатқан украиндарға қандай кеңес бере алады» деген сыңайдағы сауалына жауап берген Әлиев «Украина өз жерін ешқашан жаудың қол астына беруге келіспеуі керек» дегенді айтты.
Әзербайжан басшысы бұған дейін де Украина елі өкілінің осындай сауалына жауап беруіне тура келгенін айтты.
«Менің жауабым сол кезде айтқанымнан еш өзгерген жоқ. Мен мұны украин халқының арман-мұңымен үндес келеді деп ойлаймын: ешқашан оккупацияға келіспеу керек. Бұл – менің басты кеңесім», – деп мәлімдеді Әзербайжан президенті.
Бұған қоса, Ильхам Әлиев Бакының өткен жылдың желтоқсан айында Грозный түбінде Ресей әуе қорғанысы күштерінің соққысына ұшырап, Қазақстанның Ақтау қаласы маңына құлаған AZAL ұшағының апатқа ұшырауына қатысты Ресей Федерациясының үстінен халықаралық талап-арыз дайындап жатқанын да баяндады.
Әлиевтің айтуынша, оқиғаға қатысты жағдай «күндей ашық», бірақ жеті айда Ресей Федерациясы Әзербайжан тарапына нақты жауап бермеген. Ресей тергеу комитеті барлық сауалдарға «тергеу жүріп жатыр» деген сөйлеммен жауап беруді жалғастырып келеді.
Бұған дейін Бакы Кремль лайнердің апатқа ұшырауын ресми түрде өз мойнына алуы керектігін бірнеше рет атап өткен болатын.






