Әзербайжан армиясы Зангилан мен 24 ауылды азат етті
МӘСКЕУ. 20 қазан. Әзербайжан қарулы күштері Зангилан қаласын Арменияның басқыншы армиясының қол астынан босатты. Бұл туралы «Вестник Кавказа» хабарлады.
Бүгін Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев жеңімпаз әзербайжан әскерлерінің тағы 24 кәндтен (ауылдан) агрессорларды қуып шыққанын мәлімдеді.
Азат етілген елді мекендер арасында Зангилан қаласынан бөлек, Физули ауданындағы Дордчинар, Кюрдлер, Юхары Абдуррахманлы, Гаргабазары, Ашагы Вейселли, Юхары Айбасанлы, Жәбірәйіл ауданындағы Сафарша, Гасангайды, Фуганлы, Имамбагы, Даш Вейселли, Агтепе, Ярахмедли, Ходжавенд ауданындағы Агджакенд, Мюлькюдере, Дашбаши, Гюнешли (бұрынғы Норашен), Венг, Зангилан ауданындағы Хавалы, Зернели, Мамедбейли, Хекери, Шарифан, Муганлы ауылдары бар.
Президент Ходжавенд ауданындағы Венг ауылының «Чинарлы» деген жаңа ат алғанын айтты.
Әлиевтің айтуынша, Әзербайжан халқы қазір майдан шебінен күн сайын қуанышты жаңалықтар күтіп отыр. «Мен осы қуанышты хабарды Әзербайжан халқына жеткізгенім үшін бақыттымын», – деді ол.
Мемлекет басшысы Әзербайжан қарулы күштерінің Хайастанның 241 танкісін жойып жібергенін, тағы 39 танкісін қолға түсіргенін жеткізді.
Ильхам Әлиев армян билігінің әлі жалған мәліметтер таратудан танбай отырғанын сынға алды. «Ереван, әзірге кеш емес, Әзербайжаннан әскерлерін әкетуге тиіс. Біз басқыншыларды одан әрі қуа береміз», – деп сендірді ол.
Бүгін сондай-ақ Армения қорғаныс министрлігі басқыншылардың шегініп жатқанын мойындады. Ведомство өкілі Арцрун Ованнисян оккупанттардың жеңіліске ұшырап жатқанын айтуға мәжбүр болды. Мұны ол өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды. «Шегініс – жеңіліс емес. 1918 жылы да, 1941 жылы да, 1992 жылы да сондай шегіністер болған» , – депті сабазың.
Қайтсін-ай! Бірақ бұл соғыс созыла берсе, экономикалық ахуалы ауыр Арменияның күні қараң бола түседі. Қазірдің өзінде оның жарты бюджеті сарп болып отыр.