Руханият

Бес ғасыр атылмаған садақ

Бейсенбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

публицист, жазушы, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты

Бейсенбай Сүлейменов журналистикаға өзіндік ерекшелігімен, тамаша шығармашылық шеберлігімен  келген қаламгер. Оның көтерген тақырыптары жаңашыл ерекшелігімен, алуан түрлі кейіпкерлердің жұмбақ әлемін, адами келбетін шынайы ашу ерекшелігімен өрнектеліп тұрды. Қаламгер қазақ журналистерінің арасынан Оңтүстік Америкаға – үндістер елі Перу мен Эквадорға, жұмбағы мол Амазонкаға, жунгли таңғажайыптарына  алғашқылардың бірі болып аяқ басты. Міне, үндістер елінің тарихы, мәдени өмірі, сырға толы тіршілік-тұрмысы, салт-дәстүрі, ғасырлар бойы сақталған тектілік белгісінің құпия-сыры қазақ оқырмандарына осылайша ашылды. Үндістер бірнеше мың жыл бұрын мұхит асып келген түрік тектес ағайындарымыз екенінің сыры жүйеленді. Осы саяхаттың негізінде «Кечуа тайпасының үндістері», «Бес ғасыр атылмаған садақ» кітаптары оқырманның көзайымына айналды. Бұл Бейсенбай Сүлейменовтің баға жетпес жеңісі, ізденісі, ешкімге ұқсамайтын шығармашылық шеберлік әлемі еді.

Қаламгердің «Қуанышты күн», «Жолдасбек Сүлейменов», «Тентектер» кітабына енген повесть, әңгіме, ертегілері, естелік-эсселері біз білмейтін, естімеген, тіпті жаңа оқиғаларға, шиеленістерге толы. Ал жазушының «Хан шатырындағы кездесу» тарихи-танымдық, ертегі повесі қазақ балалар әдебиетіндегі тың құбылыс, соны туынды десек, артық айтқандық емес. «Күннен келген адам» кітабы жазушының көп жылғы еңбегінің жемісі іспетті.

Республика балаларының сүйікті газеті «Ұланда» (бұрынғы «Қазақстан пионері») бас редактор, «Газет», «Әл-Фараби», «Құс жолы» баспаларында директор болды, қазір «Әдебиет әлемі» баспасына жетекшілік етеді.

Біз бүгін публицист, жазушының үндістер елінен ертеректе жазған саяхатнамасын ұсынып отырмыз.

 

Бес ғасыр атылмаған садақ

Лима – Перудiң астанасы

Аэрофлоттың ең ұзақ рейсi Тынық мұхиттың тынышсыз жағалауындағы жалын континент – Латын Америкасына, үндiстер елiне бiздi екiншi тәулiкте алып жеттi. Ендi, мiне, бейтаныс елмен жүздесiп тұрмыз.

Ұзақ сапардан оралған әкелерiнiң алдынан сағынышпен жүгiрiп шыққандай, балалар Лима әуежайында бiздiң алдымыздан лап қойды. Алғашқыда ештеңе түсiнбей қалдық…

– Сеньор, қол жүгiңiздi көтерiсейiншi!

– Сеньор, өтiнемiн, сiзге көмектесейiншi!

– Сеньор, аяқ киiмiңiздi тазалап берейiн!

Кеңес Одағы, үлкен елден келген бiздердi Латын Америкасының балалалары осылай қарсы алды. Бiр айта кетерi – испан тiлiн бiлмесек те, балалардың бұл сөздерiн анық түсiндiк. Өйткенi, олар бала тiлiмен, ақ жүрегiмен айтып жатты…

Бiздi күтiп алған туристiк компания өкiлiнiң айтқан алғашқы сөзi:

– Сеньорлар мен сеньориталар! Абай болыңдар, көшеде кезбе балалар өте көп. Олар қолыңыздағы заттарды жұлып алып, қашып кетуi мүмкiн. Сұлу бикештер, әшекейлерiңiзге сақ болыңыздар. Балалар құлақтары­ңыздағы сырғаларыңызға да жармасуы мүмкiн. Егер алып кетсе, бiздiң компания оған жауап бермейдi. Иә, иә, жауап бермейдi…

Бұл сөздердi ол бiзге әрең түсiндiрдi және кейiн де жаңа елдi мекендерге барған сайын қайталаумен жүрді. Жалығып та кеттiк. Бiрақ олар қайта-қайта ескерткендей қолайсыз жағдайға кетер-кеткенше душар бола қойған жоқпыз.

Бет-ауыздарының кiр-қожалақтығына, көнетоз киiм­дерiнiң алба-жұлбалығына қарамастан, маған сол жеткіншектер сүп-сүйкiмдi көрiндi. Олардың мөп-мөлдiр жанарларына қарай бергiң келедi. Ал қараған сайын көз­дерiнен адалдықты, балаға тән пәктiктi аңғарасың. Бала­лар қай елде, қай жерде жүрсе де, бала ғой.

Лима – Перудiң астанасы. Бұл қала Перу балалары­ның да астанасы. «Лима» деген сөзі «пат­шалар қалашығы» деген ұғымды бiлдiредi екен. Кө­ңiл­сiз тiршiлiк кешiп жатқан бұл қала бiзге бiр көрген­нен-ақ ұнаған жоқ.

Астана тіршілігіне қарай үшке бөлінген. Бiрiншi бөлiгiндегi үйлер әбден ескiрген, құлауға жақын тұр. Тар көшелерде ав­то­мобиль додасынан шыққандай ескi, соғылған жеңiл машиналардан көз алмайсың. Бұл жер – әлгi кезбе бала­лардың, ұсақ-түйек саудагерлердiң, қолөнер шеберлерi­нiң, сондай-ақ жұмыссыз жүрген үлкеннiң де, кiшiнiң де мекенi.

Қаланың екiншi бөлiгiндегі екi-үш қабаты үйлерде орташа ауқатты адамдар тұрады. Халық та сирек. Көше кезiп жүрген балалар да аз, саудагерлер де бiрен-саран. Ұзақты күнге жалғасқан мазасыз тiршiлiктен бiр сәт те болса демалып қалғандайсың.

Лиманың үшiншi бөлiгi – Тынық мұхиттың тынышсыз жағалауындағы сәндi үйлер. Бiрақ ол үйлерге кiрiп-шығып жатқан адам баласын көрмейсiң. Тек қана қақпа алдында тұрған су жаңа автомобильдер көзге түседi.

Осыдан төрт жүз сексен жылдай бұрын Перудi жаулап алушы Франсиско Писарро қаланың iрге тасын қалапты. Испандар елге баса-көктеп кiргенде, бiрiншi кездескен үндiстен бұл жердiң қалай аталатынын сұраған. Оны түсiнбеген әлгi үндiс қасындағы өзеннiң атын сұрады екен деп: «Беру», – дептi. Жаңылыс естiген испандар содан соң бұл елдi Перу деп атап кетедi.

Кечуа, аймара тайпасы үндiстерiнiң мекенi саналатын Перу мен Эквадордағы ғибадатханалардың көпшiлiгiнен  күн бейнесiн көресiң. Оған қарап, үндiстердiң күнге та­бына­тындығын анық бiлуге болады. Олар өзiнiң ең көңiл­дi немесе жабырқаған сәттерiн  шiркеуде өткiзедi. Сондықтан үндiстер үшiн шiркеу қасиеттi де қастерлi орын. Үлкен қалалар мен кiшiгiрiм ауыл­дарда да қашан көрсең де шiркеудiң маңы ығы-жығы халық.

Үндiстердiң дiни орталығы – Пачакамак қаласы. Перуге баса-көктеп кiрген Франсиско Писарро Пачакамак ғибадат­ха­наларындағы алтындардың көптiгiн есітiп, әскерiнiң бiр тобына iнiсi Эрнандоны басшы етiп, сол жерге жiбередi. Отаршылдар келгенде ғибадатхана бос тұрады. Жергiлiктi тұрғындар жаудың келе жатқанынан хабардар болып, ондағы бағалы заттардың барлығын тығып қояды. Бiр өкiнiштiсi – ол алтындар әлi күнге дейiн табылған жоқ деген сөз бар.

Ескi Лиманың тар көшелерiнен жүрудiң өзi қиын. Өйткенi екi жағы қаз-қатар тiзiлген дүкендер, сеңше соқтыққан саудагерлер. Олар қолдарындағы заттарын өткiзе алмай әлек. Кейде «ал, ал» деп қыр соңыңнан қалмайды. Кейбiреулерi жолдың шетiне отырып алып, бiлезiк, жүзiк соғып, сол жерде сатып жатқаны. Ал балалардың көп­шiлiгi мойындарына кiшiгiрiм дорбаларын iлiп алып, темекiнiң әр түрiмен, кәмпит, сағыздармен сауда жасап жүр. Мұндай сауда-саттықтар таңертеңнен түннiң  бiр уағына дейiн еш толастамайды.

Латын Америкасындағы кез келген қаладағы сияқты Лиманың негiзгi алаңдарының бiрi – Пласа де Армас. Бұл – тәуелсіздік алаңы деген ұғымды бiлдiредi. Осы жерде Президент сарайы орналасқан. Айналасының барлығын биiк темiр шарбақтармен қоршап тастаған. Қақпаның алдында қолына қару ұстаған президент ұландары. Бас­тарын­­да күнге шағылысқан дуылға, құстың қауырсы­нымен әсемдеп қойған. Көзге керім көрiнедi Олар кiрпiк қақпай, қақиған күйiнде қозғалмауда.

Алаңның шеткерi жағына елге алғаш келген отаршыл Франсиско Писарроға ескерткiш орнатылыпты. Ол ат үстiнде, елеусiз жерде тұр. Бұл жергiлiктi перулiктердiң Франсиско Писарроға деген наразылықтарының белгiсi iспеттi.

Инктердің отанында

Байырғы инктер империясының орталығы Куско қаласында бiздi Америко атты жiгiт қарсы алды. Ол Кеңес Одағында бiлiм алып, жақында ғана елiне оралыпты. Мамандығы – агроном. Жұмысқа орналаспағаны бізге жақсы болды. Күндіз-түні қасымыздан табылады.

Америко да бiзге бауыр басып алды. Оның Кеңес Одағына деген сүйiспеншiлiгiнде шек жоқ.

Кускода бiздi ескi достарымыз – балалар тағы да қоршап алды.

– Сеньор, лама жүнiнен тоқылған киiм. Сiзге шақ келедi, киiп көруiңiзге болады. Алыңызшы?

– Сеньор, сiзге мына бiреуi жарасады. Төрт-ақ доллар.

– Сеньор, лама алыңыз. Әкесi, шешесi және баласы, – деп ол, тастан қашалып, асқан шеберлiкпен жасалған үш ламаның мүсінiн көрсеттi. Қолдарындағы заттарын мақтап, қыр соңымыздан қалмай, қонақ үйге дейiн шығарып салды. Америко ашуланып, оларды ұрсып, қуып жүр. Бiрақ оны тыңдайтын балалар жоқ. Айналып келедi де, баяғы әуендерiне қайта басады.

 Мен қалтамдағы азын-аулақ сыйлықтарымды таратып бере бастадым. Олар алғыстарын айтып, алып жатты. Алматының әсем көрiнiсi бейнеленген соңғы белгiнi кiмге берерiмдi бiлмей аңтарылғанымда, шеткерiректе көңiлсiз тұрған қызға көзім түстi. Кiшкене сiңлiсiн арқалап алыпты. Мен балалардың арасынан суырылып шығып, әлгi кiшкентай қыздың омырауына белгiнi қададым. Ол қуанып қалды.

Куско жәрмеңкесі

Куско жәрмеңкесiне баруға күндiз жолымыз түспеді. Түнде болса, баруды ұйғардық. Жолдың екi жағы кiлең дүкендер. Жақындай қалсаң, есiктен жылы қарап тұрған сатушыны, не оның баласын көресiң. Осы екi елдiң сатушылары келушiлердi мүлдем басқаша қарсы алады. Өте кiшiпейiл, кiргеннен бастап, шыққаныңша заттарын ұсынумен, мақтаумен жүредi. Ештеңе сатып алмасаң да ренжiмейдi. Олар алғашқыда сенiң қайдан келгенiңдi бiлмейдi. АҚШ-тан немесе Еуропаның басқа бiр елiнен келген шығар деген ойда болады. Өйткенi, олар АҚШ-тан келген қонақтарды ұнатпайды екен. Себебi, Перудiң бар байлығын, мәдени құнды заттарын шетелдiк капиталистер үнемі тонаумен келген. Сенiң Кеңес Одағынан екенiңдi бiлсе, бiрден өзгерiп, көңiлденiп, өзгеше рай танытады.

Перуде 1970 жылы қатты жер сiлкiнген. Соның сал­дарынан мұхитта биiктiгi 10 метрлiк орасан зор толқындар – цунамилер пайда болып, жолында кездескен­нiң бәрiн шайып кеткен. Толқындардың жылдамдығы сағатына 700 шақырымға дейiн жетiптi. Цунамилер Тынық мұхитты емiн-еркiн шарлағаны былай тұрсын, Азияның жағалаулары мен аралдарына келiп соқты­ғысқан. Табиғат апаты­нан Перудің өзінен 70 мыңнан астам адам қаза тауыпты. Осы бір қиын кезде Кеңес Одағы бiрiншi болып қол ұшын беріптi. Оны жергiлiктi тұрғындар әлi күнге дейiн ұмытпаған екен. Әсiре­се, аға буын өкілдері  бізбен кездескен сайын есімізге салып, шексiз алғыстарын бiлдiрумен жүрдi.

…Базар iшi ығы-жығы. Сатып алушылардан сату­шылар он есе көп. Қастарынан өткен сайын «мынаны ал» деп шуласып қалады. Қыр соңыңнан қалмайтындары да табылады. Базардағы заттардың көпшiлiгi – лама жүнiнен тоқылған әр түрлi киiмдер. Алтын, күмiстен, асыл тастардан жасалынған әшекейлер. Бiр айта кетерi, сол заттардың барлығы өзiндiк ұлттық ою-өрнектерiн сақтап қалған. Асқан шеберлiкпен, ұқыптылықпен жасалынған дүниелер.

Үндістердің базарына келіп, Коко жапырағының дәмін татпай кетуге болмайды. Жергілікті тұрғындар үшін бұл жапырақ қасиетті саналады. Оны Жоғарғы әміршіге, соғыстан жеңіспен оралған жаунгерге құрметпен берген. Жапырақтың құрамында кокойынның құрамы аз болғандықтан, есірткі деп есептелінбейді екен. Бірақ жеген адамға күш-қайрат беретіні анық.

Сауда жасаушылардың көпшiлiгi – әйелдер мен балалар. Олар саған көз қиығын салып қойып, киiм тоқып, ендi бiреулерi үйлерiнен алып келген примустарын жағып, ас пiсiрiп, қасындағы балаларын тамақтандырып отыра бередi. Кейбiр сәбилер тас жолдың шетiнде ұйықтап жатыр. Арлы-берлi жүрушiлер олардың үстiнен аттап өтедi. Аналар балалары жаурап қалмасын деп, сатуға әкелген киiмдерiнiң бiр шетiн үстерiне жаба салған…

Менiң таңқалғаным: осы ығы-жығы, абыр-сабыр жәрмеңкеде жылап жүрген бiр де бiр бала көрген жоқпын. Рас, олар жабырқаулы, алба-жұлба киiнген. Бiрақ көз­дерiнде сонау инктер әулетiнен қалған бiр жұмбақ сырды ұққандай боласың. Қонақ үйдiң алдында кiшкентай сiңлiсiн арқалап (шамамен үлкенi – он, кiшiсi үш жасар), үнемi сауда жасап жүретiн қыз көзiме түстi. Ол ұйықтап қалған сiңлiсiн алдына алып тербетiп, көңiлсiз отыр. Бағана  бiзге дамылсыз ұсынған тоқыма киiмдерiн жайып қойыпты. Саудасы жүрмегенге ұқсайды. Шар­шаған да шығар. Амал не, әйтеуiр, күн көру керек. Қолын­дағы заттарын сатпайынша үйiне қайтпауға бел байлаған сияқты.

Кiшкентай үндiс баласы маған қарап, бар дауысымен айқай салды.

– Сеньор!

Ол қолындағы садақты ұсынды.

– Уно долларис. (Бұл «бiр доллар» дегенi).

Үндiс бала садаққа жебесiн салып, шiрене тартып көрсеттi. Мұнысы «мықты, сынбайды» дегенi болса керек. Шындығында да, керемет садақ. Нағыз үндiстер­дiң суық қаруы. Жебесiнiң ұшы қатты ағаштан, ал қалған жерi қамыстан жасалынған. Үндiстер бұл ағашты «темiр ағаш» дейдi екен. Қаттылығына ешкiмнiң дауы жоқ. Бұл садақ үндiстердiң испан отаршылдарына – олардың зеңбiректерi мен мылтықтарына қарсы шыққан қаруы ғой.

Мен үндiстер елiнен естелiк болсын деп, әлгi садақтың ақшасын төледім.

– Сеньор! Тағы бiреуiн алыңызшы! – деп, бала үндiс қайта қиыла өтiндi.

Оның көңiлiн қимай, екiншi садақты да сатып алдым. Саудасының жүргенiне қуанған әлгi жеткiншек дорбасы­нан үшiншi садақты шығарды.

– Сеньор!..

Инктер

Үндiстерде бiр аңыз бар. Оны әрбiр ана өз ұлына мақ­таныш сезіммен айтады. «Перудiң оңтүстiгiнде Боливия мем­лекетiмен көршiлес тау басына орналасқан әлемдегi ең биiк әрі тұщы Титикака көлi бар. Күндердiң бiр күнiнде сол көлден Күн-құдайдың балалары, ағалы-қарындасты, сонымен бiрге ерлi-зайыпты Манко Капак пен Мама Окльо шығыпты. Күн оларға алтын асатаяқ берiп, әлемдi шарлауды, осы асатаяқ қадалған жерге қала салып, мемлекет құруды әмiр етедi. Олар ұзақ уақыт жер кезiп, Уани-Каури қыратына келгенде, алтын асатаяқтың ұшы жерге кiрiп, бұлақ атқылайды. Мiне, сол жерге қала салынып, Куско деп аталыпты. Манко Капак барлық ер адамдарды ауыл шаруашылығы жұмыстарына, сонымен қатар жауынгерлiкке үйретiптi. Ал Мама Окльо әйелдердi үй жұмысына, бала өсiруге, тоқыма өнерiне бау­лыпты. Олар балалы-шағалы, бақытты өмiр сүрiптi…»

Алтын асатаяқ қадалып, су атқылаған жерге ескерткіш қойылған. Сегіз бұрышты темір белгінің ішіне елу бес келі алтын құйылған көрінеді. Бірақ испан отаршылдары келген күннің ертеңіне бағалы зат жоқ болып шығады. Оны испан жауынгерлері ұрлаған деген сөз бар. Мүмкін солай да шығар. Қазір темір белгі мен қорғаны тұр. Қасынан өткендердің бірі таңырқай қараса, енді бірі басын шайқап, алтынның жоқтығына қынжылған сыңай танытқандай.

Әңгіме асыл тас жайлы қозғалғандықтан, Перуде әлемдегі ең таза, жүз пайыздық  (99 пайыз да, қалған 1 пайызы алтын шаңы) алтын болған деседі. Оны жергілікті тұрғындар ем ретінде пайдаланған. Қатерлі ісік (рак) ауруына шалдыққандарға ішкізген. Қазба жұмыстары кезінде адамның бас сүйегінен арнайы тесілген тесік табылған. Сол жерден алтын құйып, қатерлі ісікті емдеген деген болжамдар айтылып жүр. Бұл әңгіменің төркіні рас та болуы мүмкін. Өйткені, инктер елінде медицина ерте заманнан-ақ жақсы дамыған.

Инктердiң өздерiне тән заңдары көп. Мысалы, инктердiң балалары тек инктердiң қыздарына ғана үйленген. Олардың ұрпақтары инктер деп есептелiнген. Ал, ұлдардың  басқа қарапайым тайпалардың қыздарына үйленуіне ұрықсат етілген. Бірақ одан туған ұрпақ үкімет басқаруға, жоғары лауазымды қызметтер атқаруға жіберілмеген. Сонда-ақ оларға аса жауапты тапсырмалар, инктердің бағалы байлықтары жайлы құпия мәліметтер айтылмаған. Инк қыздарына  қара  халыққа тұрмысқа шығуына үзілді-кесілді ұрықсат берілмеген. Инктер өз ұрпақтарының қан тазалығын, салт-дәстүрлерін осылайша сақтап отырған.

Перуге испан отаршылдары баса көктеп келгенде елде екi миллиондай тұрғын болған деген мәлімет бар. Олар 1570 жылы бiр жарым миллионға азайып кеткен. Бұдан халыққа қиянат жасалғанын, аяусыз қырғынға ұшырағанын анық көруге болады.

Ендi инктер жайлы тағы да бiрер сөз. Олар – Оңтүстiк Америкадағы Перу жерiн мекендеген жергiлiктi тайпа. Кейiн бұлар инктер мемлекетiнде үстем тап атанған. Империяға Чилидің солтүстігі, Перу, Эквадор, Боливия және Колумбия кірген. Инктер 12-14 ғасырларда салтанат құрған. Ал 1438 жылы Тауантинсуйу деп аталатын құл иеленушi  мемлекет орнатады. 1532 жылы Испан отаршыл­дары Оңтүстік Америкаға баса-көктеп кірісімен, инктердiң бейбiт өмiрiн бұзып, мәдениетiн талқан­даған. Бар байлықтарын өздерiмен бiрге алып кеткен.

Инктер – жауынгер халық. Бiрақ олар ешкiмдi қарудың күшiмен езгiге ұшыратпаған. Жаулап алған тайпалар мен халықтардың намысына, әдет-ғұрпына, тiптi дiнiне де тимеген. Тек негiзгi құдайы Күн деп мойындаса болды деп есептеген.

Инктер өздерi жаулап алған адамдарды империяның орталығы Куско қаласына алып келген. Ондағы дiни ошақтарды аралатып, қадiрлi қонақ жасаған, өз құдайларына тағзым еткiзген. Олар инктердiң айтқандарына көнген кезде ғана өз елдерiне қайтарылған. Сөйтiп, бұрынғы қызметтерiн атқара берген.

Қарапайым халық империяның кез келген азаматы сияқты өмiр сүрген. Олар инктердiң  ұсыныстарына қарсылық бiлдiрсе, сонда ғана ең шеткi елдi-мекендерге жер аударылған. Ал, тұтқынның бұрынғы жерiне орталық облыстардағы шаруалар көшiрiлген. Егер тiптi көнбеген жағдайда күш қолданылған. Бiрақ мұндай жағдайлар өте сирек кездескен. Бір айта кетері ел байлығы теңдей үшке бөлінген. Біріншісі, Жоғарғы әмірші мен оның атқа мінерлеріне, екiншiсi, құдайларға арналған, үшiн­шi бөлігі – халықтың тұрмыс-тіршілігіне жұмсалған. Шаруалар өз отбастарына киiм-кешектi, азық-түлікті, барлық керектi заттарды қатаң, мемлекет белгiлеген  мөлшерде алып отырған. Кей кездерде мынандай да жағдайлар кездескен. Егер шаруа мұқтаждыққа ұшыраса, онда оның сондай күйге душар болуына жергілікті  шенеулiктер кiнәлi деп табылып, олар қатаң жазаланған.

Инктердiң заңдары өте қатал. Олар ерiншек, жалқау­ларды, қазына мүлкіне қол соққан алаяқтарды аяусыз жазалап отырған.

Бұл елдегi әрбiр азамат бау-бақша, егiн өсiруге, шеберханаларда, құрылыстарда жұмыс iстеуге, әскери борышын өтеуге мiндеттi еді. Әлгi үкiмет шенеулiктерi сол жұмыстардың барысын бақылап, еңбек уақытының асып кетпеуiн, оның адам өмiрiне зиянды болмауын қадағалаған. Байырғы перулiктер үкiметтiң рұқсатынсыз ештеңе iстемейтiн. Олар тiптi өз беттерiмен үйленiп, отау тiге алмайтын. Бiр қызығы, жiгiттерге болашақ қалыңдықтарын алдын ала көрсетiп отырған.

Науқандық жұмыстар аяқталып, халықтың көңiлi жайланған соң, инктер елдегі барлық бойдақтардың басын қосып, оларға үлкен той жасап берген. Сөйтiп, бүкiл империяда  қыз-жігіттердің шаңырақ көтеруі бiр мезгiлде басталған. Той бірнеше күнге ұласып, арты мерекеге ұласып кеткен.

Инктер ерте заманнан-ақ су жүйелерiн тиiмдi пайда­лан­ған. Олар кейде жүздеген шақырым қашық­тықтағы өзендерден, көлдерден су ағызып, шаруашылық­тарын жүргiзiп отырған. Сол заманда салынған 113 шақы­рымға созылған эрригациялық су құбырымен шаруа­­лар әлі күнге дейiн егiн суарады екен. Бiрақ сол су жүйелерiне су қайдан толатыны осы күнге дейiн жұмбақ.

Инк­тердiң тағы бiр ерекшелiгi – олар минералды тыңайтқыш­тарды шаруашылыққа кеңiнен қолданып, одан мол өнiм алып отырған.

Перуде картоп пен жүгерi ертеден өсiрiлiп, оның тамаша сорттары әлемнiң түкпiр-түкпiрiне таратылған. Қазір бұл елде картоптың 600-дей түрі өседі. Бiрде бiз Мачу Пикчуге бара жатқанда, жолсерiгiмiз кiшiгiрiм өзенге салынған шағын электр станцасын көрсеттi. Бiз бәрiмiз күлiп жiбердiк. Сөйтсек, сол «қуыршақ құрылысымыз» Кускоге, оның маңындағы үлкен елдi-мекендерге жарық беретiн электр станцасының бiрi екен.

Перудегi үндiстердiң көпшiлiгi таулы аймақтарда тұрады. Олардың ауылдарының қасынан өтiп бара жатып, тұрмыс-тiршiлiктерiне назар аударумен болдым. Қарапайым үндiстердiң үйлерi – кiшiгiрiм, екi-үш бөлмеден тұратын  жер кепе. Бiр қарыс терезесi күнге шағы­лысып, сырттан келгендердiң назарын аудармай қоймай­ды. Мұндай шағын аудандарда электр жарығы мүлдем жоқ. Ауылдың маңында ламалармен бiрге қойлар, қара шошқалар жайылып жүр. Анда-санда жолдың жағалауындағы алақандай жерге егiн егiп, не орып жүрген үндiстердi көресiң. Олар еңбекқор халық.

Отаршылар          

Панама қаласында дiни қызметкер Эрнан­до де Луке, әскерилер Диего де Альмагро мен Франсиско Писарро өзара келiсiм жасайды. Онда Луке ақша тауып, үкiметтен рұқсат алуға, Альмаг­ро ке­ме­­лердi жабдықтауға, сөйтiп Писарроның басшылығымен жорыққа шығуға келiседi. Экспедиция­ның негiзгi мақсаты – Латын Америкасын жаулап алып, ондағы байлықтарды бөлiсу-тін. Бұл тарихи – 1524 жыл еді.

Писарро жас кезiнен-ақ саяхатқа шығып, жаңа елді мекендерді көруге құштар едi. Ол осы мақсатына жету үшiн әскери қызметке кiредi. Бiрнеше экспедиция­ларға, маврлармен болған соңғы шайқасқа қатысады. Талпынысынан ешқандай нәтиже шықпайды. Себебi, әскер басшыларының барлығы дворяндар едi. Соны бiлген Писарро өз бақытын мұхиттың арғы жағынан іздейді. Латын Америкасына, оның iшiнде Перу мен Эквадорға отаршылдық шабуылы басталады.

Олар алғашқы жорыққа екi кемемен шығады. Оңтүстікті бетке алып, жол-жөнекей кездескендерден жұмбақ ел – инктер туралы көп есітiдi. Тынық мұхиттың асау толқындары кемеге соктығысып, қаусата жаздайды. Отаршылдарға кейбiр елді-мекендер қарсылық танытып, айбат көрсете бастайды. Үндiстердің улы жебелері жаңбырша жауады. Осындай қақтығыстардың бiрiнде Альмагро бiр көзiнен айрылады. Жат елде кездескен қиыншылықтарға жұқпалы ауру қосылады. Сөйтiп, испан отаршылдары экспедицияны мезгiлсiз аяқтап, кейiн қайтады. Көп ұзамай 1526 жылдың жазында үкiметтен қолдау тауып, қайта жабдықталып, қара ниет саяхатшылар жолға шығады. Олар қазiргi Эквадор территориясына келгенде халық жиi орналасқан, мәдениетi жоғары елдi-мекендердің біріне тап болады. Писарро мен оның сыбайластары бұл халықты жаулап алудың оңайға түспейтiнiн алғаш кездескеннен-ақ аңғарған едi. Үндiстердiң алтын мен бағалы тастардан жасалған әшекейлерiнiң көптiгiне қайран қалады. Отаршылдар кез келген тұрғынның қайсар жауынгер екенiне де, саны жағынан да көп екендігіне көз жеткізеді. Бiрақ амал не, негiзгi мақсаттары мол байлыққа кенелу болғандықтан, алған беттерiнен қайтпауды ұйғарады. Бағалы заттарды алдап, не жылтырақ бұйымдарға айырбастап, кей кездерде зорлық-зомбылық танытып, тартып та алады. Өз еркімен бермегендерге күш қолданады.

Бiрде Писарро бiр топ атты әскерiмен келе жатқанда үндiстер оларға тұтқиылдан шабуыл жасап, кемеге баратын жолды кесiп тастайды. Отаршылдардың өмiрi қыл ұшында тұрады. Осы шайқаста Писарроның бiр жауынгерiнiң аты сүрiнiп, үстiнен иесi ұшып түседi. Сол кезге дейiн үндiстер ат пен оның үстiндегi адамды бiр құбылыс деп есептеп келген екен. Күтпеген көріністен үндiстер қорқып, қаша жөнеледi. Отаршылдаросылайша аман қалыпты деген аңыз бар.

Жолдары болмаған отаршылдардың алдында бiр-ақ мiндет тұрды. Ол – Панамаға барып, жақсы қаруланған әскер алып, қайта келу еді. Альмагро бар байлықты кемеге тиеп, елге қайтады. Ал Писарро бiр топ әскерiмен жағалауға жақын, ешкiм тұрмайтын бiр аралда қалып, серігінің қайта оралуын асыға күтiп қала береді. Аралда қалғандарды аштық пен жоқшылық, толассыз жауын­ды күндер, жұқпалы ауру, қауiп-қатерлер толы күндер күтiп тұрды. Мұны бiлген жауынгерлердiң арасында наразылық кү­шейе түстi. Олар бұл жорықты ұйымдас­тырған өз үкiме­тiне наразылықтарын бiлдiрiп, елге қайтып бара жатқан достарынан туған-туыстарына, губер­наторға шағым хат жазады. Писарро мен Альмагроның аран­датушылық әрекеттерiне тыйым салу керек­тiгiн ашына айтады. Бiрақ Альмагро сол хаттарды тауып алып, отқа жағып жiбередi. Тек Панама губернаторының әйелiне арнап алынған киiмдердiң iшiнде жалғыз-ақ хат қалып қояды. Мұны оқыған губернатор қатты ренжiп, экспеди­цияны қайта жалғастыру туралы ұсынысты қабылдамай тастайды.

Аралда қалғандарға арнайы кеме жiберiледi. Сол кездерде тропикалық елдi-мекеннiң атақты жауыны басталып жатқан кезi-тiн. Адамдардың өмiрi өте ауыр халде болатын. Киiмдерi әбден тозып, тағамдары әлдеқашан таусылған, ауруға шалдыққан едi. Олар кеменiң келуiн күндiз-түнi күттi. Ауыр халге ұшыраған отаршылдар ендi Перудiң байлығын ойлаудан қалды. Армандары – тек аман-есен елге жету-тiн. Мiне, сол сағына, сарыла күткен күн де туды. Құтқаруға келген кеменi көргенде, олар өмiрге қайта келгендей қуанды.

Ұзаққа созылған азапты күндерден соң осындай бiр қуанышты сәтте мынадай оқиға орын алады. Алға қойған мақсатқа, оған жетуге деген сенiмге ешқандай күштiң кедергi бола алмайтындығын дәлелдегендей едi. Франсиско Писарро қанжарын қынабынан суырып алып, құмның бетiн шығыстан батысқа қарай сызып жiбердi де:

– Достар, бауырлар! Сызықтың арғы жағында сендердi аштық пен азап, тiптi қиыншылықтың барлық түрi, өлiм де күтiп тұр, – дедi оңтүстiктi көрсетiп. – Мұнда бiздер үшiн жұмбақ болған Перу өзiнiң бар байлығын айқара ашып жатыр. Ал Панамада жеңiл, әрi рахат өмiр. Сонымен қатар жоқшылық. Ендi өздерiң шешiңдер, мен оңтүстiкке қарай барамын. Қалауларың білсін, елге қайтатындарыңа кедергі жасамаймын…

Франсиско Писарро осы сөздердi айтады да, сызықтың арғы жағына өтедi. Қолбасшыны 16 испандық қолдап, бар қиыншылықты бiрге бөлiсуге келісім береді. Мiне, осы 17 отаршыл Перуге алғаш жол ашқан ардагерлер есебiнде, испандықтардың есiнде мәңгi-бақи сақталып қалады.

Губернатордың «алып келiңдер» деп жiберген офицерлеріне Франсиско Писарро бастаған топ бағынбай, аралды паналап, Альмагро мен Луке жiберетiн әскердi күтеді. Олар кәйткенде де экспедицияны қайта жалғас­тыруға бел байлайды. Үлкен елден келгендер Писарро серіктерін керектi заттармен қамтамасыз етiп, кейін қайтады. Ерiктi «Робинзондар» кiшiгiрiм аралдардың біріне барып орна­ласа­ды. Бұл арал отаршылдарға қолайлы болды. Өйткені мұнда әр түрлi азықтық өсiмдiктер көп-ті. Жабайы қоян­дардың есебi­не жету қиын еді. Осы аралда Франсиско Писарро тағатсыздана алты ай жатса да, айтқан ойынан, алдына қойған мақсатынан қайтпады. Панамада Альмагро мен Луке губернатордан рұқсат алып, экспедицияны қайта жалғастыруға әрекет жасап бақты. Бiрақ үкімет басындағылардан көп әскер жасақтап, инктер елiн жаулап алуға қолдау болмады. Араға біраз уақыт салып, әрең дегенде Альмагро мен Луке жат жерде қалған Писар­роны алып қайту жөнiндегi рұқсатқа қол жеткiзедi. Не әскермен, не қару-жарақпен қаруланбаған кiшiгiрiм кеме аралда жатқан отаршылдарды алып келуге аттанады. Оларды Франсиско Писарро аса сабырлықпен күтіп алып, елге қайту туралы бұйрықты тыңдайды. Одан соң кеменi күшпен өз ырқына көндіріп, оңтүстiкке қарай жорыққа аттанады. Бұл әрекет атақты теңізшінің алған мақсатына деген құштар­лығын тағы да дәлелдейдi.

Саяхатшылар Перу жағалауына келiп, бiрнеше қала мен елдi-мекендердi аралап көредi. Халықтың кедей тұрғанымен ондағы байлықтың молдығына көз жеткізеді. Бірін алдап, келесісін арбап, не күшпен қорқытып жинаған әшекейлеріне көңілі толады. Осы байлықпен елге оралса, жоғары мәртебеге ие болатынына әбден көзі жетеді. Халықтан тоналған алтын, күмiс, баға жетпес әшекейлер, ламаның жүнiн, сонымен қатар Европаға таңсық тiрi ламаның өзін кеме толғанша тиеп алады.

Испания өз ұлдарын оң қабақ танытып қарсы алған жоқ. Себебi, Писарроның мойнында төленбей қалған қарызы бар еді. Байлыққа белшесiнен батқан отаршыл үшiн осы бір қолайсыз оқиға кедергi болмады. Писарроны император Карлдың өзі қабылдап, алған сый-құрметіне ризашылығын жасырмай айтты. Бұрын жасалған қылмыс, төленбеген қарыз  ұмытылды. Жұмбақ ел – Перу жайлы қызықты әңгiмелер бар ынтамен тыңдалды. Сөйтіп, Франсиско Писарро Испанияның жаңа отары – Перудiң императоры болып тағайындалды. Ал, оның серiктерi Луке мен Альмагро да атақсыз қалған жоқ.

Писарро ендi Панамаға жақсы қаруланған әскермен келдi. Олардың iшiнде  үш iнiсi – Гонсало, Хуан және Эрнандо да бар едi. 1531 жылдың қаңтарында бiрнеше кеме оңтүстiкке қарай сапар шектi. Бұл Перудi түпкiлiктi жаулап алу үшiн бара жатқан үшiншi  экспедиция-тын.

Латын Америкасын ең алдымен 1492 жылы Хрис­тофор Колумб ашты. Ол жаңа елдiң бейтаныс жерi – Багам аралдарына, Кубаға және Эспаньолуге (Гаити) барды. Жарты ғасырдан соң Орталық Америка мен Мексика, Оңтүстiк Америка материгiнiң солтүстiк жағалауы, Анд тауының етегi, Кариб теңiзiнен Чили ормандарына дейiнгi жер Испанияның қол астына өтті. Әсiресе, Мексика мен инктер отаны – Перуде шексiз алтын мен күмiс қорлары ашылды. 1535-1660 жылдың аралығында Испанияға баға жетпес металл жөнелтiлдi.

Нөмірі бірінші отаршы

Франсиско Писарро жасы елуден енді ғана асқан әскери қызметкер-тін. Оның анау айтқандай білімі де жоқ. Бірақ өз мақсатына жету жолында ештеңеден тайынбайтын, қайсар мінезді жан еді. Оған себеп, жоқшылық тауқыметін әбден тартқандық болса керек.

Ол Кускеге келмес бұрын инктердің көсемі жайлы көп естіді. Оның ер жүректігін де, өз халқына деген шексіз мейірімділігін де білді. Бірақ дәл сол жылдары ағайынды инктер  үкімет билігіне таласып, бірін-бірі өлтіріп, таққа таласып жатқан кез-тін. Инк әміршісінің осындай осал тұсын байқаған Писарро 170 жауынгерімен Куско қаласының орталық алаңы маңына жасырынады. Жоғарғы әмірші инк қарамағындағы 6000 әскерімен алаңға келіп, құдайға құлшылық жасамақ болады. Дін басшысы да дұға оқып, қолындағы қасиетті кітапты Әміршіге береді. Әліпті таяқ деп білмейтін инктердің көсемі құран кітапты лақытырып жібереді. Алаңға жиналған халық та, әскерлер де Әміршінің бұл қылығына аң-таң қалады. Осы бір оңтайлы сәтті пайдаланған Писарро жауынгерлеріне мүшкеттерінен оқ жаудыруға бұйрық етеді. Инктердің көсемі өзінің жауынгерлеріне «соғысқа кірісіңдер», – деп те әмір етпейді. Өйткені, инк қолбасшысы басқа планетадан бір жойқын күштің келетінін, олардан бәрібір жеңілетіні жайлы қауесет әңгімелерді, жұлдыз жорамалдарды көп еститін. Испан отаршыларына ешқандай қарсылық көрсетпеуі сондықтан-тын. Үндістердің мұндай жайбарақаттығын Писарро да, оның жауынгерлері де түсінбей қалады.

Бар-жоғы екі сағаттың ішінде жақсы жасақталған әскерлер үндістерді жайратып салады, көсемдерін қолға түсіреді. Осы шайқаста Писарро жеңіл жарақат алады.

Франсиско Писарро енді айлаға көшеді. Егер инктердің көсемі өз жауынгерлеріне хабар берсе, онда елдің түкпір-түкпірінен дайын тұрған 80000 қол испандардың күл-талқанын шығаратын еді. Бірақ оқиға басқаша өрбіді. Отаршылар инк көсеміне «Ат басындай алтын берсең, босатамыз», – дейді. Оған алданған тұтқын олардың тілегін орындайды. Сөйтіп, талаптың мөлшері күн сайын көбейе береді, көбейе береді. Ақыры бағалы заттарды ені 2х5, биіктігі 7 метрлік бөлмеге толтыруға әмір етеді. Империяның түкпір-түкпірінен ламаға артылған алтын-күміс заттар Кускоға қарай ағылады. Ең соңында Жоғарғы инк әміршісінің тәжі де алынады. Бөлменің іші бағалы заттарға оңайлықпен тола қоймайды. Өйткені, испан отаршылдары түнде сол бұйымдардың бір бөлігін ұрлап, тығып жүреді.

 

Империяның алтындары жайлы аңыз әңгімелер өте көп. Солардың бірі, испан отаршылдары елге баса көктеп кірген кезде Жоғарғы әмірші мыңдаған адамға барлық бағалы бұйымдарды, көсемдердің алтыннан жасалған мүсіндері мен тәжісін, тағы да басқа алтын қазналарды тықтырып үлгерген деген аңыз бар. Олардың барлығы Эльдорадо («Алтын адам» дегенді білдіреді ) қалашығына жасырылған мыс. Кейбір деректерде әскери кемелермен Ватиканға жеткізілген делінген. Осы бір байлықтардың тоналуына фашистік Германияның да қатысы бар деген деректер жетерлік. Өйткені, 1939 жылы Гитлердің арнайы тапсырмасымен Перуге бірнеше рет экспедиция ұйымдастырылыпты. Екінші дүниежүзілік соғысқа жұмсалған қаржының көзі осында деген де болжамдар баршылық. Бұлардың бәрі әлі күнге дейін болжам ғана. Халық аузында жиі айтылатын Жоғарғы әміршінің он үш байлаудан тұратын жіп түйінінің құпиясы әлі күнге дейін ашылмай келеді.

Инктердің баға жетпес алтындарының сырын өзімен бірге алып кеткен инк көсемі ақыры сотталып, мыңдаған үндістердің көзінше тірідей өртеледі.

Империя көсемсіз қалады…

Империя осылайша құлады…

Христофор Колумб

Атлант мұхитының жағалауында тұм­сығы тасқа соғылып, қаусап тұрған  кемелерден көз алмай бiр жас жiгiт тұрды. Бұл кемелер жаңа жер іздеген саяхатшылардың көліктері еді.

Бұл теңiзшiнiң Христофор Колумб екенiн, оның қате­лесiп, Американы ашатынын, сөйтiп адамзаттың жүрегiн­де ұлы саяхатшы болып қалатынын сол кезде ешкiм бiлген жоқ.

Ол жас та болса, асау толқындардың кемелердi жаңғақша шаққанын, бала акулалар­дың мың бұрала билегенін, ержүрек деген теңiзшiлердiң додаға түскенін өз көзiмен көрдi. Қаны жүрегiне тепкiлеп, дәрменсiз халде қалғанына, толқын құшағында жанталасқан адамдарға қол ұшын бере алмағанына өзiн өзі талай кінәлап еді. Бірақ табиғат тосын мінез көрсетпесе, табиғат па!

Христофор Колумбтың ендiгi сапарлары Португалияның отар елдерi – Африка құрлығымен тікелей байланысты болды. Бiрнеше жыл Медейра аралында өмiр сүрдi. Бiрақ Христофор Колумбтың жүрегi әлi де алыс сапарларға алып ұшып тұрды. Ол көп оқыды, iздендi. Оны, әсiресе, мұхиттың арғы жағындағы елдер – Азия, Жапония мен Үндiстандағы алтынға оранған зәулiм сарайлар толғандырды. Христофор Жердiң шар iспеттес екенiн сездi. «Демек, Жапония алыс емес, шамамен Азор аралдарының маңында» деп ойлады. Сөйтiп, сауда-саттыққа қолайлы Индияға баратын төте жол iздедi.

Ол өзiнiң ойын 1484 жылы Португалияның королiне айтты. Бұл ұсыныс жоғары әмiршiге, оның кеңесшiлеріне де қол жетпес арман сияқты көрiндi. Шындығында мұндай саяхатқа кеме жасақтауға елдің мүмкiндiгi жоқ та едi. Өйткенi, Мароккода маврлармен соғыс жүрiп жатты. Африкаға бiрiнен соң бiрi аттанып жатқан экспедициялар Португалияны әбден қалжыратып жiбердi.

Ендi не iстеу керек? Христофор Колумб көп ойланбай келер жылы Испанияға қашып барып, өз жобасын сонда тапсырады. Бұл елде де оны ешкiм қолда­ған жоқ. Әбден сарсаңға түскен саяхатшы ендi Англия­ға, одан соң Португалияға қайта ұсынады. Сөйтiп жүрген­де арада бiраз жыл өтеді. Ақыры арманы орындалып, Испа­ниядан «Санта-Мария», «Пинта» және «Нинья» кемелерiн алатын болады. Асқан қиыншылықпен экспеди­цияны жасақтап, 1492 жылдың үшiншi тамызында Испанияның Палос қаласынан батысқа – Индияға баратын төте жолды iздеп, сапарға шығады.

Атлант мұхитында жүзген бiр жарым ай уақыт экспедиция мүшелерiн жалықтырып, қажытып жібереді. Бiрақ көңiлге демеу, алданыш – ауа-райы өте қолайлы болады. Қыркүйектiң екiншi жартысында теңiзшiлер батысқа қарай ұшып бара жатқан құстарды байқағанда, олардың көздеріне жас келедi. «Жерге жеткен шығармыз» деген ой саяхатшылардың көңілдеріне қуаныш ұялатады. Арада бірнеше күн өтсе де, жақын арада көзге ештеңе шалынбайды. Христофор Колумб вахта журналына серiктестерi  үрейленбесiн деп жолды қысқартып жаза бастайды.

Күз маусымы ортадан ауғанда, таң қылаң бере кезекшінің «Жер!» деген қуаныш­ты хабары естiледi. Кемелер желкендерiн түсiрiп, пальма ағаш­тарына көмкерiлген аралға жақындайды. Жаға­лауда қыз­ғыш-қоңыр өңдi, ұзын бойлы, сұлуша келген жалаңаш адамдар көрiнеді. Бала-шаға қуаныштарын жасыра алмай жүгіріп жүрсе, ал үлкендер жағы аң-таң күйде болады. Атақты саяхатшы әсем киiнiп, қолына жалау ұстап, салтанатты жағдайда жаңа елдiң топырағына аяқ басады.

Бұл Багам аралдарының бiрi едi. Жергiлiктi мекеннiң Гуанахани деп аталатынына қарамастан, Колумб оны Сан-Сальвадор деп атап кетедi. Мiне, жаңа құрлық – Америка осылай ашылған болатын.

Христофор Колумб өмiрiнiң соңына дейiн жаңа құрлық ашқанына сенбей өттi. Ол Индияға баратын жолдағы елдi мекенге кездестiк деп ойлады. Жергiлiктi халықты үндiстер деп атады.

Колумб ендi басқа аралдарға бара бастады. Оған бұл жердiң әсем табиғаты, халқының ақ жарқын көңiлi қатты ұнады. Жергiлiктi тұрғындар жылтырақ заттар мен маталар үшiн алтынды аямай айырбастады.

Саяхатшылар қазан айының соңғы күндерiнiң бiрiн­де Кубаға келедi. Бұл елдiң адамдары Багам аралдарын­дағы­лардан әлдеқайда мәдениеттi көрінді. Колумбты сәнді  ескерткiштер мен зәулiм үйлер таң қалдырды. Колумб: «Өмір бойы армандаған алтын сарайларды тамашалайтын күн де жақын» деген ойға келді. Бұл жерде мақта, темекi, жүгерi мен картоп өнімдері өсiп тұрды. Оны көрген саяхатшылар жұмбақ әлемге кенелгендей күй кешеді. Араға жылдар салып, осы өсiмдiктер жер шарының көптеген еліне тарап кетедi. Көп ұзамай Христофор Колумб бастаған жиһанкездер желтоқсан айында Гаити аралдарын ашады. Бұл жерге порт салып, қырық адамды сонда қалдырады да, екi кемемен қаңтар айының ортасында Еуропаға аттанады. («Санта-Мария» кемесi жол-жөнекей апатқа ұшыраған болатын).

Елге оралар жолда қатты жел тұрып, кемелер бiр-бiрiнен ажырап қалды. Экспедиция мүшелерi жол азабынан әбден шаршап-шалдығып, 1493 жылдың ақпанында Лиссабонға, одан соң жиырма шақты күннен кейiн Палос портына әрең дегенде жетедi. Саяхатшыны Испания алақанына салып, аса құрметпен қарсы алады. Мiне, Колумбтың Америка құрлығына бiрiншi саяхаты осылай аяқталады.

Саяхатшылардың олжалы қайтқаны жоғары бағала­нып, тез арада екiншi экспедиция жасақталады. Қыр­күйек айының аяғында Христофор Колумб екiншi саяхатқа он жетi кемемен, бiр жарым мыңға жуық адаммен жолға шығады. Бұл жолы оларды жауынгер үндiстер қарсы алады. Испандықтар мен жергiлiк­тi халықтың арасында кескiлескен шайқас басталады…

Христофор Колумб көп ұзамай Пуэрто-Риконы аша­ды. Одан соң өзi алғаш түскен жерiне, порт салып, бекiнiс жасап, қырықшақты испандықты қалдырып кеткен жерге келедi. Уақыт, әрине, түн едi. Ол келгендiгiн бiлдiріп, зеңбiректен оқ атады. Үнсiздiк. Ал, таңер­тең өзiнiң сенiп тастап кеткен жауынгерлерiнiң қатыгездiк көрсетiп, үндiстердi қырып-жойғанын естидi. Әбден ызаланған жергiлiктi тұрғындар испандықтарды бекiнiстерiмен қоса өртеп жiбередi. Жұмбағы мол, арман болған Америка атақты саяхатшыны  осылай қарсы алады.

Испандардың бұл сапары Кубаның кейбiр аралда­ры мен Ямайканы ашқандығы  ғана. Олар ой­лаған мөлшердегідей алтын тастарға кенелмейді. Қайда барса да жергiлiктi үндiстер жолдарын кескілеумен болады. Бас көтерген үндiс тайпалары аяусыз жазаланды. Қолға түскен­дерi Испанияға құлдыққа жiберiліп, ауыр жұмыс­тарға салынды. Отаршыларды алда ең қауiптi тажал – жұқпалы аурулар күтіп тұрды. 1496 жылдың оныншы нау­рызында Христофор Колумб амалсыздан кейiн қайтады.

Бұл жолы Испания атақты перзентін салқынқанды қарсы алады. Оның есiмiне небiр ауыр сөздер айтылып, барлық дәулетінен, атақ-даңқынан айырады. Ол ақталу үшiн қаншама табалдырықтарды тоздырады. Жалынып-жалбарынудан соң оған экспедицияға шығуға әрең дегенде рұқсат берiледi. Араға екi жыл салып, ол Америкаға үшiншi рет алты кемемен аттанады.

Жаңа құрлықта қалған испандардың жағдайы онша жақсы емес-тi. Өйткенi, олар ең алдымен бiр-бi­рiмен олжаларын бөлiсе алмай араздасып, қыр­қысып жатты. Оған қоса, жергiлiктi үндiстермен қақтығыстар күн сайын жаңа сипат алды. Отаршылардың қатыгездігі шектен шығып та кеткен еді.

Испаниядан жеткен жайсыз хабар Христофор Колумбты қатты састырды. Экспедицияны басқаруға Бобадильд жiберілiп, Христофор тұтқынға алынды. Көп ұзамай iнiлерiмен елге қайтарылды. Атақты саяхатшының мұндай халге душар болғанын естiген халық үкiметке өз наразылығын бiлдiрiп, оларды еркіндікке жіберуді талап еттi. Адамдардың жанайқайынан сескенген король Колумбты абақтыдан босатады. Бұл кезде жаңадан жасақталған кемелер легі Америкаға аттанып жатты. Бір өкiнiштiсi, олардың арасында құрлықты ашқан ұлы саяхатшы жоқ еді.

Арада жылдар өттi. Атақты теңізші Күн балалары мекен еткен жағалауларды  аңсаумен болды. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды. Бар арманы жаңа құрлықты тағы бір көру.

Үмiт оты қайта жанды. 1502 жылы аз ғана кемемен саяхатқа шығуға мүмкiндiк туды. Колумбтың сондағы қуанышын айтсаңшы! Мiне, Оңтүстiк Американың, жо-жоқ «Үндістанның» пальмаға көмкерiлген жағалауы көрiндi. Бұл жолы Гондурастан Панамаға дейiн жүздi. Саяхатшының өмiрiндегi ең соңғы, сонымен бiрге ең ауыр сапары едi. Ол екi жылдан кейiн Испанияға қайтып оралды.

Христофор Колумбтың Америкасыз өткен өмiрiнiң соңғы кезеңі қиыншылыққа толы-тын. Жоқшылыққа науқас қосылды. Король қаншама уәде берсе де, оның тұрмыс-жағдайын жақсартуға мүмкiндiк жасамады. Жүрекке демеу болғаны, ауланың бар баласы жиналып, оның жауын­гер халық – үндiстер жайлы ғажайып әңгімелерін тыңдаумен болды. Ол 1506 жылдың мамыр айының шуақты күндерiнде, елу бес жасқа қараған шағында дүниеден өттi.

Христофор Колумб… Ол – өз заманының озық ойлы, ержүрек, данышпан саяхатшысы еді. Оның бар арманы Үндістанға баратын төте жол, немесе Канар аралдары сияқты жарты жолда аялдайтын жер iздеу болды. Өйткенi, Африка жағалауын португалдар ерте жаулап алып, испандардың жолын кескiлеумен, Үндістанға жiбер­мей бақты.

Американы Христофор Колумб бірінші ашса да, Америго Веспуччидің есімімен неліктен аталған. Оның ең басты себебі, Колумб жаңа жерді құрлық деп есептемеген. Тек Үндістанның бір бөлігін таптым деп дәлелдеген. Бұл жаңалық Еуропаға тез тарап кетеді. Америго Португалия корольдігінің қамқорлығымен жақсы жабдықталып, қазіргі Бразилия маңына тұмсық тірейді. Ол жүрген жерлерін картаға түсіріп, көрген-білгендерін жазумен болады. Бұл жердің жаңа құрлық екенін дәлелдейді. Себебі, Испания мен Американың арасын мұхит бөліп жатыр еді. Елге келген соң, жиған-тергенін бес жүз дана етіп, басып шығарады. Кітапқа Америго Веспуччи деп қол қояды. Міне, содан бері жаңа құрлық Америка болып аталып кетеді.

Христофор Колумб өмiрiнiң соңғы сәтiне дейiн жерлестерiн «Үндістанның бiр бөлiгiн аштым» деп сендiрумен келдi. Ол өз ойынан өле-өлгенше қайтпады. Америкаға төрт рет экспедиция ұйымдастырып, үлкен байлыққа кенеле алмайды. Соңғы саяхатынан кейін екі жылдай ұзақ ауырып, жоқшылықта, 1506 жылдың мамыр айының шуақты күндерінің бірінде, елу бес жасқа қараған шағында дүниеден өтеді. Атақты теңізшінің ұлы Фернандо 13 жасынан бастап, әкесінің қасында жүріп, төрт саяхатына да қатысады. Үлкен тәжірибе жинап, Христофор Колумбтың еңбектерін, ашқан жаңалықтарын кеңінен насихаттаумен болады. Ол 1539 жылы өмірден өткенде артында жинаған үлкен кітапханасы қалады.

Американың үш жүз жылдығы тойлаған кезінде Христофор Колумбтың есімі қайта аталып, оның жаңа құрлықты ашқан бірінші саяхатшы екені заңды түрде мойындалды.

Христофор Колумб – Испанияның ғана емес, бүкіл адамзаттың ұлы саяхатшысы.

Үндістер мерекесі

Куско қаласымен қоштасар күн келді. Бiзге арнап ұлттық ансамблi өнер көрсетіп жүрді. Олар өздерiн инктердiң ұрпағымыз деп мақтаныш сезiммен таныстырды. Жiгiттер ұлттық әндерiн орындады, би биледi. Қамыстан жасалған сыбызғы сияқты аспапта, кәдiмгi мандолина мен гитарада орындалған әуендерi еркiндiктi аңсаған халық­тың арман-мұңын, болашаққа деген үмiтiн жеткiзгендей еді. Түрлi әшекейлермен, ою-өрнек­термен безендiрiлген ұлттық киiмдерi өздерiне жара­сып-ақ тұрды.

Бiз оларға қазақи ою-өрнекпен безендiрiлген сыйлықтар тапсырдық. Ансамбль жетекшiсi рақмет айтып, осы бір достық кездесудi жүректерiнде мәңгі сақтайтындарын бiлдiрдi. Кеңес елiне деген шынайы сүйiспеншiлiгiн, шексiз махаббатын жеткiздi.

Куско сол күндерi үлкен мерекеге дайындалып жатты. 24 маусым – инктер астанасының құрылған күнi, немесе Күн мерекесi екен. Салтанат үш күнге созылады. Осы бiр қуаныш­ты сәттерде әрбiр кусколық өзiнiң ұлттық киiмiн киiп, көшеге шығады. Қала ән құшағына бөленедi. Орталық шiркеудегi алтынмен әшекейленген, баға жетпес шеберлiк­пен жасалған  құдайлардың ескерт­кiштерi сыртқа шығарылып, оған құлшылық етiледi. Халықтың сана сезімінде сол күні күнәден арылып, анадан жаңа туған сәбидей тазарасың деген сенім бар. Бір өкініштісі, кейiн естiдiк, сұғанақ қолды ұрылар осы ескерткіштерді ұрлап кетiп, соңы үлкен айқайға ұласыпты.

Жергiлiктi тұрғындардың қос мерекесi бар. Бiрi – үндiстердiкi, екiншiсi – испандардікi. Елге баса-көктеп келген отаршылдар жергiлiктi халыққа тек өздерiнiң ғана мерекесiн тойлатпақшы болады. Үндістердің атап өтуіне тыйым салады. Халықтың арасында наразылық туып, арты қақтығысқа ұласады. Бертiн келе, екі халықтың мерекесі қатар тойлана бастады.

Куско қаласы теңiз деңгейiнен үш мың метрдей биік орналасқан. Айналасы түгелдей тау жоталарымен қоршалған. Онда үш жүз мыңнан астам халық тұрады.

Куско – екi халықтың екi түрлi мәдениетiн бiрдей ұстап тұрған қала. Оған шiркеулер мен сарай­лардың көптiгi айқын дәлел. Бiр айта кетерi, сол мәдени және діни ошақтардың iшiне кiрсең шыққысыз. Үндiстердiң өмiр тарихын, өсу жолдарын бейнелейтiн суреттер, алтыннан не күмiстен жасалған баға жетпес заттар. Fалымдардың айтуына қарағанда, испан отаршылдары Кускоға баса-көктеп кiргенге дейiн елдiң өсу тарихын бейнелейтiн жарты миллиондай сурет болған деседі. Олардың көпшiлiгi құдайлар мен үкiмет басы адам­дарының суреттерi едi. Сол баға жетпес туындылардың санаулысы ғана бүгінге жеткен.

Куско қаласында бүгінгi үлгiмен салынған зәулiм үйлердi аз кездестiресің. Байыптап қарасаң, кейбiр құрылыстар­дың бiрiншi қабаты тастан қаланған. Бұл – инктердiң қолтаңбасы. Ал екiншi, не үшiншi қабаты қыштан не ағаштан салынған. Бұл – испандардікi.

Жергiлiктi тұрғындардың айтуына қарағанда, мәңгi жаз елiнде 20-30 жылда бiр-ақ рет қар жауады екен. Оның «өмірі» небәрі екі-үш күндік. Үндіс балалары ақ қала жасап та үлгермейді.

Перу жерінің алпыс бес пайызын жунгли құрайды. Ондағы мекен еткен тайпалар 97 тілде, 170 диалектіде сөйлейді. Кей жағдайда қатар тұрып жатқан көршілер бір-бірінің сөзіне түсіндей әлекке түседі. Олар сол кезде барлығына ортақ кечуа тілінде әңгімелеседі.

Саксауаман қамалы

Куско қаласы жан-жағынан жауға тосқауыл беретiн бекіністермен қоршалған. Бiз солардың бiреуiне бардық. Ол – қаланың сол жағына, тау басына орналас­қан атақты Саксауаман қорғаны. Қамал осыдан бес жүз жыл бұрынғыдай сақталған. Онда қазба, қайта жөндеу жұмыстары қызу жүрiп жатыр екен. Бекiнiс испан отаршыларымен болған  соғыста үлкен роль атқарыпты. Инктердiң әскерi осы жерден отаршыларға қарсы соққы берген. Қамалдан қарша бораған жебелер, лақ­тырылған  тастар испандықтарды бiр адым да жақындат­пады. Бiрақ негiзгi ойы iске аспаған отаршылдар ендi айлаға көшедi. Франсиско Писарроның iнiсi Хуан өз әскер­лерiмен түн iшiнде, инктер тәттi ұйқыда жатқанда қамалдың сырт жағынан айналып өтiп, тұтқиылдан шабуыл жасайды. Мұны кеш сезген инк әскерлерi дереу қаруларын қолдарына алады. Айқас басталып кетедi. Осы шайқаста Хуан Писарро жарақаттанады. Бiрақ оның әскерi қамалдың екiншi бекiнiсiн алып та үлгереді.

Ендi Саксауаман қамалының ең соңғы үшiншi бекiнiсi қалады. Инктер қайсарлықпен қарсылық көр­сетедi. Бұл соғысты батыл да өжет жас қолбасшысы басқарады. Ол ұрыстың ең қызған жерiнде жүрiп, жауынгерлерiн жiгерлендiрумен болады. Өзi де адам таңқаларлықтай ерлiк көрсетедi. Жас инктiң бұл iсiне сүйсiнген испан офицерлерi оны жарақат­тамай, тiрiдей қолға түсiруге әмiр етедi. Оның қасына ешкiм жақындай алмайды. Жау жас жiгiттi жан-жақтан анталай қоршайды. Сол сәтте ол: «Қолға түскеннен өлген артық», – деген шешiмге келедi де, жоғарыдан төмен қарай секiредi. Туған жерiн құшақтай, жүрегi тоқтаса да семсерiн босатпай жас қолбасшы жатты. Ол дұшпанына әлi де айбатты едi…

Саксауаман қамалы құпияға толы. Оның кейбiр тастарының салмағы жүз тоннаға дейiн жетеді. Сол тастарды қалайша тасымалдап, араларынан қыл өтпейтiндей етiп қиюластырғаны кiмдi де болса қызықтырмай қоймайды. Бұл алып құрылысты салу 80 жылға (1440-1520 жылдары) созылыпты. Оның күнделiктi жұмысына жиырма мыңдай адам еңбек етiптi. Бекiнiстiң ең бiр кереметi, әскери тұрғыдан алғанда мiнсiз салынған. Бiрде-бiр олқы жерiн таба алмайсың.

Мiне, инктер отаны – Куско қаласы осылайша жан-жағынан мықты қамалмен қоршалып, сенiмдi хабаршы­лармен байланысып тұрған. Сол кездің өзінде империяны жан-жағынан байланыстырып тұратын 40 мың шақырымдық жол болған деседі. Олардың кей тармақтары қиын тау жоталары арқылы өткен.

Саксауаман қамалынан жақындау жерде инктердiң атақты моншасы бар екен. Бұл жерге таңертең, не кешке – күн сәулесi еңкейген кезде келiп, шомылған. Оның себебi – Күн-құдайдың көзiне түспеу. Сондай-ақ, қамалға жақындау жерде жер асты шiркеуi орналасыпты. Жан-жағы табиғи үлкен таспен көмкерілген. Тепкiшекпен жоғары көтерілсең, инктердiң сол кездердегi Күн-құдайға сыйынып, тасаттыққа шалынған ламалардың, жас қыздардың ыстық қаны аққан ойық арықшаларды көресiң. Қаншама жылдар, нөсерлі жауындар мен аптап ыстықтар өтсе де, сол қалпында сақталған. Басқаларды қайдам, менің жүрегім шымырлап кетті. Өйтені біздің бұл халықпен тағдырымыз да, көрген тіршілік тауқыметіміз де ұқсас еді. Шалғайда, біріміз Америкада, екіншіміз Азияда тұрсақ та іштей жақын тарттық. Бұл шындығында кездейсоқтық емес-ті. Бәріміз түрік тектес халықтың ұрпағы едік. Ол жағына кейіндеу тоқталамыз…

Бiз үңгiрдiң тар дәлiзiмен төмен түсіп, үлкен бөлмеге кірдік. Ішi тас қараңғы. Сыбырлап сөйлессең де дыбысы құлағыңды жарады. Жергiлiктi тұрғындардың арасында осы шiркеу жайында мынадай бiр аңыз бар:

«Дон Карлос – инктер империясының  ең соңғы ұрпағы. Ол өте қарапайым өмiр сүрiптi. Әйелi Донья Мария күйеуiн кедей тұратындықтан мен­­­сiн­бей: «Алданып, кедей үндiске тұрмысқа шығыппын», – деп, кемсiтумен болады. Бiрде Дон Карлос ашуланып: «Сен менiң бай, әлде кедей екенiмдi бiлгiң келе ме? Менiң дәулетімдей байлық әлемдегi бiрде бiр патшада жоқ», – деп қатты ренжiген екен. Содан кейiн әйелiнiң көзiн байлап, орнында бiрнеше рет айналдырып, белгісіз жерге алып келiптi. Шамамен екi жүз адымдай жүрген соң тепкiшектермен төмен түсiптi. Донья Мария көзiн ашқанда, зәулiм бөлменiң iшiнде тұрғанын аңғарады. Қабырғада Перудi басқарған барлық инк әміршілерінің ескерткiштерiн көредi. Олар таза алтыннан құйылған. Ал айналаның барлығы алтын, қымбат бұйымдар еді. Дон Карлос әйелiнiң көзiн байлап, құпия жолдармен қайта жоғары алып шығады. Донья Мария одан соң жұмған аузын ашпапты».

Перуде мұндай аңыздар өте көп. Бiрақ сол байлықтар қанша іздестірілгенмен әлi күнге дейiн табылмапты.

Отаршылар қолына түскен бар байлықты Испанияға тасумен болған. Бiр ғана мысал: Кускодағы Ай құдайға орнатылған он метрлiк алтын дискіні Мадридке әкелiнiп, балқытқанда, одан 920 келi таза алтын алынған екен.

Латын Америкасына анталай тұмсық тіреген испан отаршылдары Боливиядағы атақты күмiс тау – Потоси жайлы естидi. Алғашқыда 170 испандық үш мың үндiстi алып келiп, күмiс таудың бөктерiне үй салдыра бастайды. Олар он сегiз айдың iшiнде он төрт мың адам тұратын екi жарым мың үй салады. Ширек ғасырдан соң бұл қаладағы адамдардың саны жүз жиырма мыңға жетедi.

Испан отаршылары кездескен қиыншылықтарға қарамастан, ХVI ғасырдың екiншi жартысында мұхиттың арғы бетiндегi өз елдерiне 7175223 келi күмiс жiбередi. Бұл тек қана Потоси тауынан алынған күмiстер. Ұзыннан-ұзақ созылып жатқан Оңтүстiк Американың басқа жерiнен қолды болған алтын-күмiстердiң санына жету мүмкiн емес-тi.

Мачу Пикчу – жұмбақ қала

Ендiгi бағытымыз – атақты Мачу Пикчу. Атын қанша естіп, жүздесуге асықсақ та, сәті енді ғана түспек. Бұл қалашық Кус­кодан таулы жоталармен төрт-бес сағаттық жол. Мачу Пикчуге поезд арқылы ғана баруға болады. Биiк шың басына орналасқан бекiнiске шығу оңай еместігі ескеріліп, бiздердi ертеңгi жолға ғарышкерлерше дайын­дады. Авокадо жемiсiнен жасалынған тағамдар бердi. Жергiлiктi тұрғындардың айтуына қарағанда, бұл жемiсте витаминнiң көптеген түрi бар. Жолсерігіміз бiзге: «Тек авокадо жеп, жыл бойына басқа тамақ iшпей жүре беруге болады», – деп әзiлдеп қойды.

Бұл жемістің нәрлілігін салыстырар болсақ, құнарлылығы 100 грамға шаққанда 190 ккалория, майлылығы 22,2. Құрамындағы қанттың мөлшері жоқтың қасы – 1,8. Нағыз ғарышкерлерге беретін жеміс.

Таңертең темiр жол станцасына кел­генiмiзде қала халқының көпшiлiгi ұйқыда едi. Тек саудагерлер жүктерiн арқалап, базарға асығып бара жатты. (Перу мен Эквадордағы  сауда көзінің өзiндiк ерекшелiгi бар. Бiр қалада жүннен тоқылған киiмдер сатылса, екiншiсiнде тек ағаш бұйымдар, келесі елді-мекенде терiден жасалған т.с.с. заттарды әзірлейді).

Жас достар бiздi көрiсiмен алдымыздан жүгiрiп шығып, шуласа бастады.

– Сеньор, темекi алыңызшы!

– Сеньор, газет оқыңыз!

Олар осы сөздердi қайталаудан жалықпады. Поезд орнынан жайлап қозғалды. Әлгi балалар қатарласа жүгiрiп, қолдарындағы заттарын ұсынумен әлек. Қиылып сұрағандары соншалық, жүрегiң елжiреп кетедi.

Бiздi Мачу Пикчуге алып баратын поезд асқан қиыншылықпен өрге қарай жылжыды. Сәлден соң екiншi рельске түсiп, артқа қарай жоғары жүрдi. Бiраздан кейiн алға қозғалды. Мiне, осылайша ерсiлi-қарсылы жылжумен, таудың жоғары жағына да шықтық. Енді емін-еркін жылжи беруге болады.

Алда Мачу Пикчу. Оған жеткенше бiрнеше елдi мекендерден, асау өзендерінен, тауды тесiп салынған тоннель­дерден өттiк. Менiң жол бойы iздегенiм, аттың құлағында ойнайтын, арқасында садағын, не мылты­ғын асынған ержүрек үндiстер еді. Кинодан көрген  нағыз үндiстi кездестiре алмадым. Жол-жөнекей егiн егiп, не өнiм жинап жатқан шаруалар. Не аялдамада сауда жасап жүрген ересектер, балалар. Осы бiр көңiлсiз көрініс қайталана бердi, қайталана бердi…

Бiз бiрте-бiрте әлгi балалардан алыстап, келесi стан­цадағы балаларға жақындап келе жаттық…

Жол-жөнекей ойнап жүрген бiрде-бiр жасөспiрiмдi көрген жоқпын. Олар көңiлсiз сауда жасап, не бостан-бос сеңделiп жүрдi. Бiздi көрiсiмен, аңтарылып тұрып қалады. Көздерінде айтылмаған мұң бар сияқты.

Латын Америкасында кеудеге тағатын белгiлер өте жоғары баға­ланады екен. Сондықтан болар, бiз балаларға Алматыдан әкелген сыйымызды ұсынумен болдық. Олар қуана қабыл алады. Бiраздан соң көше­нiң бар баласы жиналып «маған да, маған да» деп, аяқ бастырмай қойды.

1978 жылы Перу мұғалiмдер үкiметке өз наразы­лық­тарын бiлдiрiп, шеруге шығыпты. (Олар жала­қыны жұмысшылардан екi есе аз алады). Поли­ция оқ жаудырады. Мұғалiмдердiң арасында қаза тапқан­дар болды. Жарақаттанғандардың есебіне жету киын еді. Сол оқиғадан кейін қарапайым перулiктердiң, әсiресе, кечуа тай­па­сы үн­дiс­­терiнiң мектебi ашық аспан асты. Кәсiп­терi – сауда жасау. Ал, ауқатты бала­лардың өмi­рi мүлдем бөлек. Олар қаржы төлеп, арнайы мектеп­терде оқиды.

Мачу Пикчу қамалы тау басына орналасқан. Бұл жер – әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен ағылып келiп жат­қан туристердiң мекенi. Қамалдың бұлай аталынуы құрылыс тастарын Мачу Пикчу тауынан әкелiнгендiгiнен екен. Ол тау қол созым жерде, бірден көзге түседі.

Табиғаты керемет жер. Айналасының бәрi тау, сыңсыған ну орман. Төменде сыңғырлап өзен ағып жатыр. Мачу Пикчуге кішігірім автобустармен, тауды қашап салынған жолдар арқылы ғана шығуға болады. Жоғары көтерiлiп бара жатып, төмен қарасаң үрейің ұшады. Басың айналады.

Бұл қалашық көпке дейiн құпия болып келген. Тек 1911 жылы Калифорниядағы Иель университетiнiң профес­соры Хирам Бингам тау бөктерiнде жеке дара өмiр сүрiп жүрген шал мен кемпiрге жолығып, олардан жақын жерде керемет құрылыстың бар екенiн естидi. Бiрақ оған бара­тын жолды көпке дейiн таба алмайды. Араға бiр жыл салып, Хирам Бингам қамалға баратын жалғыз аяқ соқпақты сұрастырып табады. Бұл шындығында да керемет қалашық еді. Оның маңында текпішектеліп, жоғарыдан төмен қарай бес гектардай егiн егетiн жер, аспан әлемін бақылайтын обсерватория, тұрғын үйлер, мешiт, зират, тiптi түрме де бар болып шықты. Сол кезде салынған су құбырлары әлi күнге дейiн жұмыс iстеп тұрды. Оның бiрнеше арнасы бар. Қалашықтың ортасында су қорын сақтайтын әуез орналасқан. Кей жағдайларда бұл су құбырлары байланыс үшiн де пайдаланылған.

Хирам Бингамның атын аңызға айналдырған да осы Мачу Пикчу. Америкада, тiптi әлемдiк баспасөз беттерінде саяхатшы ашқан жаңалықты насихаттайтын суреттер, мақалалар көп жарияланды. Оның есiмiн ғасыр жаңалығын  ашқан ғалымдармен қатар қойды. Хирам Бингам жыл сайын қаржы жинап, Куско маңына орналасқан қасиеттi орындарды зерттеумен болды. Көптеген ғылыми еңбектер жазды. Түсiрген суреттерi әлемдi шарлап кетті. Ол қызмет бабындагубернатор­лыққа дейiн көтерiлдi. Сайлауда  жеңiске жетiп, сенатор атанады. Ал 1929 жылғы елдегi экономикалық тоқырау саяси қызметiне әсер етiп, 1932 жылғы сайлауда жеңiлiс табады. Сол бір сәтсіз оқиғадан соң Хирам Бингамды әйелі тастап, дос-таныстары теріс айналып кетеді. Атақты ғалым басына түскен тауқыметке мойымай, қайта жігерлене, алты баласын жалғыз тәрбиелеп, тіршілік ете береді.

Саяхатшы-этнографтың қалған өмiрi Мачу Пикчу жайлы зерттеу жұмыстарын толықтырумен, туристердi сол жерлерді көруге үгіттеумен өтедi. Ол 1956 жылы қайтыс болады.

Инктер күнге табынған. Табиғаттың дүлей күштерi – жер сiлкiну, су тасқыны, не құрғақшылыққа қарсы ақ ламаларды, кейде жас бүлдіршіндерді құрбандыққа шалып отырған. Бір айта кетері, тасаттыққа шалынатындардың дені қыздар, олардың ата-анасы перзенттерінің тасаттыққа шалынатынын алдын ала білген. Сондықтан да оларға ерекше құрмет көрсетілген. Таза киіндіріп, ең дәмді тағамдар берген. Ламаларды тасаттыққа шалу рәсімі мынандай жағдайда өткен. Бес-алты жігіт жануарды үлкен тастың үстіне жатқызып, пышақпен кеудесін осып жіберген. Жүрегін тірідей жұлып алады да, шапшыған қанға қарап, ел болашағын не күтіп тұрғанын болжаған. Тағы бiр белгiлi жағдай, инктер өлген адамдарын ананың жатырында жатқандай етiп, қол-аяғын бауырына жинатып, көмген екен. Мачу Пикчуде инктердің отбасысы, оларды күтетін қызметшілер ғана тұрған. Ал Испан отаршылдары келгенде инктер орталықта тұратын бала-шағаларын осы бекiнiске жасырған деген де сөз бар. Бұл рас мәлімет. Өйткені, қалашық көпке дейін құпия сақталған, оны белгiлi бiр ғана топтың  өкiлдерi бiлген.

Империяда соғыс ардагерлеріне, қаза тапқан немесе мүгедек болған жауынгерлерге ерекше құрмет көрсетілген. Билік те, көршiлер де қол ұшын берiп отырған. Жерiн жыртып, егiнiн жинасқан. Малдарына қарасқан.

Жоғары мәртебелi инк айына үш рет, әрбiр сегiзiншi күннен соң жәрмеңке өткізген. Алыс елдi мекендерде тұратын адамдар астанаға – Кускоға келiп, әңгiме-дүкен құрған. Сауда жасаған. Жоғары әмiршiнiң жариялаған бұйрықтарын естiп, оны iс жүзiне асырып отырған. Елдегі барлық тұрғындар империядағы оқиғаларға осылайша хабардар болған.  АҚШ ғалымдары Мачу Пикчудегi барлық құнды заттардың өздерiмен бірге алып кеткен. Қазiр қалашықтың құр қаңқасы тұр. Соған қарамастан, қазба, қалпына келтiру жұмыстары қызу жүрiп жатыр.

Қалашықтың қақ ортасында, келген қонақтарға инктер өркениетінің көзайымындай болып, үлкен тас тұр. Ол – Күн сағаты. Себебi, инктер мен үндістер осы тасқа қарап, жыл мезгiлiн, уақытты бiлген. Егiн еккен, өнiм жинаған. Күн сағатының өзіндік құпиясы бар. Оның төрт бұрышы – оңтүстiк, солтүстік, шығыс және батысқа қараған. Күн сәулесінiң тасқа түсуi арқылы көлеңкесiнен нақты мезгiлдi бiліп отырған.

Мачу Пикчуде шамамен мыңға жуық адам тұрған. Қалашықты қазу кезiнде 170-ке тарта ада­м­ның сүйегi табылған. Оның жетпiс пайызы жас қыз­дардыкi екені анықталған. Құрметпен жерленгеніне қарағанда, тасаттыққа шалынған жеткіншектер болуы әбден мүмкін.

Куско қаласы мен оның маңындағы, Мачу Пикчудегі құрылыстардың бір-бірімен ұқсастығы, салынған бекіністердің әскери шеберлігі жағынан мінсіздігі бұрыннан да белгілі еді. Өйткені, бұл ғимараттардың барлығы білікті мамандардың қолынан шыққан. Асқан іскерлікпен жасалған құрылыстан әлі талай ұрпақты таң қалдырары сөзсіз.

Мачу Пикчуге барар кезде, бiз мiнген автобустың артқы бамперіне екі баланың жармас­қанын байқағанмын. Жеткіншектердің әдеттегі тентектігі шығар деп ойлағанмын. Көлік орнынан қозғалып, ирелең жолдармен жоғары көтеріле бастады. Қою шаңның ортасынан көздерi жылтырап, анда санда көрінеді. Көрiнген сайын бiр қолын жоғары көтерiп, маған жымияды. Өздерi мәз-мейрам. Баламысың деген…

Мен олардың құлап қалмауын тiледiм. Бiрақ осы балалардың жұмыс орнына асығып бара жатқанын бiлген жоқпын. Иә, иә, олар жұмыстарына асығып бара жатты…

Желаяқ балалар

Кешке қарай инк мәдениетiнiң асқар шыңы аталған қалашықпен қимай қоштастық. Таңертеңгі ескі достарымыз аялдамада күтiп тұр екен. Оларды бірден таныдым. Автобусқа жайғастық. Балақайлар қолдарын көтердi.

– Сеньор, сау болыңыз, жерде кездескенше! – деді.

– Сау бол!

Ойымда ештеңе жоқ. Емiн-еркiн отыра бердiм.

Автобус тау басынан бұралаң жолдармен төмен қарай зымырай жөнелдi. Алыста, көз ұшында бiр сызық болып, Амазонканың алғашқы бастауы – Ульнамая өзенi ағып жатыр. Сiрiңкенiң қорабындай тiркескен поезд вагондары көрiнедi. Айналаның барлығы мүлгiген табиғат. Сұлу көріністі сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

– Сеньор!

Әлгi екі бала автбусты алғашқы бұрылыста күтiп алды. Олар тастан-тасқа секiрiп, төте жолдармен төмен түсуде. Келесi бұрылыста тағы да бiздiң қарсы алдымыздан шықты.

– Сеньор!

Қол бұлғап, шығарып салды да, төмен қарай қайта жүгiрдi. Бет-аузына су тимеген, қара бақай баланың сүрiнiп қалмауын тiледiм. Бiрақ осындай қиын соқпақтармен өзiн-өзi азаптап, өкпелерi өшкенше жүгiрiп келе жатқанын түсiнбедiм. Қасымдағы жолдастарыма көрсеттім.

Балаларды қайта көргенде, бәрiмiз қуанып кеттiк. Ол тағы да қолын бұлғады. Қою шаңның қақ ортасында бұлдырап, бiрте-бiрте алыста қалып бара жатты…

Әрбiр кусколiк өзiн «инктердiң ұрпағымын» деп мақтаныш сезiммен айтады. Қалаға келетiн жолдардың бойында бiрнеше бекiнiс бар. Кезiнде сол жерлерде кечуа тайпасының үндiстерi қырағылықпен испан отаршылдарына тосқауыл берiп отырған. Хат таситын, не жау келе жатқанын хабарлайтын желаяқтар болыпты. Олар еш жерге тоқтамастан қалаға қарай жүгiредi екен. Бес шақырымнан кейiн оны екiншiсi күтiп алып, хат-хабарды одан әрi, Кускоға жеткiзген. Хабаршылар шаршау дегендi бiлмептi. Өйткенi, бұл олардың кәсiбi екен.

Менiң есiме осы балалардың желаяқ ата-бабалары түстi. Бүкіл империяны шарлап, маңызды құжат-хабарларды жеткізген, ел тағдырын қамтамасыз еткен мыңдаған хабаршылардың еңбегін естігенде риза болдым. Ұрпақ дәстүрлерін, ата кәсіптерін әлі күнге дейін жалғастырып келе жатқандарына қуандым.

– Сеньор!

Ойым бөлiнiп кеттi. Автобустың артына қарасам, әлгi балалардың бірі оң қолымен тiзесiн басып, сол қолын жоғары көтерiп күлiп тұр. Жүгiрiп келе жатып сүрiнiп, құлап қалған болуы керек. Төменгi аялдамаға дейiн әлi бiраз бар. Олар төте жолға түсiп алып, қайта жүгiрдi. Бұтақтан-бұтаққа жарма, тастан-тасқа секiре, төмен қарай зулап келедi.

Төменгі аялдамаға ертерек жетсек екен деп тiледiм.

– Сеньор! Сен-нь-ор-р!

Бұл жолы әлгі кішкентай баланың даусы ащы шықты. Тағы да құлаған болуы керек, тiзесi қанаған. Бiрақ ет қызуымен сезбеген де болар, бiзге қарап, қолын көтерiп, күлiп тұр.

– Сеньор-р-р!

– Шыда, шыда, балақай. Сәл-ақ қалды. Ендi бiр-ақ бұрылыс, шыда.

Автобус көздi ашып-жұмғанша аялдамаға келiп тоқтады. Есiк ашылып, туристер сыртқа шыға бастады. Бiздiң алдымызда оң қолын көтерiп, ентiгiн баса алмай, әлгi екі бала тұрды. Аялдамада сеңделіп жүрген басқа балалар да жетті. Ересектері әлі жеткендерін итермелеп, есіктің алдына тұрып алған.

– Сеньор, салют!

Мен әлгі кішкентай баланы іздедім. Көнетоз көйлегi малмандай су. Маңдайынан шыққан шып-шып моншақ тердi бiлегiнiң сыртымен сүртiп қояды. Сонда да шаршағанын, жанының қиналғанын сездiргiсi келмейдi. Автобустан түскен адамдарға қарап, көздерi жаутаң қағады. Арагiдiк күлiп те қояды. Бiз желаяқ балалардың күнделiктi кәсiптерiне таң қалдық. Олардың шыдамдылығына, батылдығына риза болдық. Алматыдан алып келген әдемi ескерткiш белгiлерімізді сыйға тарттық. Мұны көрген басқа балалар да келiп, сұрап жатты. Ең соңынан жеткен кiшкентай балаға сыйлық тимей қалды. Оған өз қаламсабымды ұсындым. Ересектері тартып алмақшы болып, лап қойды. Қаламсапты бауырына қысып, ешкiмге бермей, бұлқынып жүр. Оларды ажыратып, әлгi баланың кiшкентай екенiн айттым. Түсiндi бiлем, таласқандарын тоқтатты. Бiрақ көпке дейiн айналсоқтап қасымнан шықпай қойды. Өз тiлдерiнде былдырлап, әлденелердi сөйлеп қояды. Ештеңе түсiнбегенiмдi сездiремiн. Одан соң мен де балаларға ымдап, әлденелердi айтқандай боламын. Олар ештеңе ұқпағандай бастарын шайқайды.

Осы бiр көңiлсiз сәттен соң алыс сапарға шығатын болсам, сол елдiң тiлiн үйренуге, мәдениетi мен әдет-ғұрпынан хабардар болуға өзіме серт бердiм…

Анд таулары

Перу мен Эквадор, Чили халық­тары­ достығының куәсiндей, олардың бiр-бiрiне деген ыстық ықыласын, тереңге жайылған тамырын бүкіл әлемге паш етіп, Анд таулары жатыр. Ол Альпi, Кавказ бен Гималай, Алатау мен Қаратау сияқты бiрнеше миллион жыл бұрын пайда болған. Анд тауының өсу процесi әлi күнге дейiн созылуда. Оның бiр айғағы – жер сiлкiнуі мен жанар тауларының жиі атқылауы.

Испандар Анд тауын «Кордильер» деп атаған. Бұл испан тiлiнде «жiп, арқан» дегендi бiлдiредi. Ал инктер тiлiнде Анд деген «мыс, мыс тауы» деген сөз. Шындығында да, бұл таудың қойнауы пайдалы қазба байлықтарға толы.

Биiк тау тiзбектерiнiң арасында көптеген үстiрттер мен ойпаттар бар. Олардың iшiндегi ең оқшауы – Боливия тау қыраты. Ол теңiз деңгейiнен 3500-4000 метр биiктiкте.

Боливия тауларында әлемдегi ең биiк көл – Титикака орналасқан. Оның тереңдiгi 304 метр. Суы сәл қышқылтым. Бiрақ тұшшы көл болып есептеледі, iшуге жарамды. Көлдiң аумағы 8300 шаршы шақырымнан астам. Титикака көлiне бiрнеше өзен құяды. Солардың iшiнен жалғыз-ақ өзен Десагуадеро ағып шығады да, ол тұзды көл Поопоға келіп тіреледі. Өзен жол-жөнекей тұзды тастарды тiлiп, шайып өтедi. Төменгi ағыстың ащы болатын себебi сондықтан.

Инктер тiлiнде «Титикака» деген сөз «қорғасын құз» деген ұғымды бiлдiредi. Үндiстер ең алдымен көлдiң оңтүстiгiн, одан соң барлық аймағын осылай атап кеткен. Титикака көлiн iшкi теңiз десе де болады.

Аспан ашық болған күнгi көлдiң бетi кiмдi де болса таңқалдырмай қоймайды. Күн сәулесі Анд тауының жоталарынан жоғары көтерiлгенде көл суы көкшіл, жасыл реңге бөленіп, айналасына  сәуле шаша, керемет құлпыртып жібереді. Су бетiндегі аппақ жолақтар мың бұрала билегендей әсер қалдырады.

Ольянтай аңызы

Амазонка бастауларының бiрi – Ульнамая өзенiн жағалап, Мачу Пикчудан қайтып келе жатқанда, сол жақта қабырғалары құлағалы тұрған қамалды көресің. Бұл – атақты  Ольянтай бекiнiсi. Тау бөктерiне орналасқан қамалдың өзiндiк өрнегi, таусылмас сыры бар. Бiзге жолсерiгiмiз мынандай аңыз айтып бердi.

Ертеде Ольянтай атты қолбасшы болыпты. Ол ақсүйек инк тұқымынан емес, қарапайым ғана үндiс екен. Сондықтан Ольянтайды кусколiктер жанындай жақсы көрiптi. Оның есiмiнiң өзi жауына айбатты, досына мейiрiмдi көрiнiптi. Ұлы мәртебелi инктiң ай десе аузы, күн десе көзi бар қызы болады. Атақты қолбасшы сол бойжеткенді сүйiп қалады. (Қара халыққа қыз беру инктер үшiн өлiммен тең). Ольянтай инк көсеміне барып, қызын қалыңдыққа беруiн сұрайды. Мұны естiген инкте ес қалмайды. Қара халықтың өкiлi ұлы мәртебелiнiң қызына үйленбекшi! Келiсiм бермейдi. Ольянтай қарапайым халықты инктерге қарсы көтерiлiске бастайды. Қақтығыс бiрнеше жылға созылады.

Махаббаты жарасқан инк қызы Ольянтайдан жүктi болады. Мұны сезген әмірші қызын ешкiмге көрсетпей, үңгірде жасырын ұстайды. Одан туған нәрестені өз қолына алып, тәрбиелеп, өсiре бередi. Күндердің күнінде жас қыз бой жетеді. Анасы хақында ешкiм тіс жармайды. Бір күні қыз серуендеп жүрiп, мұңлы әуендi естедi. Жүрегi әлдененi сезіп, жұмбақ әуеннің егесін іздеуге кіріседі.

Көп кешікпей тұтқында жатқан ару жайлы естiп, үңгiрдің ішіне кiредi. Әйелдiң сұлулығына, қолаң шашының ұзындығына таң қалады. Ол өмiрiнде мұндай сымбатты, көрікті жанды көрмеген едi. Бiрақ жас қыз сол тұтқынның өз анасы екенiн бiлмейдi. Сонда да, ешкімге сездірмей тамак әкеліп тұрады. Әңгімелеседі, бір-біріне әбден бауыр басып кетедi. Тұтқын әйел бар құпияны ақтарып салады. Мұны естiген бойжеткен ұлы мәртебелi инкке барып, әйелдi босатуды сұрайды.

Ольянтай әскерiне қарсы бiрнеше шабуыл жасалады. Бәрі де сәтсiз аяқталады. Инктер ендi айлаға көшіп, аз ғана жауынгермен тас көздi  батырды жiбередi. Ольянтай бұлардың да тас-талқанын шығарады. Кезекті шайқаста жеңіске жеткені үшiн үлкен мереке ұйымдастырылады. Соғыстан әбден шаршаған жауынгерлер шарап iшiп, көңiлдерiн көтередi. Ал, түн жарымы ауғанда жау тұтқиылдан шабуыл жасап, қамалды басып алады. Ольянтай қолға түседi. Инктер оны дарға аспақшы болып, Кускоға әкеледi. Халық өзiнiң қолбасшысын азат ету үшiн көтерiлiске шығады. Үндістердің қаһарынан қорыққан көсем қыздың өтiнiшi бойынша әйелдi, көпшіліктің талабы бойынша Ольянтайды босатады. Халықтан шыққан сүйiктi қолбасшы қалыңдығына қосылып, бақытты өмiр сүрiптi деседі. Сол күнi Кускоде үлкен мереке басталыпты.

Момақан ламалар

Перулiктер ерте заманнан ламаны көлiк ретiнде пайдаланған. Ламаның  суға төзімділігі түйеден де асып түседі деген сөз бар. аштыққа шыдамды. Әсiресе, таулы, тасты жерлерде таптырмайтын үндiстердiң бiрден-бiр көлiгi. Өзi сүп-сүйкiмдi. Екi көзi мөлдiреп тұрады. Дене тұрқы 120-175 см, шоқтығының биiктiгi 90-100 см. Салмағы 48-96 келiге дейiн жетедi. Аяқтары ұзын, көздерi үлкен. Ламаның жабайы екi түрi – гуанако, викунья және қолға үйренген екi түрi бар. Оларды – лама, альпака деп атайды. Біріншісі, негізінен көлік ретінде пайдаланады. Салмағы елу кілә жүкті таулы-тасты, жолсыз жермен жиырма бес шақырымға дейін емен-еркін тасымалдай алады. Ал, альпаканың жүнінен киім-кешек, төсеніш заттар жасайды. Жүнінің ұзындығы 15-20 см дейін жетеді. Жүн талшықтары 19 мкм. Бұл жануар 11 ай көтерiп, бiр бота табады екен. Жергілікті тұрғындар ламаның етін жейді. Үш жастан асқан малдың еті қышқылтым болады екен. Ол жергілікті  шөптің әсерінен. Үндістердің жас ламаның етін құштартарлықпен жейтіні сондықтан шығар. Тағы бір айта кетері, ламалардың жүн жиырмашақты табиғи түске бөленген. Оларды бояп жатудың қажеті жоқ.

Бiз үндiстердiң шағын аулына келдiк. Жол шетiндегi үйдiң алдына жүнiнен тоқылған әр түрлi киiмдердi жайып қойыпты. Сатушы баланың қасында көзi мөлдiреп лама тұр. Мен балақайды суретке түсiрдiм. Ол сәлден соң қасыма келiп: «Суретке түскенiм үшiн ақы төлеңiз», – дегендей алақанын жайды…

Жер кіндігі

«Боинг-747» аэробусымен Эквадор астанасы Китоның үстiнен ұшып бара  жатырмыз.  Жасыл желекке оранған қала алыстан көз тартады. Тынық мұхиттың суық желi үнемi соғып тұратын Лимадан соң бұл қаланың ыстық көрiнуi заңды едi. Өйткенi, бұл жер мәңгi жаз елі. Маусым айы қыстың нағыз ортасы болып саналса да, күн жылы, ауасы сәл қапырықтау. Әсiресе, түске қарай тұншыға жаздайсың. Ал кешке салқындап, жаның жай тапқандай болады.

Перу мен Эквадор халқы қыстың келгенiн жиi жауған жауыннан бiледi. Бiздiң байқағанымыз: осы екi елде 10-15 шақырым жер жүрсең, жылдың төрт мезгiлiн көргендейсiң. Бiр жерде егiн егiп жатса, екiншiсінде оны баптап, өнiм жинап, не жер жыртып жатқан шаруаларды байқайсың. Жол бойы қызу еңбек. Олар жылына үш рет өнiм алады.

Эквадор республикасының территориясы 283,6 мың шаршы шақырым. Негiзгi тiлi – испан және кечуа тiлi, дiнi – католик. Байырғы тұрғындары – үндiстер. Осы екi елде жүзге тарта үндiс тайпалары өмiр сүредi. Ал, кiшiгiрiм халықтардың есебiне жету қиын.

Кито – тау бөктерiне орналас­қан сұлу қала. Инктердiң Кускодан кейiнгi екiншi орталығы. Қаланың iргетасы 1534 жылы қаланып, үндiстердiң Кито тайпасының есiмiмен аталған. Үйлердiң барлығы дерлiк екi-үш қабатты, қызылды-жасылды бояулармен өрнектелген. Ал, ескi құрылыстарды аңғару қиын емес, өйткенi, испан отаршыларынан әбден зардап шеккен үндiстер үйлерiн сұрғылт, не ақ тастардан салған. Мұнысы, тiзе батырған жауға деген наразылықтарының белгісі екен.

Қаланың шеткерi жағында қасиеттi Марияның ескерткiшi орналасқан. Китоның қай түпкiрiнде болсаң да алыстан көз тартады. Бағыт-бағдар берiп отырады. Оның биiктiгi 48 метр. Қасиеттi Мария жер шарының үстiнде тұр. Аяғының астында – бұлқынып, дәрменсiз жатқан айдаһар.

Ескерткiштiң қасында тұрып, жоғары қарасаң, қасиеттi Мария бұлттарды қақ жарып, жүрiп келе жатқан сияқты. Бұл ескерткiш халықтың азаттық жолындағы күресiнiң символы iспеттi. Эквадорлықтар үшiн мұнан қымбат, қасиеттi ештеңе жоқ. Өйткені, дәл осы жерде испан отаршылдарына қарсы қанды шайқас болған. Жақсы қаруланған жау бейбiт елдiң қарсылығын тойтарып тастап, қаланы жермен-жексен еткен. Сол сұмдықтан екi-ақ нәрсе – шiркеу мен құдық сау қалыпты. Олар бүгiнге дейiн сол қалпында сақталған. Араға жылдар салып, эквадорлықтар испан отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық көтерiлiсiне шығады. Тек 1830 жылы азаттық алып, өз алдына жеке мемлекет атанады.

40075696 метрге созылған экватор белдеуi Китоның маңынан өтедi. Анықтап қайта-қайта қарадым. Ешқандай өзгерiс жоқ. Бiр-бiрiне жалғасып жатқан табиғат көрiнiстерi, қаннен-қаперсiз ойнап жүрген үндiс балалары.

Экватор белдеуі өткен жерге ескерткіш орнатыпты. Үлкен жер шары. Глобус дейсің. Бірақ кейін көп жылдар өткен соң естідім, ескерткіш тура экватор сызығы өтетін жерден емес, сәл шеткерірек жерге қойылыпты. Әрине, қателескен. Сәл ауытқыған. Күндер өте білгіштер жер кіндігі өткен жерді дәл тауыпты. Қалай дейсің ғой! Тіпті қарапайым ғана тәсілмен. Олар су құйылған ыдысты тура экватор сызығының үстіне қойып, төменгі тығынды ашып, суды ағызып жібереді. Ешқандай иірім болмайды. Осы тәжірибені экватор сызығының оң жағына, немесе жер шарының оңтүстік жартысына өтіп, осы тәжірибені қайталағанда су сағат тілінің айналу бағытына қарама қарсы иіріммен аққан. Осы жағдайды белдеудің сол жағында қайталағанда судағы иірімі оңға қарай айналған. Міне, керемет құбылыс! Айналасы оншақты метр аумақтың өзінде жер кіндігінің тартылыс күшін анық көресің.

Ойыма сонау бiр балаң шақта географиядан оқыған экватор таңғажайыптары түстi. Рас екен, күн төбеңде күлiп тұрса да, бiр елi де көлеңкең байқалмайды. Керемет. Иә, өйткенi, жер өлшемi дәл осы жерден басталады. 0 градус, 0 минут, 0 секунд. Тағы да 0.0.0…

Бізге «Экватор белдеуін кесіп өтті» деген куәлік берді.

Күтіп алушы компания қызметкері жаңылысты ма, жоқ әлде ұнап қалдым ба, маған екі куәлік табыс етті. Бұл қуаныштың нышаны шығар!..

«Жылауық» Сельва

Бiз Сельваға жетуге асықтық. Кито қаласының жанынан басталып, барған сайын арнасын жая беретiн Амазонка өзенiнiң бiр тармағын жағалай, автобуспен жүйткіп келеміз. Эквадор жерi таулы, асау өзендерге толы, жасыл желекке оранған ел екен. Сельваға жақындаған сайын табиғаттың неше бiр тамаша көрiнiсiне куә болдық. Бiраздан соң нөсерлi жауын басталды. Тау бөктерiмен, қиялау соқпақтармен жүрiп отырдық. Кейде ұзақты күн жауған жауыннан тау басынан жiпсiп, төмен қарай құлап түскен қой тастар жолды бөгеп, жүрiсiмiздi баяулатады. Мұндайда жолдың тазалығын бақылап жүрген жұмысшылар бригадасы бар екен. Олар біздің кідірмеуімізге, саяхатты жалғастыра беруімізге мүмкiндiк жасап отырды. Менiң мұны айту себебiм, жар басынан құлап, жолды бекіткен көріністерді талай көрдік. Мұндай кездерде жұмысшылар  өз істеріне өте мұқият. Лезде тазартып үлгереді.

Тена қаласына келдiк. Мұнан әрi ит тұмсығы өтпейтiн ну орман басталады. Қатынас тек су жолы арқылы. Бiр қызығы, Тена қаласынан ары қарай Кеңес Одағынан әлi ешкiм аяқ баспаған екен. Біз біріншіміз!

Бiздi «темір» ағаштан ойып жасалған үлкен қайық – каноэларын қаңтарып тұрған, күнге әбден қақталған үндiс балалары күтiп алды. Көлiктерi жетi-сегiз кiсiлiк. Бiраздан соң моторлар от алып, каноэлар толқындарды қақ жара, бізді джунглиге қарай алып кеттi. Напо өзенi бiрте-бiрте арнасын жая түсуде. Өзеннiң екi жағы да ну орман. Бала кезде география  пәнiнен оқыған – ит тұмсығы өтпейтiн джунгли. Анда-санда жағалауға жақын жерден үндістердің үш-төрт бастырма-үйшіктері кездеседі. Балалар бізді көрген сайын қолдарын көтеріп, сәлемдескендей болады. Ал ересектері үн-түнсіз. Мұнысы кейде тыныш, енді бірде беймаза тіршіліктерінен шаршағандығы шығар.

Жунглидің жұмбақ қойнауына жетуге асықтық. Үш сағаттық арпалыстан соң, арман болған, қуанышы мен үрейі қатар жүретін, Амазонияның таңғажайып әлеміне кірдік. Шатыры бамбук ағашы, пальма жатырағымен жабылған, есік-терезесінде ілгегі жоқ, 4-5 ескі қонақ үй  күтіп тұрды. Бұл – үш күн аялдайтын мекеніміз. Мен ескі кереуеттің астына көз жүгірттім. Анаконда жоқ екен.

Маймылдың шыңғырған зарлы дауысы естілді…

Жұмбағы мол жунгли

Сельваның ақ жарқын үндiстерi құшақ жая қарсы алды. Түс ауа, жұмбақ әлем – Сельваны аралауға шықтық. (Амазонка ормандарының сулы аймағын Сельва дейді). Бұл жердiң ауасы қапырық, ылғалды. Жауын толассыз жауғандықтан, жердiң «миы» шығып жатыр. Жолсерiгiмiз көңiлдi жiгiт екен. Ол біз білмейтін табиғаттың таңғажайып құбылыстары жайлы әңгiмелер айтумен болды. Жемiстердің көптігі соншалықты, дәмін татып үлгермедік.

Ең тәттi банан – Эквадор бананы. Олар анағұрлым кiшi болса, солғұрлым тәтті, – дейдi жолсерiгiмiз.

Бiз жемiс жеуден әбден шаршадық. Мандарин, апельсин, лимон дегенің аттаған сайын алдыңнан шығады. Жұлып ал да жей бер.

– Мiне, тал жүзiмi.

Ол биiк ағаш басында самсап тұрған жүзiм сияқты жемiстi көрсеттi. Сәлден соң джунглидегi жолсерiгiмiз ағаштың басына өрмелеп шығып, жемiсiн көп етiп алып түстi.

– Бұл жүзiмнiң қабығын аршып жейдi.

Дәмi кәдiмгi өзiмiздiң жүзiмге ұқсас. Бiрақ тәттi емес, қышқылтым.

– Су iшкiлерiң келе ме?

Ол жуандығы жұдырықтай бiр ағашты мачетесымен (үлкен, жалпақ, өткір қанжар сияқты ағаш шабатын құрал) кесiп алды. Суы шүмектен аққан сияқты сорғалап тұр.

– Парфауор, сеньорлар! (Бұл – испан тiлiнде мархабат етiңiз, мырзалар, деген сөз).

Суы мөп-мөлдiр. Дәмсiз демесең iшуге әбден болады. Сол бiр ағаштың суын үш-төрт адам қанып iштiк.

– Мiне, қырыққабат (капуста) ағашы, – деп кесiп алды да, қабығын арши бастады. Одан соң бәрiмiзге бөлiп бердi.

– Сескенбеңдер, бұдан дәмдi ас жоқ.

Бiз әлгi ағашты жеп көрдiк. Тура қырыққабаттың өзi. Дәмі де сондай.

– Ендi түскi асты iшпеймiз, – деп, жолсерiгiмiз әзiлдеп қойды.

Оңтүстік Америкаға келгелi берi көп естiген авокадо жемiсiн көрдiк. Пішімі алмұрт сияқты, түсі жапырақ сияқты. Таласа үзiп алып, тойғанымызша жедiк.

Шындығында да, жунглиде жүрiп, аштан қалмайды екенсiң.

Үндiстердiң ауылына бардық. Әр отбасы жеке-жеке, әр жерде тұрады. Үйлерi бiздегi бастырма сияқты. Жер­ден 1,5-2 метрдей жоғары, ағаш қаданың үстiне салынған. Онысы Напо өзені тасығанда шайып кетпесiн дегенi. Едендерi бамбуктан жасалынған. Шатырлары пальма, не банан ағаштарының  жапырағынан, су өтпейтiндей етiп, әсем тоқылған. Бастырманың бұрышына шағындау екi бөлме жасап, айналасын бамбуктың шыбықтарымен ши сияқты етiп тоқып, қоршап қойған. Iшiнде екi үлкен ағаш кереует. Үстiнде көнетоз төсек. Үйдiң қалған жерi ашық. Ал ас үй бастырманың шеткерi жағына орналасқан. Онда азын-аулақ керекті ыдыс-аяқ, жемiс-жидектер, отын тұр. Тұрғындардың негізгі тағамы банан жемісі. Оны қуырып, қайнатып, шикідей де жей бараді. Сельвадағы ең ыңғайлы жеміс.

Бiзге, ләжi болса, үндiстермен қол алысып амандасуға, балаларды ұстауға, олардың тамақтарын iшуге, тiптi қастарына жақындауға да болмайтындығын ескерткен. Өйткенi,  бұл жерде жұқпалы аурулар көп тараған екен. Бiрақ ашық-жарқын үндiстерді, не сүп-сүйкiмдi, көздерi мөлдiреп тұрған балаларды көргенде, бұл қағиданы ұмытып кеткен кездерiмiз де болды.

Бұл жерге саяхатшылар анда-санда келетін болған­дықтан, жергiлiктi тұрғындар балшықтан жасалынған әр түрлi ұлттық бұйымдарды жасап, сатады екен. Қарт үндiс әйелі бiзге қолтырауынның, ламаның мүсiндерiн, ыдыс-аяқтарды ұсынды. Бұлардың барлығы қарапайым ғана жасалған, әшекейлерi де аз. Бiрақ сол заттардың барлығында да жергiлiктi халықтың ұлттық ою-өрнегі сақталған.

Сельва үндiстерiнiң қонақжайлығы бар. Олар­дың үйлерiне емiн-еркiн кiрiп, тұрмыс-тiршiлiгiмен кеңiнен таныстық. Бiзге ұлттық тағамдарын, ең жақсы көретiн чичиiн (шарап) ұсынды. Ақ көңiлiмен беріп тұрғанда нағыз үндiс шарабының дәмiн қалайша татпассың! Мен чичидiң ішіп көрдiм. Юока өсiмдiгiнiң тамырынан жасалынған шарап сәл қышқылтым, шабдалының шырынына ұқсас, түсi сарғыш екен. Ата-бабаларымыздың ерте заманда бидайдан жасаған сусын-шарабы – бозаның дәмі сияқты. Туысқандардың Юокасын тітіркенбей ішсем де, көпке дейін уайымдаумен жүрдім. Бірақ бәрі де ойдағыдай болды. Қазір ойлап отырсам, сол кездегі «ерлігіме» іштей қуанамын да. Бұл ішімдікті дайындаудың өзіндік ерекшелігі бар екенін кейін естідім. Итальяндар шарапты әзірлегенде, жүзімді ыдысқа салып, оны жалаң аяқтап басатындығы сияқты, үндістер юока өсімдігінің тамырын қабығынан ашып, одан соң әбден шайнап, арнайы ыдысқа түкіріп отырады. Сол кезде жеміс тез ащып, қышқылтым дәм береді. Шараптық деңгейге ерте жететіні сондықтан екен. Шараптың осындай тәсілмен әзірленетінін білгенде ішпеуім мүмкін-ді…

Бiр айта кетерi: Сельвада байырғы тiршiлiгiн кешiп жатқан үндiстердiң тiс тазалайтын жемiстерiне дейiн бар. Ауылдарына келген қадiрлi қонақтарына ұлттық билерiн билеп, өнерлерін көрсетедi екен. Бiздiң жолымыз болмады. Сельваның жылауық аспаны тоқтамай қойды. Күнге әбден қақталған, жылауды бiлмейтiн, жалаңаш жүгiрiп жүрген үндiс балаларына әкелген сыйлықтарымызды тапсырдық. Олар бiздi қимастықпен шығарып салды. Үлкен жапырақтарды қолшатыр етiп, каноэға мiнiп, мекен-жайымызға қайттық.

Сол күнi бiзбен бiрге барған қыз Натальяның туған күнi едi. Қолымыздан келгенше құттықтап, жунглидiң аттары белгiсiз гүлдерiн ұсынып жаттық. Ал, кешкiлiк астың үстiнде өзiмiзше атап өттiк. Ән айттық, би биледiк. Алғашқыда үндiс достарға туған күн жайлы ештеңе деген жоқпыз. Олар айтпағанымызға қатты ренiш бiлдiрдi. Тағам дайындап жүрген екi әйелi бiзден кешiрiм өтiнiп, үйлерiне қарай жүгiре жөнелдi. Келіншектердің бұл қылықтарын түсінбей қалдық. Сөйтсек…

Күн сайын қызықты оқиғалардың, жұмбақ құбылыс­тардың қақ ортасында жүрсек те ауылды сағынып қалыппыз. Сөйлеген сөзiмiзден, айтқан әнiмiзден елге деген ыстық ықыласамыз анық байқалып тұрды. Арада бiраз уақыт өттi. Қарасақ, әлгi жүгіріп кеткен үндіс әйелдері үлкен екi торт пісіріп әкелiпті. Олар дәмді кесiп, әрқайсымызға жапырақтың үстiне салып бердi. Бiз сонда ғана туған күннiң үлкен мереке екенін, әлем халықтары арасында ортақ тойланатынын бiлдiк. Сельвада мекен еткен, әріп танымаса да, теледидар көріп, радио тыңдамса да, адамдардың туған күнді үлкен мерекедей тойлайтынына анық көз жеткіздік, риза болдық.

Еліміздің кез-келген дүкен-базарларында Эквадор бананы толып тұр. Оларды көрген сайын, сонау Сельва таңғажаптары есіме түседі…

Маймылдың соңғы биі

Сельваны мекен ететін жануарлардың ішіндегі ең көп тарағаны – маймылдар. Менің бір байқағаным, осы мақұлықтың  адамдардан өлердей қорқатындығы. Жан түршігерлік зарлы дыбыс шығарып, балаларын арқалай қаша жөнелетіндігі. Сөйтсем, оның да өзіндік себебі бар екен.

Үндістер садақпен не ұзындығы 3-4 метрге жететін, үрлеп ататын таяқ-түтікшемен аңға шығып, дәлдегенін мүлт жібермейді. Үндіс жігітінен үрмеқаруын көрейін деп сұрап алдым. Ол қорапшадан ұшы үшкір, жіңішке ағашты алып, арт жағына мақта орады. Үш жағын қорапшадағы улы затқа батырды да, түтікшенің ішіне салды. Бұл оқтап бергені.

– Енді қаруыңыз дайын. Аң аулауға шыға беруіңізге  болады, – деді әлгі үндіс.

– Парфауор, сеньор! – дедім.

Менің мырза деген сөзіме әжептеуір қуанып қалды. Оны күлімсіреген көзінен, бойын тіп-тік ұстаған қалпынан байқадым.

Үндістер улы затты көбіне бақадан алады. Ол жәндікті асқан ұқыптылықпен ұстап, садақтың ұшын арқасына, улы жеріне ысқылайды. Бір бақаның уу екі-үш садақ жебесіне жетеді. Егер абайсызда у денеңізге тисе, өліп кетуіңіз, не есіңізден танып, паралич болып қалуыңыз мүмкін. Бақа уына қарсы ем әлі күнге дейін табылған жоқ.

Айнала ит тұмсығы өтпейтін ну орман. Қапырық. Жалаңаш жүрмесең, көйлегің әп-сәтте малмандай су болып, денеңе жабысып қалады. Мұндай кезде үндіс болған қандай жақсы. Бір-екі жапырақты байлап алып, жүре бересің.

Қызығы мен қатері қатар жүретін, Сельваның аты шулы орманын екі сағаттай араладым. Көзіме ештеңе шалынған жоқ. Мүмкін байқамаған да шығармын. Ал, мекен-жайымызға оралғанымда, аулада байлаулы тұрған маймылға көзім түсті. Ол мені көрісімен шырылдап, мазасыздана бастады. Зарлы дауысы тұла бойымды шымырлатып жіберді.

Бізбен бірге саяхатқа келген қыздар маймылға әбден бауыр басып алды. Таңертеңнен кешке дейінгі ермектері сол маймыл. Тамақтандырады, ойнатады. Толықтау келген Наталья тіпті қасынан шықпады. Ал, кешке қарай тамаққа әбден тойған маймыл бұтақтан-бұтаққа секіріп, сықылықтай күлетін болды. Отыра қалып, қарнын сабалайды. Маймылдың бұл қылығына бәріміз мәзбіз.

Ертеңіне…

Таңертең маймылдың зарлы дауысынан  шошып ояндық. Бір сұмдықтың болғанын жүрегім сезіп, сыртқа жүгіре шықтым. Ең алдымен есіктің алдында байлаулы тұратын маймылды іздедім. Жоқ. Үйді бір айналып шықтым. Көзіме ештеңе шалынбады. Тек алыстан – папая, банан ағаштарының арасынан күбірлеген дауыс естілді…

Үндістер де қазақтар сияқты қадірлі қонағы келсе, мал сояды екен. Олардың қойы – маймыл. Жануарды ең алдымен жақсылап шомылдырады. Жеміс-жидек беріп, бір-екі ай бағады. Маймылдар әдетте мазасыз, тамаққа қомағай. Не берсең де таңдамай, талғамай  жей береді. Біраз күнде бордақыланған мал сияқты, қарны қампиып, толықсып шыға келеді. Ал маймылды союдың өз рәсімі бар. Арнайы жасалынған ойық тақтаймен жануардың басын қысып қояды. Жан дауысын шығарып шырылдайтын, босануға әрекет жасап, тұяқ серпитін кезі де осы екен. Үндіс қасапшысы болса, өткір мачетасымен маймылдың бас сүйегінің төбе тұсын қағып тастайды. Әлі жан тапсыра қоймаған бишара маймыл зарлы үн шығарып, безгек қағады. Қан атқылап жатады. Олар  жануарды айнала қоршалай отырып, ағаш қасықтарымен миын жей бастайды. Бұл – үндістер үшін ең қуанышты, мерекелі сәттердің бірі саналады. Жеген де арманда, жемеген де арманда…

Мен осы бір жан түршігерлік көріністен соң, жанымды қоярға жер  таппадым…

Наталья үш күн бойы нәр татпады…

Ал, Алматыға келгенімізде, бойжеткен қыздың жіптіктей болғаны соншалық, туған анасы танымай қалды.

Галапагос – алып тасбақалар елі

Тынық мұхиттағы Галапагос аралы Эквадордың территориясына енедi. Онда он мыңға жуық тасбақа мекендейдi екен. Оларды алып тасбақалар десе де болады. Салмағы 250-300 келiге дейiн жетедi. Бұл алыптар 150-200 жылға дейiн өмiр сүредi деген болжам бар. Олар өздерiнiң алыптығына қарамастан, момақан келедi. Ешкiмге, еш нәрсеге зияны жоқ. Күндiз жайылып жүрiп тамақ iздейдi, қараңғы түсiсiмен салқыннан сақтанып, саяз көлшiктердiң саз батпағына тығылады.

Бұл күндерi осы алып тасбақалардың өмiрiне қауiп төнiп тұр. Оларды аулау 17 ғасырдан басталыпты. Теңiз қарақшылары оның жұмсақ етiнiң құнын басқалардан бұрын бiлiп, кеменiң трюмдерiн тасбақалармен тол­тырып қойыпты. Себебi, қарақшылар еттiң бүлiнбеуiн ойлап, бастарын қатырмайтын едi. Өйткенi, жануарлар суға төзімді, шөп-шалаға шыдамды келген. Азықсыз айлап өмiр сүре берген. Кейiнгi кезде Галапагос аралдарын мекен еткен жүз мыңдаған алып тасбақалар жойылудың аз-ақ алдында. Сирек кездесетін кейбiр түрлерi мүлдем құрып кеткен.

Аралдағы акулалардың тағдыры ғалымдарды кейінгі кезде қатты алаңдатуда. Олардың отызшақты түрі мекен етеді. Осы бір жыртқыш балықтар қоршаған ортаның тазалығын сақтаудағы үлесі шексіз. Акулалар ауру балықтарды, тағы да басқа керексіз деген су жәндіктерін жеп, қоректеніп келеді. Ал, соңғы жылдары олардың өміріне де қауіп көбеюде. Әсіресе, бұл жыртқыш балықтардың қалытқылары (плавник) дәмді тағам екен. Азия елдерінде осы ассыз бір де бір той-томалақ өтпейтін көрінеді.

Қазiргi кезде Эквадор үкiметi тасбақаларды, акулаларды аулауға тыйым салған. Сондай қамқорлықтың арқасында қорықтың өмірі бұрынғы қалпына жақындай түсуде. Әлемде сирек кездесетін аң-құстар, балықтар мен жәндіктердің, өсімдіктердің түрлері көбейіп, табиғи қалпын сақтап қалуда. Бұл әрине, қуанарлық жағдай.

Бiр өкiнiштiсi, біз табиғатты әсем сақталған аралға бара алмадық. Уақыт тапшылығы кедергі болды. Тұз-дәм тартып, жол түссе, әлі де көреміз бе деген үміт бар…

Напо – Амазонканың саласы

Жұмбағы мен қатері қатар жүретін Напо өзенi – Амазонканың он жетi тармағының бiрi. Амазонка — әлемдегi ең ұзын өзендердiң бiрi. Басты саласы мен Укаялидi қосып есептегенде, оның ұзындығы 7 мың шақырымнан асады. Өзен бассейнiнiң көлемi 6915 мың шаршы шақырым. Амазонка бассейнiнiң территориясы бес елге: Бразилия, Боливи­я, Колумбия, Перу және Эквадорға бөлiнген.

Амазонканың енi Укаяли құйылған жерден кейiн екi шақырымнан асады, орташа ағысы – сағатына бес мың метр, ал төменгi енi 15-20 шақырымға тең. Егер өзеннiң ортасымен қайықпен жүзсең, онда жағасына көз жеткiзу мүмкiн емес.

Жергiлiктi тұрғындар Амазонка суынан қатты қор­қады екен. Олардың ата-бабалары ертеден-ақ осында мекен етіп, асау толқындарымен арпалысып келсе де, өзендi тiлсiз жау деп бiлген. Бразилияда: «Жердi құдай, ал Амазонканы жын жаратқан» деген сөз бар. Үндістер өзеннің қай жерінен қайықпен жүзіп өтсе де, сөйлеуге, тіпті дыбыс шығаруға қорыққан. Егер әңгімелессең иірім пайда болады да, қайықты аударып кетеді. Бұл жын-шайтанның ісі деген. Сөйтiп, үнемi үреймен жүрген.

Сельвада мекен еткен үндiстердiң үйлерi бiр-бiрiне ұқсас. Жерден 1,5-2 метр биiкте, ағаш қадалардың үстiне салынатынын айттық. Мұнысы су тасығанда алып кетпесiн дегенi. Шындығында да өзен арнасынан асқанда әбігерге салса, қайтқанда жолындағының бәрiн шайып, тағы да сарсаңға түсіреді. Адамдар айлап үйлерінен шыға алмайды. Жинап алған жеміс-жидектерін жеп, өмір кеше береді. Олар осы бір беймаза тіршілікке әбден үйреніп алған.

Амазонка толассыз жауған жаңбырдан жылына екi рет тасып, сонша рет қайтады. Мамыр айында өзен суының деңгейi шегiне жетіп, тасқын селге ұласады. Өзеннiң арнасы жүз шақырымға дейiн созылады. Ормандарды су басады. Жаңбырдың көп жауғаны соншалықты, су тасқыны жетпеген жерлердің өзі ми батпаққа айналады. Адамдар сонда да биiк бағананың үстiне салынған лашықтарда тұрып, емiн-еркiн өмiр сүре бередi.

Жыртқыш пираньялар мен «әнші» балықтар

Напо өзенiне шомылып жүрген бiрде-бiр үндiстi көрген жоқпыз. Өйткенi Напоның суы өте қауiптi. Амазонка бассейнiндегi  тұщы су балықтарының  iшiндегi ең қауiптiлерiнiң бiрi – пираньялар. Бұл – жалпақ еттi, күмiс тiстi, астыңғы жақ сүйегi шығыңқы, қырынан қарағанда бульдокқа (ит) ұқсас балық. Үшбұрышты өткiр тiстерi  аузын жұмғанда бiр-бiрiне кiрiгiп, жымдасып қалады. Пир – балық, анья – тіс дегенді білдіреді. Демек, бұл су жытқыштың аты тістібалық.

Оңтүстiк Американың барлық өзенде­рiнде кездесетiн осы пираньялардан адамдар керемет қор­қады. Бұл табын-табынмен жүретiн балықтан жұрт алли­га­тор немесе акуладан қорыққандай сескенедi. Пираньялар жануарларға, балықтарға, тiптi адамдарға да шабуыл жасайды.

Жергiлiктi тұрғындар малды арғы бетке айдап өтетiн кезде, ең алдымен ауру, арық, не кәрі малды суға бiрiншi түсiредi. Оған балықтар алданып, жабыла жұлмалап жатқанда, тездетіп, қалған малдарды арғы бетке өткiзiп алады.

Үндістер балықтың жақ сүйегін тісімен бірге кесіп алып, кептіріп, қайшы ретінде пайдаланған. Онымен көбінесе шаш алған. Амазонка жағалауына келген испандардың қолынан балықтың тісіне ұқсас темір қайшыны көрген үндістер таң қалысыпты. Содан болса керек, үндістер осы күнге дейін қайшыны пиранья деп атайды екен. Бір аңғарғанымыз, кез келген үндіс үйінің төрінде ілулі тұрған «қайшыны» көріп, сүйсіндік. Ғасырлар өтіп, бүгінгі күннің тұрмыстық құрал-жабдықтары келсе де, бабалардың көзін көрген сүйек қайшы бастапқы қасиетін әлі күнге дейін сақтап қалыпты.

Амазонка өзенінде мекен ететін жыртқыш балық – пираньялардың 30 шақты түрі бар. Өте қауіптілері қызғыш түстілері. Дене тұрқы шағындау келеді. Астыңғы жағында 22 тіс, үстіңгі жағында 56 тіс орналасқан. Олар өте өткір келеді. Суға тараған қанның дәмін үш шақырымнан сезеді екен. Осы балықтардың ең үлкені 30-50 сантиметр, салмағы екі жарым кіләға дейін жететін де түрлері бар. Олар аңға шығар алдында азғантай топпен барлау жүргізіп, үлкен олжаға кенелгенде қалғандарын шақырады. Шабуыл ұйымдасқан түрде жүргізіледі. Алғашқы топ бірден лап қояды да, өткір тістерімен аң не малдың етін жұлып алып, кейін кетеді. Сол кезде екінші топ шабуыл жасайды. Міне, осы көрініс қайталана береді. Тамаққа тойымсыз балық жемтігін осылайша ту-талақайын шығарып, айналасына үрей тудыратыны сондықтан.

Пираньялар уылдырық шашар кезде өзендегі өсіп тұрған ағаштарды өткір тістерімен кеміріп, суды ылайлатып, майда қаңқаларға толтырып жібереді. Осы шараларды жасағаннан кейін ғана уылдырық шашады. Балықтардың мұнысы ұрпақтарының қолды болып кетпеуі. Әр балық 4 сағаттың ішінде 20-30-дан  бөліп-бөліп, барлығы үш мыңға дейін уылдырық жібереді. Олар тез өседі. Небәрі төрт күннің ішінде екі жарым сантиметрге дейін ұлғайып, өздігінше күн көре бастайды. Су бетіндегі шыбын-шіркейлердің түгін қалдырмайды. Әсіресе, жұқпалы аурулар тарататын жәндіктермен қоректеніп, олардың көбейуіне жол бермегені үшін адамдар пираньялардың шабақтарына тағы да алғысын айтады.

Амазонка өзені жылына екі рет тасиды дедік. Сол сулар қайтқан кезде жер-жерде кішігірім көлшіктер пайда болады. Ондағы балықтардың көптігі соншалық, Сельваны мекен ететін аң-құстардың құдайы беріп қалады. Амазонканың ең жыртқыш балығы атанған пираньялар шалшық суда қайрандап, дәрменсіз күй кешеді. Балшықтың астына тығылады. Ұзындығы алты метрге дейін жететін қолтырауындар ең семізін таңдап жүріп жейді. Ал көкқұтандар балшықтың астына жасырынған балықтарды үшкір тұмысығымен шұқып, жасырынған жерінен оп-оңай-ақ тауып алады да, мауықтарын басады. Тісі жоқ алып Галапагос тасбақалары да қызыл иектерімен жұлқылап, тойғанынша жейді. Қалған балықтар шыбын-шіркейлерге нәпақа болады.

Пираньялардың ежелгі жауы – су құндыздары. Ұзындығы екі метрден асатын жануар күніне бес килограмға дейін балық, тек пираньяларды ғана таңдап жейді екен. Үшкір де ұзын тырнақтарымен лезде ұстап алып, өткір тістерімен жұлмалай, құшырлана тамақтанады.

Пираньялар – үндістердің де сүйікті асы. Олар балықтың бұл түрін ежелден-ақ пайдаланып келген. Ең алдымен тазалап, тұздап, әртүрлі шөп-шаламдарды араластырып, бананның жапырағымен жақсылап орайды да, шоқтың астына салып қояды. Жиырма минуттан соң әлгі ас дайын.

Пираньялар – жұмбағы мол жунглиді мекен еткен адамдарға – үрей, әрі дәмді тағам, ал қоршаған ортаға – жанашыр дәрігер іспеттес.

Әңгiме балықтар жайлы болғандықтан, Амазонка балықтары хақында да бiрер сөз айтпасқа болмайды. Бұл өзен – балықшылар үшiн де жұмбақ. Өйткенi оның суында мекен етпейтiн балық кемде кем. Тек Амазонка суының өзiнде, оның салаларын есептемегенде, балықтардың 2000-ға жуық түрi бар. Осы өзенде тiршiлiк ететiн әлемдегi тұщы сулық балықтың аса iрiсi – пираруку. Оны жергiлiктi тұрғындар «Амазонка бұқасы» деп атайды. Балықтың ұзындығы 4-5 метрге, салмағы 200 келiге дейін жетедi. Пирарукудың етiн кептiрiп, қақтап, тұздап дайындайды. Сонымен қатар, Амазонкада су жыртқыштары, пираньялар, скаттар, жылан балық, қолтырауын, жыландар өте көп. Инелi скат – арая өте қауiптi. Өзiнiң өткiр найза сияқты ұшталған тiкенектерiмен құрбандығын қатты жазалайды. Үндiстер электрлi жылан балықтан өлердей қорқады. Ол күтпеген жерден шабуыл жасап, кiшiгiрiм жануарларды талдырып тастайды. Адамдарды да аса қауiптi электр қуатымен соғады. Амазонканың тағы да бiр ғажабы – «әншi балық». Олардың торсылдағының құрылысы күрделi. Бiрнеше қабаттан тұрады. Ауа бiр камерадан екiншi бiр камераға өткенде, торсылдақтың қабырғасында дiрiл қағады, соның нәтижесiнде алыстан шыққан қоңырау үнiне ұқсас дыбыс пайда болады.

Осы әуенiне байланысты оны «әншi балық» деп атап кеткен.

Амазонка бассейнiнде халық сирек тұрады. Мекен ететiн тұрғындардың көпшiлiгi – үндiстер. Үлкен қалалар аз.  Олардың ара қашықтықтары мыңдаған шақырыммен өлшенедi. Бразилиялықтар осынша территорияны игерiп, кездескен қиыншылықтарды жеңу үшiн тропикалық, ит тұмсығы өтпейтiн ормандар мен таулар арқылы елдiң шығысынан батысына қарай үлкен тас жолы – Трансамазонка құрылысының жобасын жасады. Жол Амазонка салалары арқылы өтедi.

1970 жылдың қыркүйегiнде топографтардың iзiнше «матейрос» ағаштарды қолмен шауып құлататын топ жұмысқа кiрiстi. Олар жол-жөнекей кездескен ағаштарды кесті, сельваның «жасыл дозағын» құрайтын лиана шырмауық­тарын құртты.

Құрылысшылар шыжыған ыстықта, тропикалық «жылауық» жауынның астында жүрiп, қиыншылықпен еңбек еттi. Олар әртүрлi аурулардан, Сельваның улы жәндiктерi мен жыландарынан, масалардан зардап шектi. Бiрақ бұл қиыншылық құрылысшылардың алға жылжуы­на кедергi бола алмады. Атлант мұхитының жағалауын­дағы Жуан-Песоа қаласынан бастау алып, Риу Бранку қаласында аяқталатын, Бразилия, Боливия және Перу шекараларына жуық жерде түйiсетiн ұзындығы бес мың шақырымдық тас жолмен бұл күндерi  көлiктер дамылсыз жүрiп жатыр.

Амазонка бассейнiнде дүниежүзiндегi әрбiр төртiншi ағаш өседi екен. Ал Амазонка өзенi – әлемдегi ең бiр ғажап, құпиясы мол өзен. Оның салаларының өзi бес жүз. Осы алып өзен Атлант мұхитына құярда енi 300 шақырым жерге жайылады және оған тұщы су ағынмен 150 шақырым тереңдей енедi. Бiр кереметi, осы асау өзен әлi күнге дейiн адам күшiне мойынсұнған емес. Оған бiрде-бiр көпiр, тоған салынған жоқ. Амазонка тасығанда, суы жиырма метрге дейiн көтерiлiп, шамамен Франция сыйып кететiндей территорияны су басады.

Алматы маңындағы көлдердің бірінен пирянья балығы табылды деген хабар көпшіліктің ойын елең еткізді. Менің ескі «таныстарым» бұл жерге де жетіпті…

Капитандар

Бауыр басқан джунглимен де қоштасар сәт келді. Жауынның тоқтамай-ақ қойғаны көңіл күйімізді сәл түсіргендей болды. Бірақ сонда да болса, Сельваның жұмбаққа толы ормандарынан әрқайсысымыз жас балаша есте қаларлықтай оқиға күттік. Іштей қорықтық, қобалжыдық. Амал қанша, жолға шығатын да мезгіл келді.

– Анаконданың етін жемедім деп ренжімеңдер, – дедім мен жігіттердің көңілін көтеріп. – Әлі алда шексіз де, шетсіз, асау толқындары таласқан ұзақ, өте ұзақ жол күтіп тұр. Абайлап отырыңда, қайықтан түсіп қалып жүрмеңдер. Балықтары да, қарт қолтырауындары да адам көрсе, оның үстіне ақ сазандай аппақ қыздарды көрсе қуанады екен,- дегенім сол еді аспанда найзағай ойнап, күн күркіреді…

Сол-ақ екен, Напо өзенi қаһарына мiндi. Қыз-жігіттер «пыссымілласын» айта бастады. Жол бiрте-бiрте ұзара, күннің көзін қою бұлт баса бастады. Асау толқындармен арпалысқан моторлы қайық ағысқа қарай пыртылдай, енді енді өкпесі өшердей  қозғалады. Әлгiнде ғана моп-момақан болып ағып жатқан Напоның мiнезiн ендi ғана байқағандаймыз. Бiздi алып жүрген қайықшы балаларды алғашқы көр­геннен-ақ «капитандар» деп атап кеткенмін. Жастары шама­мен он екi-он бесте. Олар әбден қара терге түстi. Балалар да табиғаттың мұндай дүлейiн күтпеген болса керек. Асау толқындар қайықты сiлкiп алғанда да, иiрiмдер бағытты өзгертiп жiбергенде де, жүздерiнен қорқыныш белгісі байқалмайды. Қабақтары джунглидiң қара түнек орманы сияқты қатулы.

– Сеньор, амегос! Парфоуор! – деймін білетін сөзімді айтып көрші каноэдегі жігітке.

Үнсіздік…

Бiз олардың жұмыстарының ауыр екенін енді түсiндiк. Сельваның жылауық аспаны нөсерiн қайта қайта төгедi. Капитандар бiзді аяп кетті білем, қол шатырларын бердi. Алда асау толқындармен арпалысып ағып келе жатқан бөрене­лерден көп нәрсе жоқ. Оны капитан бiрiншi байқап, қайықты кiлт бұрып, бағытты өзгертедi. Өзеннiң бiрде арғы жағалауында, енді бiрде бергi жағалауын­да жүзiп жүрдiк. Бiр байқаға­нымыз, жан-жақтан өзенге асыққан үлкендi-кiшiлi жылғалардың көптiгi едi.

Напомен арпалыс бес сағатқа созылды…

Жанымызды шүбірекке түйгенімізге де бес сағат болыпты…

Малмандай су болғанымызға қуандық…

Сол сәтте маған үндіс балалары бауырымыздай, Амазонка қазақтың ұлы өзеніндей көрінді…

Мен он екі жасар капитанға қарадым. Бұрынғы қалпында, міз бақпай, қасқайып  тұр. Оң қолымен қайықтың рулiн нық ұстаған. Бос қолы қалтасында. Нөсер жауыннан сескенер емес. Кеудесiнде өзiм сыйлап, тағып берген ұлы Абайдың белгiсі. Сол белгі жас жеткіншекке жігер, қайтпас қайсарлық беріп тұрған сияқты. Осы бір көріністен соң кемеңгер Абайды, данышпан Абайды одан да жақсы көріп кеттік… Ол қазақтың ғана емес, адамзаттың Абайы ғой!

Атавала үндістері  

Эквадор үндiстерiнiң ошағы болып есептелетiн Атавала қаласында шеруге шығып, шiркеуге қарай жүгiрiп бара жатқан адамдарды көрдiк. Төзімдерінің жеткен жері осы болса керек. Бiр кездері олардың қой аузынан шөп алмайтын жуастығын бiлген испандықтар бар байлықтарын алдап та, арбап та әкеткен. Асқан жауыздықпен жазалап, құртып жіберуге дейін барған. Бұл күндері Латын Амрикасын мекен ететін үндiс­тердiң жағдайы мүлдем нашар халде. Әр елдiң өз қиыншылығы бар. Оның ең бастысы – өндiрiс орындарының аздығы, ауыл шаруа­шы­лығының артта қалғандығы. Мысалы, Сельвадағы үндiстер джунглидiң көл-көсiр байлығымен күн кешедi. Ауылда тұратындар егiншiлiкпен, мал шаруашы­лығымен айналысады. Қала тұрғындары негізінен базардың маңында жүреді. Саудамен шұғылданады. Кез-келген дүкеннiң ішкі жағындағы есiктi ашсаң, сол дүкендегi заттарды жасап отырған адам­дарды көресiң. Бiр жағынан iстеп жатса, екiншi жағынан сата бередi. Барлығы да жекеменшiктiкi. Жұмыстары ауыр. Қолмен атқарылады. Мемлекеттен көмек жоқтың қасы. Ірі кәсіпорындар салынбай, ауыл шаруашылығына қаржы бөлінбей қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсармайды.

Көлiктер жол жүргендiгi үшiн ақы төлейдi. Елде жас балалардың өлiмi өте көп. Халықтың орташа жасы 45-50 жыл екен.

Перу мен Эквадорда дүкендерде, базарларда зат­тардың нақты бағасы жоқ. Әр қожайынның қойған өз нарқы бар. Сен ұнатқан заттыңды қолыңа алсаң болды, дүкеннiң иесi қасыңа келедi де бағасын айтады. Ал сатып алуға ыңғай бiлдiрмесең, ол нарқын сәл төмендетедi. Тағы да ыңғай бермесең, құнын тағы да түсiредi. Одан соң сенен өз ұсынысыңды  айтуды сұрайды. Әр заттың бағасын кем дегенде 15-20 пайызға, одан да төменге түсiруге болады.

Сомбреро киген шәкірттер         

Үндiстердiң балалары оқитын мектептерге бару жоспарымызда болған жоқ. Оқу орындарына барайық деген ұсынысымызға жолсерiгiмiз көптеген сылтаулар айтып, апармауға тырысты. Бiрақ ойламаған жерден сәті түсті. Үндiстердiң нағыз ошағы – Атавала қаласының орталығына келіп, лама жүнiнен кiлем, алаша, киім-кешек тоқитын шебер­хананың жұмысымен  таныстық. Сол жерге жақындау орналасқан мектепке көзiм түстi. Көпшіліктен бөлініп, мектепке кірдім. Ескі, құлаудың алдында тұрған ғимарат екен. Сыныптың есігін ашып, оқытушыдан ішке кіруге рұқсат сұрады. Балалар орында­рынан тұрып сәлемдестi. Оларға отыра берiңдер деген ишарат бiлдiрдiм. Оқушылар алғашқыда маған таңырқай қарағанымен, тез арада тіл табысып алдық. Бала біткен қай жерде де бала емес пе? Бөлмелері ала көлеңке. Парталары ескі, тақтаның сыры кеткен. Бастауыш сыныптың шәкірттері екен. Көпшiлiгi жалаң аяқ. Бiр-екеуi бас­тарына сомбреро киiп алыпты. Өздерiне жарасып-ақ тұр. Бiрақ балалардың бет-ауыздары, қолдары жара. Көптен бері су көрмеген сияқты, қап-қара кiр. (Эквадордың көптеген елді мекендерінде ауыз су тапшылығы басым. Китода бiзге тек қайнаған су iшуге рұқсат бердi. Оны қайнататын құралдарымыз болған жоқ. Сондықтан, iшетiн суға зар мұқтаждана жүрдiк). Біздің әңгімеміз көпке созылды. Оларға Кеңес Одағынан, Қазақстаннан келгенiмдi түсiндiрiп жатырмын. Балалар ұқпағанын айтып, бастарын шайқайды. Мен оларға енді қазақша сөйледім. Қолыммен көрсетіп, ымдап қоямын. Ақыры бір-бірімізді түсінгендей болдық. Қоштасар кезде барлығын суретке түсiрiп алдым. Қуанып қалды. Олар мені автобусқа дейін шығарып салды. Біз қимай қоштастық.

Эквадор үкiметi елдегi сауатсыздықты жою жо­лында бiрқатар жұмыстар жүргiзуде. Бүкiл рес­публикада тегiн бастауыш сыныптық бiлiм беру мiн­деттелген. Ал, джунглиде, шеткері елді-мекендерде тұратын балалардыңы үйлерiне радио­қабылдағыштар орнатылған. Сол қондырғылар арқылы арнайы сабақтар жүргізіледі. Тоқсан сайын сынақтар, ал жыл соңында емтихан тапсырып, сыныптан сыныпқа көшiп отырады. Елде мектеп-интернаттар жоқ. Мұқтаждықтан шығудың бір жолы. Бұл шара артта қалған ел үшiн үлкен жетiстiк.

Латын Америкасында күн сайын бiр жасқа дейiнгi мыңдаған бала аштықтан, аурудан өледi екен. Ал 15 жасқа дейiнгi 60 миллионнан астам бала күнделiктi аштықтың зардабын шегуде. Олардың көпшiлiгiнiң ата-анасы, паналайтын мекені жоқ. Сондықтан балалар көше кезiп жүруге мәжбүр болуда.

Бір байқағанымыз, Эквадордың кез келген елді мекендерінде спорт алаңдары көптеп салынған. Сол ойын алаңдарының бос тұрғанын көрген жоқпыз. Балалар таңертеңнен кешке дейiн доп қуумен жүреді.

Эквадорда тек қана үндiстер мекен ететiн аудандар бар. Бұл жердегi тұрғындардың басқа аймақтағылардан ерекшелiгi – еркектерi шаштарын ұзын етiп өсіріп, бұрымдап өрiп қояды. Ақ шалбар, қара пончо, бастарына шляпа киедi. Екi ел де негiзгi тамақтарын кешқұрым iшедi екен.

Кішкентай «миллионерлер»

Гуаякиль. Бұл – Эквадордың бұрынғы астанасы, үлкен қала. Ығы-жығы, лас. Бiзге топ-тобы­мызбен жүруге ғана рұқсат бердi.

…Гуаякиль әуежайында бiздi қолдарына шар ұстаған балалар күтiп алды.

– Сеньор, алыңызшы!

– Жоқ, менiкiн алыңыз, сеньор!

Олар бiр-бiрiмен таласып, айналаны бастарына кө­теруде.

Сол сәтте, менiң есiме 1 мамыр мерекесiндегi балалар­дың қолдарына жалаулар мен түрлі түсті шарлар ұстап, көшеге шыға­тыны түсті. Осы бір салтанатты сәтте аспанға ақ көгер­шiндер ұшырып, «менiкi биiк, менiкi биiк» деп таласатыны оралды. Бiздiң ауылдың балалары ұста­ған шар Латын Америкасының бүлдiршiндерi ұстаған шардан мүлдем басқаша едi. Қарапайым ғана, қызыл, жасыл, көк. Ал мына балалар ұстағаны тiптi өзгеше. Әшекейлерi көп. Бiр шардың iшiнде екiншi шар. Бұл – мерекелiк шар емес, сатуға арналған шарлар едi…

Менiң есiме Лима әуежайындағы мына бiр оқиға орала берді, орала берді…

Перу мен Эквадор балалары тұрмыс-тауқыметінің ауырлығына қарамас­тан, көбiнесе көңiлдi жүредi екен. Қай жерде болмасын:

– Сеньор, аяқ киiмiңiздi тазалап берейiншi!

– Сеньор, газет оқыңызшы!

– Сеньор, мынаны алыңызшы, естелiк болсын! – деп қыр соңыңнан қалмайды. Ал бiраздан соң олармен достасып аласың.

Бiр бала менің соңымнан қалмай, аяқ киiмiмдi тазалап бергiсi келетiнiн айтып, өтiне бердi. Көңiлiн қалдырмай келiстiм. Сәлден соң екінші бала келдi. Оған жаңа ғана аяқ киімімді тазалат­қанымды айттым. Сөйтсем әлгi бала:

– Сеньор, аяқ киiмiңiз негрдiкi сияқты екен, – деп күлiп тұр. Кейiн бiлдiм, олар бiреудi мазақтағанда осылай айтады екен. Жаңағы баланың уысы толған ақша.

– Сен миллионер екенсiң ғой, – дедiм оған.

Ол жымиып күлдi де, ақшасын қалтасына салып қойды.

– Миллионер емес, сеньор болу үшiн де бұл ақша аз, – дедi ол.

– Күнiге осынша табыс тапсаң, тұрмыстарың жаман емес шығар? – дедiм оған тағы да тиiсiп.

– Үйде iнi-қарындастарым көп. Жетеу. Ал анам ауру, әкем жоқ. Ол бiздi тастап, қашып кеттi…

Бала мұңайып, төмен қарады. Сұрарын сұрасам да, ыңғайсызданып қалдым.

– Iнiм екеумiз әуежайда жүремiз, – дедi ол. Сөйттi де, бұрышта отырған кiшкентай баланы көрсеттi. Шамамен жасы төртте. Iнiсi кiшiгiрiм ағаш қобдишаны құшақтап отыр. Iшi тола аяқ киiм тазалайтын заттар…

Перу мен Эквадор республикаларының құпияға толы таңғажайып оқиғаларын ұмыту, оның қара домалақ, жалаң аяқ, жалаң бас, дамылсыз жүгiрiп жүрген балаларын жақсы көрмеу мүмкiн емес. Өйткенi, олардың көздерi мөлдiр, жүректерi кiршiксiз, көңiлдерi пәк. Кiмге де болса «сеньор» деп шынайы iзеттілікпен, үлкен үмiтпен қарайды.

Гуаякильдегі қиын күндер

…Портты қаланың бүгiнгi тiршiлiгi бiзге ұнаған жоқ. Алғашқы күннен-ақ, күтiп алған компанияның қызметкерлерi салқынқанды қабылдады. Жолсерiгiмiз түрлi себептер айтып, үнемi кешiгiп жүрдi. Саяхатты «қоян қа­шты» өткiздi. Тiптi уақытымен тамақтана алмаған кезiмiз де болды. Көбiнесе құпиясы мол көңiлсiз қалада өзiмiз жеке-дара  серуендедiк. Олар бiздiң әр қимылымызды аңдумен жүрдi. Ретi келсе, көңiл күйiмiздi түсiруге тырыс­­ты. Олардың әрекеттерiне мән бермей, бұрынғыдан да көңiлдi болуға тырыстық. Мәскеуге таңертең ұшамыз деген күнi түнгi сағат 10-да телефон соғып, «таңертеңгi ұшаққа би­лет жоқ, кешiгiп ұшасыз­дар» деген сылтау айтты. Егер бiз кешiксек, онда Перудегi ұшақ ұшып кетедi де, әуежайда бiр апта аялдауымызға тура келедi. Олардың бұл ұсыныс­тарына келiс­пей, топты басқа ұшақпен ертерек ұшыруын өтiндiк. Олар «тағы да анықтап, қайта хабарласамыз» дедi. Бiрақ ұшты-күйлi жоқ болып, хабарсыз кеттi. Таңғы бесте тұрсақ, қонақ үйдегi электр жарығын түгел сөнген. Қараңғыда бiраз абыржып қалдық. Жарты сағаттан соң ғана жарық жағыл­ды. Алдын ала келiсiлген уәде бойынша сыртқа шықтық. Бiздi ешкiм күтiп алып, әуежайға жеткiзген жоқ. Тек етiк тазалаушы бала ғана әрқайсы­мыздың мазамызды алумен болды.

Бiз елшiлiкпен хабарласып, болған оқиғаны айттық. Таңғы 10-да ұшатын Перудегi Кеңес Одағының ұшағын сәл кiдiртудi өтiндiк. Олар қолдарынан келген бар мүмкiндiктерiн iстеуге уәде бердi. Ендiгi мақсат әуежайға жету едi. Ұшақтың ұшуына санаулы ғана минуттар қалды. Сол кезде қонақ үйдiң қожасы бiздiң қолайсыз жағдайда қалғанымызды естiп, өзі бес такси ұстап, ақысын төлеп, мiнгiзiп жiбердi. Рахмет!

Әуежайға келгенiмiзде жақын арада Перуге ұшақ ұшпайтынын естiдiк. Не iстеу керек? Бiр-ақ жол. Ол – Кито арқылы Перудiң астанасы Лимаға ұшу. Сонда да Мәскеуге ұшатын ұшаққа үш сағат кешiгiп барамыз. Бiрақ бұдан басқа амал жоқ. Ендi Эквадор астанасына ұштық. Жол-жөнекей ұшқыштар арқылы Китодан Перуге ұшатын ұшақтың сәл кiдiре тұруын өтiндiк. Ба­қытымызға орай, әуе кемесi тек қана бiздi күтiп тұр екен. Жүктерiмiз­дi екiншi ұшаққа тией бастады. Бiрақ Эквадор әуе жолдары компаниясы бiзден бiр елден екiншi елге өтiп бара жатқанымызды, ұшақтың бiздi күтiп ке­шiк­кенiн айтып, әрқайсымыздан 5 доллардан ақша төлеуiмiздi талап еттi. Бiр доллар да төлей алмайтынымызды, қаржыны туристердi күтiп алған компанияның беретiндiгiн ескерттiк. Олар ақшамыздың жоқ екендiгiн естiгенде, ұшаққа тиеп қойған жүктерiмiздi қайтадан далаға лақтыра бастады. Шашылған сүмкелерімізді көргенде үміт оты үзілгендей болды. Қыздар жылап жүр. Біздер не істерімізді білмей аң-таңбыз. Әуежай әкімшілігінен көмек сұрап, кірмеген есігіміз жоқ. Қиын сәт ендi басталды. Олар әрi ойланып, берi ойланып, бiр фотоаппарат беруiмiздi өтiндi. Бұл ұсынысқа қуана-қуана келiстік.

…Алыстан Лима әуежайы көрiндi. Қызылды-жасылды, алабажақ ұшақтардың арасынан күмiс қанат «ИЛ-62» көзге оттай басылды. Ол бiздi төрт сағат бойы тағатсыз­дана күтiп тұр екен. Жерге түсісімен тура ұшаққа қарай жүгірдік. Туған жерге деген сағыныш, жол азабы, кері пиғылдағы капиталистік кедергілер, бәрі-бәрі ашу ызамызды кернейді. Әуежай заңы қашанда қатал. Олай істеуге болмайтын да еді. Полиция алдымыздан жүгіріп шығып, қоршалай әуежайға әкелді. Міне, керемет, қолдарына транспоранттар ұстаған елшілік қызметкерлері, Аэрофлот компаниясының өлілдері шықты. Олар бізді бауырларына басып, су беріп, тамақтандырып, билеттерімізді Мәскеуге дейін тіркеп берді. Туған жерге шығарып салды. Мен сонда ұлы ел – Совет Одағының азаматы екенімді мақтан тұттым…

Кейін естідік, сөйтсек біздің топты қайткенде де елге қайтармау жоспарларында болыпты. Егер ұшаққа кешіккенімізде келер ұшаққа билет жоқ. Аэрофлоттың билеті ең арзан, ұшақтары қауіпсіз. Сондықтан жолаушылар алдын ала алып қояды екен. Демек, бір апта бойы әуежайда қаламыз. Сыртқа шығармайды. Не қосымша қаржы төлеп, елшілік қызметкерлерінің онсызда тар пәтерлерін паналауымыз керек. Қазақша айтқанда, шақырылмаған, кететін күні белгісіз қонақ.

1981 жылы екi көршi ел – Перу мен Эквадор мемлекеттерi арасында бiрнеше күнге созылған соғыс өртi тұтанды. Менiң көз алдыма күнi кеше ғана көшеде газет-журнал сатып, аяқ киiм тазалап, жүк көтерiп жүрген балалар келдi. Олар шынымен-ақ қолдарына қару алып, бiр-бiрiн ата бастағаны ма? Лима мен Китода, Атавала мен Амбатода, Ибаррада лама жүнiнен тоқылған киiмдер сатып, күн сайын маза бермейтiн, ал Мачу Пикчуде желмен жарысқан жел аяқтар, тiптi Куско жәрмеңкесiнде маған садақ сатқан бойы бiр-ақ қарыс бала да, джунглидiң асау өзендерiмен бiрге алып жүрген момақан капитандар да қолына қару алып, осы қан майданда жүр ме екен? Бiрақ дәл сол балалардың оқ атып, бiреуге қиянат жасайтынына сенбедім. Сен­бейтiнiм, олар ағайын халық, момақан халық. Бәрi де кешегi Күн баласы атанған инктердiң, кечуа тайпасы үндiстерiнiң ұрпағы ғой!

Біз саяхат жасаған Оңтүстік Америка өзіндік мәдениетімен, салт-дәстүрімен, ешбір халыққа ұқсамайтын тарихымен қарсы алды. Көргенімізден көретініміз, білгенімізден білетініміз әлі де көп еді. Әттең, уақыт тапшылығы деген кедергі-себеп бар. Бірақ көңілге қуаныш ұялатып оралдық. Енді үнемі сағына, аңсай жүретініміз сөзсіз. Өйткені, тілегі бір, ниеті ортақ, жүрек дүрсілі қатар соғып тұратын туыс ел, айнымас бауыр тауып қайттық. Басқалары қайдам, мен қуанышпен оралдым. Ол елде менің үндістер деген туысым тұрады. Әкеміз бөлек, анамыз басқа болса да, түпкі түркі тамырымыз, тегіміз бір екен. Оны мен сол кезде, үндістер арасында жүрген кезде сезгендей болғанмын! Оған мына сөздер айқын да, жарқын да дәлел. Тыңдап қарашы: күн, бiлiм, бояу, бу, бай, ақ, шығу, ике (екi), қату, өкше, тоқпақ, сат, тұр, кел, балдыз, iш, өш, күш, құл, шабу, мол, аңшы, бақа, ипа (апа), көк, уага (аға), тата (әке), аз, ары, қу… Осы сияқты ондаған, мүмкін жүздеген сөздер бар шығар. Ол болашақтың еншісінде. Бұл Оңтүстік, тіпті Солтүстік Американы мекен ететін майя мен кечуа тайпаларының тiлiнде кездеседі. Дәл осы сөздер қазақ тiлiнде де осылай айтылады. Мағынасы да бiрдей. Енді, үндістерді туыс емес деп көр…

Қош, Латын Америкасы! Қош, инктердiң отаны – Куско, жұмбақ қала – Мачу Пикчу, жүрегiмiзге жылылық ұялатқан, қызығы мен құпиясы мол – жунгли! Қош, Амазонканың iнiсi, асау Напо! Қош, Тынық мұхиттың тынымсыз толқындары!

Халықта: «Егер сен өзiңе ұнаған, бауыр басқан жерiңе қайта келгiң келсе, бiр қымбат затыңды тастап кет. Сонда сен ерте ме, кеш пе, сол жерге сөзсiз ораласың», – деген қасиеттi сенiм бар. Олай болса, бiз Латын Америкасына қайта ораламыз. Өйткенi бұл елге, оның  адамдарына деген мөлдiр де шексiз махаббатымызды қалдырып барамыз. Жұмыр жердiң жүрегi дамылсыз соғып тұрғанда бiз әлi кездесемiз. Қош, бiздiң жүрек жылуымызға бөленген балалар – Латын Америкасының ертеңгi болашағы!

Қош, Америка!

Армысың, айналайын Азия!

Алматы – Мәскеу – Лима – Куско – Мачу Пикчу – Кито – Тена – Гуаякиль –Лима – Мәскеу – Алматы.  

        1979 жыл

 

 

 

 

 

 

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button