Лукашенко президент сайлауында шын мәнінде қанша дауыс алды?
МӘСКЕУ. 28 қыркүйек. Президент сайлауында жеңіске жеткені көпшілік арасында үлкен күмән туғызып, дауы әлі күнге дейін шеру түрінде жалғасып келе жатқан Александр Лукашенко шын мәнінде қайта президент болып сайлануға жетерлік дауыс алған болып шықты. Бұл туралы АиФ хабарлады.
«Ведомости» газеті осы мәселені өз сарапшылары деңгейінде талдап шығып осындай тұжырымға келді. Басылым сарапшылары «Голос» платформасынан алынған, фальсификацияға ұрынбаған 633 «таза» хаттаманың негізінде анализ жасады.
Оның қорытындысында Александр Лукашенко 50,8 пайыз дауыс жинаған болса, Светлана Тихановская 38,3 пайыздық дауысқа қол жеткізген. Міне, осы көрсеткіш өзі-ақ іс басындағы президенттің қайта сайлануына жетіп жатыр.
Бірақ бұл цифр, біріншіден, ресми мағлұматтан көп ауытқып кеткен. Екіншіден, оппозиция Тихановскаяның Орталық сайлау комиссиясы ұсынғандай орасан зор айырыммен ұтылғанына мүлде сенбейді. Оған себеп те жоқ емес. Сондықтан анық фальсификацияның болғаны соқыр көздің өзіне көрініп тұрған мына жағдайдан кейін оппозиция бірден қарсылық қозғалысына шықты. Оны сайлаушылардың біраз бөлігі тез қолдай кетті. Егер көрсеткіш жоғарыдағы болжамдағыдай болса, олар да көтеріле алмас еді, халық та олардың соңына ермеген болар еді.
«Мен Лукашенконың бірінші турда жеңіп шыққанына сенімдімін, – дейді ТМД елдері институты директорының орынбасары Владимир Жарихин. – «Голостың» хаттамалары билікті қолдаушылар көп болып шығатын шағын қалалар мен селолық жерлерді қамтымайды. Бірақ Лукашенконы жоғарыдағы көрсеткіш ешбір қанағаттандырған жоқ. Ол бұрынғыдай «шарықтағысы» келді. Тіпті Конституцияға өзгеріс енгізу жөнінде Путин үшін дауыс берген ресейліктерден де көбірек дауыс алмақшы болды. Ақыры солай жасатты. Ал мұндай амбицияның ақыры не болғанын бәріміз көріп отырмыз. «Жадность губит фрайера» деген осы».
Сау басына сақина тілеп алған Александр Лукашенко осылай абыройсыздыққа ұрынып, халықтың текке көтеріп жіберді. Осы жерде ақылдың кенделігі көрініп қалды.