Минскіде шеруге шыққан зейнеткерлерге газ қолданылды (видео)
МИНСК. 12 қазан. Бүгін Беларусь астанасында шеруге шыққан зейнеткерлерге қарсы көзден жас ағызатын газ қолданылды. Бұл туралы «Азаттық» радиосы хабарлады.
«Минскіде күштік құрылымдар зейнеткерлер маршын қуып-тарату кезінде көзден жас ағызатын газ қолданды», – делінген хабарламада.
Баспасөз құралы сонымен бірге сол көрініс түсірілген видео да жариялаған.
Видеода зейнеткерлердің микроавтобустарға отырған қара киімді адамдарға жақындап барып, «тоқтаңдар», «құрыңдар» және «фашистер» деп айқайлап жатқаны естіледі. Сонымен бірге шерушілер «Ол сендерді лақтырып кетеді» («Он вас кинет») деп жатқаны да құлаққа жетеді.
Бұған олар күштік құрылымдар сарбаздарының көзді ашытатын газ шашқан «жауабына» тап болады. Зейнеткерлер бұл шабуылдан қолшатырларын алға тосып қорғанып жатыр.
«Беларусь без головного мозга» телеграмм-арнасы сондай-ақ әлдененің жарылып жатқаны байқалатын видео жаралады. Автор мұның шулы-жарықты граната екенін түсіндіріп тұр.
Tut.by сайты жазғандай, құқық қорғаушылар мен зейнеткерлердің қақтығысы Беларусь ұлттық техникалық университеті жанында орын алғанын жазады. Бұл жерде зейнеткерлер күштік құрылымдардың студенттері ұстауларына кедергі келтірген екен.
Сайт сонымен бірге шеруге шыққан бір зейнеткердің арқасынан жарақат алып қалғанын атап көрсетеді.
Бұған дейін Минскіде бірнеше рет әйелдер маршы болып өткен еді. Содан кейін студенттер де өз қарсылықтарын білдірді. Енді, міне, зейнеткерлердің де кезегі келіпті.