Қарындасы бұрын көрмеген туған ағасын іздейді
Біздің редакцияға Астана қаласында тұратын Ұлсара Төленқызы Әдірешова есімді әйел адамнан бір хат келіп түсті. Онда автор өзінің туған ағасы Мәді Төленовтің дерегін біраздан бері іздеп жүргенін айтады.
Мәселенің мәні былай. Төлен деген кісі ертеректе бірінші әйелімен белгісіз жағдайда ажырасады. Сол кезде бұрынғы әйелінде Мәді деген жалғыз ұлы кетеді. Кейін ол екінші қайтара үйленеді. Бұл некеден жоғарыда айтылып отырған Ұлсара өмірге келеді.
Жылдардың жылында Төлен қария қайтыс болады. Ол өзі өмірден өтер алдында қызы Ұлсараның қолына бір көне туу таралы куәлікті ұстатып тұрып: «Сен жалғыз емессің, ағаң бар, енді соны іздеп тауып ал», дейді. Ол 1950 жылғы 15 қаңтарда туған Мәді Төленов деген баланың құжаты болып шықты. Куәлік Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданындағы Алғабас ауылдық кеңесінен беріліпті.
Бірақ әкесі Төлен бұған дейін Ұлсараға ұлы Мәді туралы ештеңе айтпаған екен. Оның болжауынша, әйелі өзінен ажырасқаннан кейін төркін жағы – Қызылорда облысы аумағына кетсе керек. Алайда, кейінірек олардың Шымкент жағына қайта келгені жайлы да дерек шығады. Сонымен, әке мен бала бұдан жетпіс жылға жуық уақыт бұрын бір-бірінен осылай ажырап қалады.
Ал әке аманатын бұдан көп жыл алдын алып қалған Ұлсара Төленқызының сол уақыттары ағасын іздестіруге мүмкіндігі болмайды. Бұған балалары төменгі сыныпта оқып жүрген кезінде күйеуінің қайтыс болып кеткені де әсер еткен сияқты. Сөйтіп, шиеттей үш баланы бір өзі жетілдірем деп жүргенде, арада тағы да біраз жылдар өтіп кетеді.
Қазір Ұлсара балаларының бәрін аяқтандырып, өз алдарына отау етіп қойыпты. Енді өзі ешқашан көрмеген, атының өзін әкесі өмірден өтер кезде бір-ақ естіген ағасы Мәді Төленовті, оның өзі болмаса, одан өрбіген ұрпақтарын іздейді. Ол бала кезінде анасына еріп кетіп қалған ағасы кейін ер жетіп, азамат болған шығар деген үмітте.
«Егер кейін анасының фамилиясына жазылып кетсе, оның тегіне көшіп кетуі, яғни Мәді Жүсіпов болып қайта жазылуы да мүмкін» дейді ол.
Қалай дегенде де, іздеушілер осы жайттарды ескергендері де дұрыс.
Егер айтылып отырған Мәді есімді азамат жөнінде дерек білетін кісілер болса, редакцияға хабар берулерін сұраймыз.
rast.kz сайтының редакциясы