Әзербайжан Қарабақта 550 армян сарбазы опат болғанын айтты
БАКУ. 28 қыркүйек. Әзербайжан Таулы Қарабақта 550 армян жауынгерінің қаза тапқанын мәлімдеді. Бұл туралы «Sputnik Азербайжан» хабарлады.
«Армян қарулы күштері 550-ден астам адамынан өлідей және жаралы күйлерінде айырылды», – деп баяндады агенттік республика қорғаныс министрлігінің дерегіне сілтеме жасап.
Ведомство бұған армян армиясының 22 бронемашинадан, 15 «Оса» зенит-ракеталық қондырғысынан, 18 пилотсыз ұшағынан, сегіз артиллериялық қондырғысынан, сондай-ақ қару-жарақ қойылған үш қоймасынан айырылғанын қосты.
Әзербайжан жағы мәлімдеген бұл мәліметтерді Армения тарапы, әлбетте, артынша жоққа шығарды.
Армения қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі бүгін түнде армян әскерлерінің Таулы Қарабақтағы бұрын беріп қойған бірнеше позициясын қайтарып алғанын мәлімдеді.
ТАСС-тың хабарлауынша, «Мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының қорғаныс армиясы түнгі ұрыс қимылдары барысында Әзербайжан қарулы күштері бұрын басып алған бірнеше позицияға қайта бақылау орнатқан».
Баку мен Ереван 1988 жылғы ақпан айынан бері Таулы Қарабақ үшін таласып келеді. Бұған дейін Әзербайжанның автономиялы облысы болып келген бұл өлке сол кезде оның құрамынан шығатынын мәлімдеді. 1992-1994 жылдары Әзербайжан автономияның жеті ауданынан айырылып қалды.
Әлем қауымдастығы бұл соғысты айыптап жатыр. БҰҰ бас хатшысы екі жақты ақылға келуге шақырды.
Армения премьер-министрі Никол Пашинян кеше соғыс басталған бойда Ресей президенті Владимир Путинге хабарласып, одақтас ел ретінде әскери көмек сұрады. Бұған Кремль қожайыны ұрыс қимылдарының армян жерінде өтіп жатпағанын айтып, жәрдем беруден бас тартты.
Ал Түркия президенті Тайип Реджеп Ердоған жағдай қиын болып бара жатса, Әзербайжан жағына болысатынын ашық айтты.