Михаил Саакашвили Афинада таяққа жығылды
АФИНА. 12 қазан. Грекияның астанасы – Афина қаласында грузин мұғаджырларымен кездесуге келген Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили соққыға жығылды. Бұл туралы «Sputnik Грузия» хабарлады.
Шара өтуге тиісті жерде басына капюшон киіп алған бір жас жігіт оған тап береді. Ол Саакашвилидің басынан бірнеше рет ұрып үлгереді. Осы оқиға кезінде бірнеше адам зардап шеккен көрінеді. Таяқ жеп қалғанына қарамастан, Михаил мұғаджырлармен бәрібір кездесіп, өзінің саяси жоспарлары жайлы айтып беріпті.
Бірақ шабуыл жасаған бұзақының ұсталған-ұсталмағаны туралы ештеңе айтылмайды.
Саакашвили 2004-2013 жылдары Грузияның президенті лауазымын атқарды. Кейінірек ол өзіне қарсы бірнеше қылмыстық іс қозғалуына байланысты елден кетуге мәжбүр болды. 2015 жылы Украина азаматтығын алып, Одесса облысының губернаторы болып тағайындалды. Ал 2016 жылы облыстың экономикалық көрсеткішінің төмендігіне байланысты қызметінен қуылды.
2017 жылы Украинаның сол кездегі президеті Петр Порошенко Саакашвилиді Украина азаматтығынан айырды. Алайда, 2019 жылы қазіргі лидер Владимир Зеленский оған азаматтығын қайтарды. Биылғы мамыр айынан бері ол Украинаның реформа жөніндегі ұлттық кеңесі атқару комитетін басқарып келеді.