Арутюнян: Таулы Қарабақтағы жағдай ауыр болып тұр
ХАНКӘНДИ. 12 қазан. Мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының басшысы Араик Арутюнян аймақтағы ахуалдың ауыр екенін айтып, мәлімдеме жасады. Бұл туралы армянның News.am сайтына сілтеме жасаған rast.kz хабарлады.
Өзін «Арцах (Таулы Қарабақты бұлар осылай өздерінше атап алған – ред.) президенті» деп атайтын сепаратистер атаманы бұл жайындағы жазбасын Facebook-тегі парақшасында жариялады.
«Қымбатты отандастар, жағдай қиын күйінде қалып тұр. Мен жұртпен белсене кездесіп тұрамын. Біз, бәріміз, бір адамдай көтерілдік. Көнде Отанды құтқару мәселесі тұр. Бұл күреске бірінші Арцах соғысына қатысқандарды да тартып жатырмыз. Отанды қорғау ісіне дайындық пен топтасқандық танытқан халқымызға алғысымды айтамын», – деп жазды ол.
Осымен бірге, Арутюнян бұл күреске бүкіл халық болып жұмылуға, соның ішінде Таулы Қарабақтағы бірінші соғысқа (1992-1994) қатысқан ардагерлерді осы саптан табылуға шақырды.
Бұдан бір күн бұрын Армения қорғаныс министрлігінің өкілі Арцрун Ованнисян Facebook-те майдандағы жағдайларының ауыр екенін жазған еді. «Соғыс қиындықпен жүріп жатыр, біздің әскерлеріміз табанды да ауыр шайқастар жүргізуде. Алайда, біз бұдан бұрын да талай рет мұндай жағдайға түскенбіз», – деп атап көрсетті ол.
Осы мезгілде «Вестник Кавказа» порталы Әзербайжан армиясының майданның барлық шебінде оперативті басымдық танытып тұрғанын баяндады. Әзербайжан қорғаныс министрлігінің мәліметіне сүйенген баспасөз құралы әзербайжан әскерлерінің Гырмызы Базар елді мекені маңында артиллериядан атқылап, дұшпанның жер асты шебі мен екі техникасын жойып жібергенін жазды. Қарсы жақтың көптеген адам шығыны арасында 246-шы батальонның командирі подполковник Артур Григорян да бар.