Біз неге соншама парықсыз болып барамыз?
Кеше rast.kz порталынан Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың халыққа арнаған үндеуі туралы кеңейтілген хабарды оқып, біраз ойға баттым. Қала басшысының бұл дабылы орынды және уақытында көтеріліп отыр.
Мені ойландырғаны – біздің ешқашан өткеннен сабақ алмайтын, кеше ғана жылап отырғанымызды бүгін ұмытып кете беретін дарақылығымыз. Мұның атын «парықсыздық» дейді.
Желілік басылым атап көрсеткендей, жайбарақаттығымыз бен жауапсыздығымызда есеп жоқ. Мұның күйкі көріністерін күнде көшеде, көпшілік орындарда көріп жүрміз.
Осы ретте менің есіме француздың XVII ғасырда өмір сүрген философы Франсуа де Ларошфуконың «Адамның ең басты жауы – оның өзі» деген нақыл сөзі түсіп отыр. Шынында солай болып тұр. Егер біз өзімізге өзіміз жау, дұшпан болмасақ, көктемнен бері көп кісіні көктей солдырған ібіліс ізді індеттің іркітінен барынша сақтанып жүретін уақытымыз болды ғой. Тым құрығанда, өзімізді мансұқ етсек те, үйлеріміздегі жаңа өсіп келе жатқан жас өркен – өскелең ұрпақты неге аямаймыз? Сіздің «жетім қыздың тойындай» немесе «қатындардың бастаңғысындай» болмаса «астыртын ұйымның ұясындай» етіп, бейнелеп айтқанда, «шамның жарығымен өткізген» той-томалақ пен отырыстардан кездейсоқ жұқтырып келген сызды да сызатты сырқатыңыздың отбасындағы балаларыңыз бен немерелеріңізге жұғып кетуі кәдік екенін қалай ескермейсіз? Шаңырақта қаннен-қаперсіз сіздің келуіңізді күтіп отырған жан жарыңыздың тағдырын неге таразы басына салып қоюға ықтиярлысыз? Сондай «тығылмақтарға» тымпиып бара қоятын кез келген адам алдымен осылар туралы ойлануы керек деп есептеймін.
Бүгін таңертең COVID19 республикалық штабы сайтын ашып қарап, ондағы мәліметтермен мұқият танысып шықтым. Сонда бізде де айтылып отырған аурудың күннен күнге біртіндеп қайта қарқын алып келе жатқанын байқауға болады екен. Мысалы, бұдан оншақты күн алдын республикада тәулігіне 60-80 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырып жүргені мәлім еді. Ал бүгін қарасам, бұл деңгей жүздің үстіне шығып кетіпті. Сол 115 фактінің басым бөлігін бұрынғысынша топ басын бермей келе жатқан Астана, Алматы қалалары, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Атырау облыстары өз еншілеріне жазыпты. Бұл тізімге кірмейтін Қызылорда облысы, құдайға шүкір, жалпы көрсеткіштер легінде де ең соңғы орында келеді. Алайда, бұл біздің тоқмейілсуімізге себеп бола ала ма? Ала құйындай ақырып өте шығатын бұл кеселдің кеспірі қандай екенін өткен көктемде көріп, көз жеткізген жоқпыз ба? Мынадай жайбарақаттық пен немқұрайдылық бізді тағы солай алып ұрмасын.
Коронавирус пандемиясы тарауының әлемдегі қазіргі деңгейі де бізді мықтап ойландыруы керек. Оның бірінші сатысында жаһан жүзіндегі ең бай да қуатты ел – АҚШ тұр. Екінші орынға халқының саны жағынан әлемдегі екінші мемлекет, бір жарым миллиардқа жуық тұрғыны бар Үндістан орналасқан. Үшінші басқышты Латын Америкасындағы қай жағынан да ең дәргейлі дәулет – Бразилия еншілепті. Осы ұзын тізімнің ішінде Қазақстан 109 мың сырқаты санымен 36-орынға жайғасқан. Бұрынғы Одақ елдерінен біздің алдымызда тек Ресей (4 орын) мен Украина (25) ғана келеді. Бірақ екеуінің халқының саны біздегіден әлдеқайда көп. Алдыңғысында – 150 млн, кейінгісінде – 56 млн. Сондықтан сырқат санының жан басына шаққандағы көрсеткіші бойынша Қазақстан бұлардың да алдарына түсіп кетеді екен. Міне, осы деректің өзі бізді ойландырмай ма?
Рас, адамзат тарихында бұған дейін де талай пандемиялар өткен. Тым арыға бармай-ақ, бергі жағына үңілгенде, біздің есімізге әуелі XIV ғасырда Еуропаны жайлаған оба індеті мен XX ғасырдағы «испанка» тұмауы түседі. Бұлардың салқынына 500 млн жуық адам шалдығып, шамамен 100 млн адам көз жұмған. Одан беріде – 1957 жылы «Азия тұмауы», 1968 жылы «Гонконг тұмауы» орын алды. Бұдан да бергіде «эбола», «құс тұмауы», «шошқа тұмауы» дегендер Жер шарының біраз бөлігін біраз әуре-сарсаңға салды.
Ал мына коронавирус кеселі қазірдің өзінде бірнеше жаңа түрін шығарып, жан-жағын жапырып келеді. Демек, сақтанбаса болмайды. Планетаның ең бай адамдарының бірі, жұрттың көбі ковидтің тарауына қатысы бар деген күдік таңып жүрген Билл Гейтс коронавирустың 2022 жылға қарай ғана ауыздықтала бастайтынын айтады.
Тағы бір айтатын жайт, болгардың атақты көріпкелі Ванга әжей кезінде «Будет литовать ужасная хворь», яғни «Сұмдық ауру-сырқау сүргін салады» деп осы кезеңді меңзеп кеткен екен. Арғы дүниедегі голланд білгірі Нострадамустың өлең жолдарында да осыған ұқсас ескерту жатыр.
Бүгінге дейін Жер бетінде 35 млн адам коронавирус инфекциясын жұқтырып алған болса, солардың 1 миллионнан астамы ажал оғына ұшырады. Мына қалпында әлі бұл көрсеткіш өсе беретін түрі бар. Ендеше, жоғарыда атап өткен ең қуатты елдердің өзі еге бола алмай отырған науқаспен біздің «ойнай қоятын» түк те ретіміз жоқ, ағайын. Бұл – тағдырдың бізге салған тағы бір сыны. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ заманында жайбарақаттығымен емес, жинақылығымен, өзінің қандай жағдайға да тез бейімделіп, жылдам жауынгерлік қалпына келе алатын ерекше қасиетімен ғана кезеніп келген жаудың соққысынан, індеттің іркітінен айтарлықтай аман қалып, ұрпағын бүгінгі күнге дейін жеткізе білген. Осыны да ұмытпайық.
Елдің тұтастығын, халықтың амандығын көздеп жүрген басшылардың айтқандары мен талаптарын бұлжытпай орындап жүрсек қана мына зобалаңнан көп шығынсыз шыға аламыз.
Соншама парықсыз емес едік қой.
Ержан УӘЙІС,
журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері