ТАС БҰЛАҚТЫҢ ТҰНЫҒЫ
Мұхаң осыдан жиырмашақты-ақ күн бұрын Америкадан өзі телефон шалып еді. Емделіп жатқанын айтқан. «Тәуір боп қалдым, Құдай бұйыртса, қолға алып жатқан жиырма жетінші томның ауы мен бауын бітіремін, тағы басқа жазсам ба деп жүрген дүниелер баршылық…» деген. Асыл ағаның мейірімге толы, сәл қарлығыңқы жылы дауысын сол сәт соңғы рет естіп тұрғанымды қайдан білейін. Көңіл көнер, жүрек сенер емес. Ащы өкініш өзек өртейді. Дегенмен, кез-келген қиын сәтте адам өз көңілінен медет табар тірек іздейді ғой. «Айтып өткен ақында арман бар ма, / жүрегінің түбінде кір қалдырмай» деп, Мұқағали айтқандай, Мұхаң, бір тараптан, айтамын дегенін айтып, жазамын дегенін жазып кеткен армансыз қаламгер. Соны медет тұтайық, ендігі алданыш сол.
Мұхтар Мағауин – қазақ Сөзін жаңа заманда сапалық жаңа сатыға көтерген, сиқырлы, жүрдек қаламының ұшынан небір жауһар төгіп, шеберлік шыңына жеткен бірден-бір бірегей талант. Жөргегінен Абай жырының әуезімен әлдиленіп өскен хас саңлақ туған әдебиетімізбен бірге көктеп, бірге жапырақ жайды. Ұлтымыздың рухани болмыс-бітімін, мерейлі биігін, өкінішті мұң-зарын, мың жығылып-мың тұрған тайғақ кешуін Мағауин шығармаларынсыз елестету мүмкін емес. Әдебиетіміз бен тарихымыздың бұрыны мен бүгініне үңілсек, ат басын бұрып, маңдай түзер Темірқазығымыздың бірі Мұхаңның жауһар дүниелері екені талассыз. Сан бояумен құлпырып, мың-сан үнмен сыңғырлаған Мағауин әлемі шексіз шалқар, һәм сұлу, һәм көркем, кірсіз жүрекпен тұңғиығына сүңгі де, керегіңді ала бер, байып, құнарланып шығасың. Ол – аңқаң кеуіп, өзегің талғанда, шөліңді басар тас тұманың суындай тұнығың; адассаң, көз ұшынан шалқып, өзіне шақырар жеті қараңғыдағы шырағың… иәки, бағзы заманның үнін естіп, баба тарихыңды танығың келсе – Мағауинді оқы; байырғы реалистік машықтан бастап, мистикалық, модерндік, магиялық… сипаттағы арғы-бергі сан-алуан жарасымды көркемдік тәсілдің сиқырына арбалып, тылсымына шым батып, шомғың келсе – Мағауинді оқы; ана тіліміздің таңдай үйірер уыз дәмін татып, мейір қандырғың келсе – Мағауинді оқы…
М. Мағауин – алғашқы туындысымен-ақ әдебиет табалдырығын құбылыс болып аттаған теңдессіз тұлға. Таным көкжиегімізді кеңітіп, руханиятымыздың мәңгі көнермес інжу-маржанына айналған «Қобыз сарыны» монографиясы мен «Алдаспан» антологиясын түбіт мұрты жаңа тебіндеген жас талап бозбала жазды дегенге тіпті ишанудың өзі қиын. Бұрын ғылыми ортаға беймәлім, құпиясы қырық қат жыраулар поэзиясын зерделеу арқылы таным-түсінігімізге тың өріс ашып, әдебиет тарихын тұтастай үш ғасыр арыға жылжытты. Бұл әдебиетіміздің бастауын Бұхар жыраумен шектеп, шолақ қайыратын сол тұстағы қатып-семіп қалған ғылыми қасаң догмаға жалғыз өзі қасқайып қарсы шапқан Жеке батырдай көзсіз ерлікпен пара-пар жанкештілік еді. Кейбір бақай есеп күншілдер идеологиялық қырағылық танытқансып күңіренсе де, Мүсірепов, Марғұлан сынды даналар әдебиет көгінде жарқырап туған жаңа жұлдызға таңырқай қарап, ақ батасымен алқады. Әр сөзі саф алтыннан бағалы ұлылардың осыншалық мадақ-мақтауына жас жігіт буыны босап, масаттанып дандайсыған жоқ. Зор үмітпен артылған аманат жүгі деп біліп, шалқар шабыты шалқып-тасып, шабысына шабыс қосты. Бір шығармасынан бір шығармасы бүйірі қызған пырақтай озғындап, жанған жұлдызы жарқырай түсті.
Көркемдік кеңістіктегі биіктік пен тереңдік, кеңдік өлшемдерін шырқауға шарықтатқан қанатты шығармаларында қазақтың арғы-бергі тұрмысындағы ділгір тақырыптартың күллісі мол ауқыммен қамтылды. Қазақтың қала прозасына алғаш қалам тартып, тыңнан түрен салғанның бірегейі де Мағауин. Оның студенттер мен қала интеллигенциясының рухани келбетін көркем айшықтаған «Қара қыз», «Көкмұнар» романдары жастарымыздың басына жастанып жатып оқитын шығармаларына айналды.
Тарих – жазушының айрықша стихиясы. Сонау «Қобыз сарынынан» бастау алған асқақ аңсар «Аласапыранға» жалғасып, одан «Шыңғыс хан» атты төрт томдық, «Алтын Орда» сынды ұлы эпопеяларға ұласты. «Аласапыран» дилогиясында «кердең басты идірген, тізеліні бүктірген» асыл рухты баба қазақтың «аузы түкті кәпірге» бодан болар тұстағы қилы тағдыры азалы жүрек қанымен айшықталса, «Шыңғыс хан» эпопеясы иісі түрки мілләты тарихының көркем энциклопедиясы деуге лайық. «Алтын Ордамен» тұйықталар осынау романдар циклі арқылы қазақтың түп тарихы түгелдей көркем хатқа түсірілді десек, асылық айтқандық болмас.
Қызыл империя кезіндегі ұлтымызды үсті-үстіне сорлатып, омыртқасын үзген қанқұйлы зобалаңдардың ешқайсы да Мағауинның жүрегін сыздатпай өткен жоқ, қаламынан тыс қалған жоқ. Азамат соғысы, Октябрь революциясы, кәмпеске, ұжымдастыру, ашаршылық, 37-нің зұлматы, Отан соғысы, тың игеру, атом полигоны, жалпы ұлттық деградация секілді тізбекті нәубеттің бәрі де «Сары қазақ», «Шақан шері», «Кесік бас, тұлып дене», «Мен», «Балақан», «Қыпшақ аруы», «Бір атаның балалары», «Жармақ», «Жылан жылғы балалық» т.б. роман-хикаяттарында шынайы көркемдікпен көрініс тапты.
Елінің байрақты бостандығына шын шаттанып, жүрегімен қуанған бір адам болса, ол – Мағауин. Оң-солын танымаған сәби шағында-ақ әкесінің қуғынға ұшыраған азапты өмірін көріп, жадау қабақ, жарым көңіл шаңырақта өксікпен булығып өсті. Ол социалистік шадыман өмірді ешқашан асқақтата жырлаған емес. Жан тыныштығын тарихтан іздеді. Бостан замандағы бабаларымыздың асыл рухын, сән-салтанаты жарасқан пейіштей тұрмысын аңсарлы жүрекпен сағына жазды. Мұхаң үшін азаттықтан асқан қастерлі ұғым жоқ. Тоқсаныншы жылдардың басындағы аумалы-төкпелі күйзеліс кезінде бір топ қаламдас қарынның гөй-гөйін айтып күңірене бастағанда: «Енді аштан өлсем де, арманым жоқ, ағайын, өздерің-ақ аңсай беріңдер сол «пейіштеріңді!» деп, Мұхаңның көзіне жас алғаны әлі көз алдымызда.
Қашанда халқының жоғын жоқтап, жыртығына жамау, кетігіне кірпіш боп қалануға ұмтылатын Мұхаң азаттық алған бетте-ақ, бар жұмысын ысырып қойып, «Қазақ тарихының әліппесін» жазды. Советтік кесірлі, аяр саясаттың ықпалымен аузы-мұрыны қисайып, теріс насихатталып келген төл тарихымыз туралы жалған, жабайы түсініктен арылып, ұрпақ санасын серпілтудегі мұндай еңбектің мән-маңызын айтып жеткізудің өзі мүмкін емес.
Бүгінде «Жаңа Қазақстан» жаңа қолға алып жатқан ұлттық идеологияның тұғырнамалық қағидаттарын Мұхаң сонау тоқсаныншы жылдардың басында-ақ өзінің әйгілі «Ұлттың күре тамыры», «Ұлтсыздану ұраны» тәрізді аналитикалық эссе кітаптарында тұжырымдап қойған болатын…
Бүгін міне, ұлтым-қазағым деп көл қорыған қызғыштай шырыл қаққан ұлы жүрек тоқтады. Алаш өзінің ұзын тарихында сирек туар абызынан айрылды. Мұхаң менің туыстан да жақын туысым, асыл ағам, әдебиеттегі ұстазым, рухани тірегім еді. Етімнен ет кескендей ішім күйіп, күйреп отырмын. Һәм Мұхаңның дидарын көріп, шарафатына бөленген, жауһар шығармаларының шәрбәтына шомылған миллиондаған жандардың ащы жасқа тұншығып дәл мендей күйге кешіп тұрғанын бек әйбәт түсінемін. Кел, өксікті бауырлар, қазалы сәтте бір-бірімізге сүйеніп тұрып, елді-жерді сүюді, ар алдында адал болуды бар болмымысымен тағлым етіп кеткен Ұлы Аруаққа тағзым етейікші…
Тұрысбек СӘУКЕТАЕВ