Армения мен Әзербайжан арасында қырғын соғыс жүріп жатыр
СТЕПАНАКЕРТ. 27 қыркүйек. Бүгін, жексенбі күні таңертең ертемен Таулы Қарабақта Армения мен Әзербайжан арасында кескілескен соғыс қимылдары басталып кетті. Бұл туралы «Московский комсомолец» хабарлады.
Осыған байланысты Армения мен Әзербайжан бір-бірін шекарадағы жағдайды ушықтырды деп айыптап отыр. Сонымен бірге, Әзербайжан бүкіл майдан шебінде шабуылға шыққандарын мәлімдеді. Мойындалмаған Таудағы Қарабақтың омбудсмені Артак Бегларян автономияның бейбіт тұрғындары арасында шығын бар екенін айтты.
Ереван мен Баку қарсыластарының техника мен тірі күштері жағынан шығынға ұшырағандарын баяндады.
Әзербайжан қорғаныс министрі Мәскеу уақытымен таңғы сағат жеті шамасында Армения қарулы күштерінің кең ауқымды арандату шараларын жүзеге асырып, Әзербайжан армиясының бүкіл майдан шебі бойындағы позицияларын, сондай-ақ елді мекендерді түйдекті түрде атқылауға кіріскені жөнінде ақпар таратты. Әзербайжан тарапының мағлұматы бойынша, атыс ірі калибрлі қарудан, миномет пен артиллериялық қондырғылардан жасалған. Нәтижесінде Гапанлы, Чыраглы, Орта Гервенд, Алханлы, Шукюрбейли, Джоджуг кендтерінің (ауылдарының) бейбіт тұрғындары арасында өлгендер мен жарақат алып қалғандар шығып жатыр.
Осыған байланысты Әзербайжан қорғаныс министрлігі Армения қарулы күштерінің жауынгерлік белсенділігінің жолын кесу және бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында майданның барлық шебі бойынша қарсы шабуылды бастап кеткен. Оған танктер, ракета-артиллерия әскерлері, майдан авиациясы, пилотсыз ұшу аппараттары қатысуда.
Осыдан кейін мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасы президентінің баспасөз хатшысы Ваграм Погосян бейбіт елді мекендер, соның ішінде астана – Степанакерт қаласы Әзербайжан тарапынан артиллериядан атқылаудың астында қалғанын хабарлады. Жұрт шұғыл бомбадан қорғану жертөлесіне шақырылған.
Армения қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Шушан Степанян өз кезегінде армян тарапының Әзербайжанның екі тікұшағы мен үш пилотсыз ұшағын атып түсіргенін баяндады. Ал Армения премьер-министрі Никол Пашинян Әзербайжанның Арцах бағытына шабуыл бастағанын, бірақ оған қорғаныс армиясының төтеп беріп жатқанын әңгімеледі.
Кейінірек Армения қорғаныс министрлігі Әзербайжанның тірі күштен шығынға ұшырап, үш танкісінен айрылғанын хабарлады. Алайда, Әзербайжан жағы мұны растаған жоқ. Автономия баспасөз қызметі қарсыластарының 16 адамы оққа ұшқанын анықтап айтты.
Ал Әзербайжан қорғаныс министрлігі Геранбой бағытындағы ұрыс қимылдары нәтижесінде Муровдаг жотасындағы Муров стратегиялық биігі алынғанын жеткізді.
Қарабақ жанжалы 1988 жылы ақпанда басталды. Сол кезде Таулы Қарабақ автономиялы облысы Әзербайжан КСР-ы құрамынан шығатынын жариялады. 1992-1994 жылдардағы қарулы қақтығыс салдарынан Әзербайжан Таулы Қарабақтың жеті ауданынан айрылып қалды.