Армения Әзербайжанға тағы төрт кәндті қайтарып беруге келісті
ЕРЕВАН. 20 сәуір. Армения билігі Әзербайжанға Қарабақтағы тағы төрт кәндті (ауылды) қайтарып беретін болып шешім шығарып отыр. Бұл туралы «Арменпресс» ақпарат агенттігінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Армения мен Әзербайжан төрт село учаскесіндегі мемлекеттік шекараны демаркация жасайды», – деп жазады ақпарат агенттігі премьер-министр Никол Пашинянның аппараты хатына сілтеме жасай отырып.
Әңгіме Бакының қарамағына өткелі тұрған Баганис-Айрум, Ашагы-Аскипар, Хейримли және Кызыл Гаджалы елді мекендері жайында болып отыр.
Пашинянның аппаратындағылар мұның шекараны демаркация жасау мен қауіпсіздікке байланысты жасалып отырғанымен түсіндірді. Ондағылар сондай-ақ тараптардың шекараны делимитация жасауды армянның Баганис, әзербайжанның Баганис-Айрум, армянның Воскепар, әзербайжанның Ашагы-Аскипар, армянның Киранца, әзербайжанның Хейримли, армянның Беркабер, әзербайжанның Кызыл Гаджылы селолары учаскелерінде жүргізу жөнінде алдын ала келісімге келгендерін жеткізді.
Тараптар 15 мамырда шекара сызықтарының соңғы сипаты жайындағы хаттамаға қол қоюға тиіс.
Делимитация процесі КСРО тарағаннан кейін Ереван мен Бакы қол қойған 1991 жылғы Алматы декларациясының негізінде жүргізілетін болады. Құжат бұрынғы кеңестік республикалардың 1991 жылғы шекарасындағы территориялық тұтастығын сақтауды бекітіп берді.
Биылғы 17 сәуірде ресми Мәскеу мен Бакы Ресейдің Қарабақ территориясынан бітімгер әскерлерін әкетуді бастағанын хабарлады. Онда РФ жауынгерлері 2020 жылы өңірде Армения мен Әзербайжан арасында жанжал туып кеткеннен кейін қойылған еді.