Таулы Қарабақта Әзербайжан әскерлері табысты соғысып жатыр
БАКЫ. 29 қыркүйек. Әзербайжан армиясы екі күндік табысты ұрыс қимылдарын жүргізудің арқасында Таулы Қарабақ өлкесінің біраз аумағын өзінің бақылауына алатын дәрежеге жетті. Бұл туралы «AzTV» хабарлады.
Өткен түнде әзерилер Талыш кендінің маңындағы стратегиялық маңызы бар биіктерді басқыншылардан азат етті. Осыған байланысты аталмыш телеарна арнайы видеосюжет дайындап, биіктердің қалай алынып жатқанын көрсетті.
Әзербайжан жауынгерлерінің Таулы Қарабақта ұрыс қимылдарын сәтті өткізіп жатқанын «Национальная оборона» журналының бас редакторы, Қару-жарақтың әлемдік саудасы жөніндегі талдау орталығының директоры Игорь Коротченко «Россия 1» телеарнасында жүргізілетін «60 минут» бағдарламасында атап өтті. «Жағдайды әділ бағалау үшін жұрттың бәрі мойындап отырған ортақ деректерге жүгінген ләзім, – деді ол. – Ұрыс қимылдары Әзербайжан территориясында өтуде. Бұл – Әзербайжан мен Армения шекарасындағы атыс емес. Армян қарулы жасақтары іс жүзінде Әзербайжанның Таулы Қарабақ төңірегіндегі 7 ауданын басқыншылық жолымен басып алған, ұрыс қимылдары тап осы жерлерде жүріп жатыр».
Әзербайжанның Түркиядағы елшісі Хазар Ибрагим түріктің «Haber Global» телеарнасына берген сұхбатында армяндардың бейбіт тұрғындарға шабуыл жасап жатқанын, сондықтан өздерінің дәл солай жауап қайтаруға мәжбүр болатынын мәлімдеді.
«Бізге қарсы шығып жатқандардың кері шегінгендері дұрыс, өйткені, олар біздің шабуылымызға төтеп бере алмайды», – деді ол.
Өз армиясында шығын көп екенін осы тұста армян жағы да мойындап отыр. Олар кеше соғыста жүрген 22 солдаттың қаза тапқанын хабарлап, олардың бәрінің аты-жөндерін жариялап еді.
«Sputnik Армения» агенттігінің ақпарынша, армян әскери қызметкерлері сапынан кезекті құрбандар шығып жатыр. Кешелі бері тағы 26 боздақ осылай оққа ұшқан. Осылайша, хай елі сарбаздарының 84-і мерт болып, қатардан шығып қалды.
Осы оқиға туралы тікелей эфирден ақпар беріп, қаза тапқандардың аты-жөнін оқып отырған тележүргізуші қыз кеше түнде жылап жіберді. Еске сала кетейік, 27 қыркүйек күні жау құрсауынан босатылған Әзербайжан елді мекендерінің аттарын атап отырған кезінде әзербайжан тележүргізуші қызы да осылай өзін өзі ұстай алмай қалған еді.
Әзербайжан-армян соғысы 27 қыркүйек күні таңертең ертемен басталды. Алдымен армян жағы әзербайжандар шебіне оқ жаудырды. Мұнымен де қоймай, іргелес жатқан бейбіт елді мекендерге аяусыз атқылады. Осыдан кейін әзербайжан әскерлері түп көтеріліп, қарсы шабуылға шықты.
Қалай дегенде де, бұл орайда армяндар – басқыншылар, ал әзербайжандар елін азат етушілер болып қалады.
Мұндай соғыста әділдіктің салтанат құрғаны дұрыс.