Жаңалықтар жаңғырығыРуханият

Қазақстанда Әзербайжан ұшағы апатына орай жаңа ән шықты (видео)

АСТАНА. 31 желтоқсан. Қазақстанда өнерпаздар Azerbaijan Airlines (AZAL) компаниясының апатқа ұшыраған лайнеріне ән арнады. Бұл туралы Oxu.az ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

«Теңіз-жүрек» деп аталатын әуез әуе апатында қаза тапқандардың рухын еске алуды көздейді. Ән бірден тыңдаушылардың үлкен қолдауына ие болып, көп жұртты қатты тебірентіп жатыр.

Қазақ және әзербайжан тілдеріне орындалатын композиция екі миллет арасындағы бірлік пен шынайы достықтың символы іспеттес.

Ән шумақтары былайша ширатылады:

«Бір ұяның егізіміз,

Бір айдынның теңізіміз,

Бірімізге ең жып-жылы

Сезіміміз.

 

Бірімізді іздеуменен,

Не бар бірге біз көрмеген?!

Қуаныш пен қайғы ортақ,

Қайғым ортақ сіздерменен.

 

Бір кем дүние!

Қиналса да мейлі жаным-ай,

Үміт келер Шолпан таңымдай,

Аппақ жауындай.

 

Бір кем дүние!

Ет-жүрегім бірге ауырды-ай,

Қарсы тұрдың сынға тауымдай,

Бауырларым-ай!

 

Шоқ жұлдыздар жарық жанған,

Қорғағаны халық болған,

Өмірінің құныменен

Алып қалған…»

 

Әнді тыңдаған әзербайжан қардаштар қазақстандық бауырларына жаппай алғыс айтуда.

Музыканың композициясын Ренат Гайсин жазса, қазақша мәтінін Данияр Алдаберген, оның әзербайжанша нұсқасын Эльмира Дехгани түзген.

Әнді Ренат Гайсиннің өзі орындайды. Ол ресурс тілшісіне берген сұхбатында әуеннің ауыр ойдан туғанын айтады.

«Маған бұл оқиға жайлы айту қиын. Таңертең оянғасын апат жайлы хабарды оқып, дел-сал болдым. Оқиға үшін қатты қайғырдым. Мені экипаж мүшелерінің ерлігі қатты таңғалдырды – олар нағыз ерлер еді. Олар біраз өмірді сақтап қала алды, ал өздері опат болды. Енді мұндай жағдай ешқашан қайталанбаса екен деп тілеймін», – деді ол.

Оның айтуынша, ән аяқ астынан туып кеткен.

«Мен студияға келіп отырып едім, әуен өзінен өзі шыға берді. Мен композицияны жазып алды, ал достарым видеоны монтаждап шықты. Менің қайырманың бірін әзербайжан тілінде айтқым келді», – деді Ренат.

Ол екі тілде ән айту идеясы екі халықтың туыстас екенінен туындады дегенді айтты.

«Бізді тағы бір теңіз – Каспий байланыстырып отыр, мен оны жүрекке теңедім. Ол бір ырғақпен және бір тактімен соғады. Соңғы қайырманы мен өз құрметіміз бен достығымызды білдіру үшін әзербайжан тілінде шырқадым», – деді ол соңында.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button