Әлиев: Баку AZAL апатына орай халықаралық сотқа жүгінеді

БАКЫ. 19 шілде. Әзербайжан Ресейдің «Әзербайжан әуе жолдары» ұшағын атып түсіруіне байланысты халықаралық сотқа жүгінуге дайындалып жатыр. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ресей Федерациясының AZAL әуе компаниясы Embraer 190 ұшағының апатқа ұшырауына қатысты Бакының сауалдарына нақты жауап бермей отырғанын алға тартып, Мәскеуден кінәсін мойындауды талап етті.
Қазір Әзербайжан 2024 жылдың 25 желтоқсанында «Әзербайжан әуе жолдары» (AZAL) Embraer 190 ұшағының апатқа ұшырауына байланысты халықаралық соттарға талап арыз беру үшін тиісті құжаттарды әзірлеп жатыр. Мұны ел президенті Ильхам Әлиев 19 шілде, сенбі күні Шушада өткен Жаһандық медиа форумда мәлімдеді.
Ұшақ J28243 рейсімен Бакыден Грозныйға қарай ұшып шыққан. Бортта 5 экипаж мүшесі мен 62 жолаушы болған. Ұшқыштарға әуелі Грозныйға, сосын Махачкалаға қонуға рұқсат берілмейді. Содан кейін онсыз да жерден бағытталған атыстардан зақымданған ұшақ Каспий теңізі арқылы Қазақстанның Ақтау әуежайына қарай аттандырылады. Апаттық қонуға әрекеттенген ұшақ далаға құлап, өртеніп кеткен. Осы қайғылы оқиға салдарынан 38 адам қаза тапты. 27 жолаушы мен үш экипаж мүшесі, оның ішінде екі бортсерік аман қалды.
Әзербайжан әуе тасымалдаушысы апаттың себебі ретінде сыртқы әсерді атады. Бакы ұшақты ресейлік әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері атып түсіруі мүмкін деп санайды. «Азаттық» радиосы: «Біз не болғанын білеміз және дәлелдей аламыз. Орыс шенеуніктері де болған оқиғадан хабардар екенін білеміз. Мәселе мынада: олар мұндай жағдайда кез келген көршілес жасайтын нәрсені неге істемейді?» деп, Әлиевтің Шушадағы сөзінен үзінді келтірді.
Әзербайжан президенті бұл шарада Бакы Ресейдің ұшақ апатындағы кінәсін мойындап, кінәлілердің жазалануын қамтамасыз етуді және апатта қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына өтемақы төлеуді қалайтынын қайталады. Әлиевтің айтуынша, апаттан кейінгі жеті ай ішінде Ресей Бакуының сауалдарына бірде-бір нақты жауап бермеген.
Ильхам Әлиев 2014 жылы Донбасс үстінде «Malaysia Airlines» әуе компаниясының MH17 рейсі апатқа ұшырағаны жайлы айта келе, бұл апатты тергеудің 10 жылдан астам уақытқа созылғанын еске салып, Әзербайжанның «қажет болғанша» мұны да солай күтуге дайын екенін баса айтты.
2024 жылдың желтоқсан айының соңында Ресей президенті Владимир Путин Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, «қайғылы оқиға Ресей әуе кеңістігінде орын алғаны» үшін кешірім сұрады. Бұған қоса, ол ұшақ Шешенстан орталығының әуежайына қонбақшы болған кезде Украина дрондарының Грозный, Моздок және Владикавказ қалаларына қауырт шабуыл жасағанын, сондықтан «ресейлік әуе қорғаныс жүйелерінің оларға тойтарыс беріп жатқанын» атап өткен еді.






