Коротченко: Гәнжәні атқылау – Арменияның жоспарлы лаңкестігі
МӘСКЕУ. 12 қазан. Ресейдің «Национальная оборона» журналының бас редакторы Игорь Коротченко кеше «Вестник Кавказа» порталына берген сұхбатында осылай деді. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
«Армения қарулы күштерінің Әзербайжанның Гәнжә қаласын түн жарымында ракетамен атқылап, 9 бейбіт тұрғынның өмірін жұлып кететін шабуыл жасауы әлдебір кездейсоқ әскери қателік болуы мүмкін емес, бұл – Ереван тарапынан арнайы ұйымдастырылған террорлық акт немесе әскери қылмыс», – деді әскери сарапшы.
«Бұл – оның өзіне алған міндеттемесін жай дөрекі түрде бұзып қоя салуы ғана емес (Армения оқ атуды тоқтату жөніндегі келісімге қол қойғасын бір тәуліктен кейін оны бұзды), сонымен бірге, – қай тұстан қарауымызға байланысты, – не әскери қылмысқа, не халықаралық терроризмге жатады. Біз бұл соққының мәнін түсіне білуіміз керек. Дүркін-дүркін оқ ататын артиллерияның немесе ракета жүйесінің көмегімен соғыс қимылдары жүріп жатқан кезде, снарядтардың әскери емес нысандарға түсіп кетіп жататынын жоққа шығаруға болмайды. Алайда, Гәнжәға барып түскен баллистикалық ракеталар қашанда тек соққы жасалатын жері алдын ала белгіленіп, координаттары күні бұрын жазылып қоятын ұшыру тапсырмасына сәйкес жіберіледі. Былайша айтқанда, Гәнжәға шабуыл – Армения әскери командованиесі тарапынан алдын ала жоспарластырылған, бекітілген және санкция алынған акция», – деп түсіндірді ол.
«Сондықтан Армения әскери-саяси басшылығының Әзербайжандағы тап осы көлемі жағынан екінші ірі қаланың тұрғынжай ауданына соққы беру ниеті болғанына еш күмән жоқ. Ереван осылайша, Әзербайжанмен арадағы өзі сұрап алған бітімді іс жүзінде өзі жоқ қылып жіберді, – онда да мұны бейбіт әзербайжан тұрғындарға алдын ала ойластырылған шабуыл жасау арқылы барынша арсыздықпен істеді. Мұны ақтауға болмайды, оны бұдан әрі тексеріп, шабуылды ұйымдастырушыларды халықаралық сотқа тарту керек. Енді бұл аумақта бейбіт өмір сүру мүмкіндігі қалмады десе де болады», – дегенді қосты Игорь Коротченко.
«Ракеталық соққылардың авторы жоғары бас қолбасшы ретінде Никол Пашинянның өзі болды ма, әлде шешім онсыз қабылданды ма, – соны анықтау қажет. Екінші сценарий тура келсе, онда премьер-министрдің өкімі қарулы күштерге жүрмейтін болғаны. Егер ракетамен атқылауға Пашинянның тікелей өзі санкция берген болса, оның Нюрнбергте Екінші дүниежүзілік соғыста жасағандары үшін халықаралық трибуналда жауап берген адамдардан еш айырмасы жоқ. Егер Пашинян мұндай бұйрық бермеген болса, онда мұның Армения әскерлеріне титтей әсері бар-жоғы туралы мәселе көтеріледі», – деді бұдан әрі журнал басшысы.
«Нәтижесінде, бұл ракетаның кездейсоқ атыла салмағаны және «өзін өзі қорғаушы отрядтың» әлдеқандай шабуылы емес екені белгілі болды. Біліксіз персонал принципінде мұндай қарумен атқылауды да білмейді. Демек, ракеталарды тікелей Армения қарулы күштері жөнелткен. Енді тек бұған әскери-саяси басшылық мүшелерінен кімнің бұйрық бергенін тексеру ғана қалып тұр, ол не Пашинян, не қорғаныс министрі Тоноян болуы керек», – деп сөзін қорытты әскери сарапшы.