Си жолдасты сынаған Қытай миллиардері 18 жылға сотталды
БЕЙЖІҢ. 22 қыркүйек. ҚХР лидері Си Цзиньпиньді коронавирус пандемиясы кезіндегі әрекетіне байланысты қатты сынаған қытай миллиардері 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы CNN хабарлады.
Қытайдың жоғары лауазымды шенеуніктерімен тығыз байланысы бар, құрылыс салушы, жылжымайтын мүліктер саласындағы магнат Жэнь Чжицян наурыз айында ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің коронавирус эпидемиясына қатысты жасаған жұмыстарын сынға алған кекесінді эссе жазғаннан кейін жоқ болып кеткен. Кейінірек миллиардерге жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылық жасады деген айып тағылды.
Бүгін, сейсенбі күні Бейжіңде өткен сот Жэнь мемлекеттің 16,3 миллион доллар қаржысын ұрлады, пара алды және билігін асыра пайдаланды, осы арқылы мемлекетке жалпы сомасы 17,2 миллион доллар мөлшерінде залал келтірді деп тапты.
Сот магнатты 18 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарып, 620 000 доллар шамасында айып салды. Сот сондай-ақ ол «өзінің барлық қылмыстарын өз еркімен мойындады» және «өзінің заңсыз табыстарын толық қайтарғаннан кейін соттың шешімін орындауға дайын болды» деп мәлімдеді.
69 жастағы Жэнь Чжицян сот шешіміне апелляция бермейтінін білдірді. Бейжіңнің аралық деңгейдегі халық сотының мәлімдеуінше, құрылыс салушының 2003-2017 жылдар аралығында қазынаның 49,74 миллион юань мөлшеріндегі қаржысын иемденіп кеткені анықталған.
CNN атап өткендей, Жэньге осыншалықты қатал үкімнің шығарылуы, байқалып тұрғандай, Бейжіңнің пандемия зардаптарымен және АҚШ тарапынан ұйыымдастырылып жатқан үдемелі халықаралық қысыммен бетпе-бет келіп жатқан кезінде Сиді көпшілік алдында сынау мен оған бағынбаудың жол берілмейтін нәрсе екенін қытай элитасының басқа мүшелеріне білдірілген өзіндік бір дабыл сияқты.
Революциялық отбасынан шыққан және өзі де ҚПК мүшесі болып есепте тұратын Жэнь Чжицян Қытайдың саясаты туралы жиі шамадан тыс ашықтан-ашық сын айтып жүрді, ол өзінің турашылдығына орай әлеуметтік желіде «Үлкен зеңбірек Жэнь» деген де атау алды, сонымен бірге үлкен кедергілерге кезігіп келді.
Жұрт авторы Жэнь деп есептеп жүрген наурыз айында жарияланған эсседе партияның баспасөз бостандығына қысым жасап, бөгде ойларға төзбестік танытатыны өткір сынға алынған. Эсседе Си есімі тікелей аталмаса да, онда елдің жоғары лидері билікке құмар «жалаңаш сайқымазақ» ретінде жанамалай айтылып өтеді. Туындыда сондай-ақ Қытай коммунистік партиясының басқару тізгінінен айырылмау үшін өз мүддесін қытай халқының қауіпсіздігінен жоғары қоятыны сын тезіне алынған.
Эссе желіде жарияланғаннан кейін көп ұзамай Жэнь кенет із-түзсіз жоқ болып кетті, туған-туыстары ол қамауға алынған шығар деп қауіптенді. Расында солай болып шықты, билік өкілдері оның үстінен тергеу жүріп жатқанын мойындады. Ал шілде айында Жэнь коммунистік партия сапынан шығарылды. Осының өзі оның қылмыстық жауапқа тартылғалы жатқанын байқатты.
Жэнь Чжицян 2016 жылы әлеуметтік желіде Си Цзиньпиннің мемлекеттік БАҚ-тар партияға адал болуы керектігі жөніндегі талаптарына күмән келтіргені үшін тәртіптік жаза алған болатын. Сол жолы ол шартты жаза алды. Ал оның Weibo платформасындағы (Қытай Facebook-ы) барынша танымал аккаунты жабылды. Мемлекеттік БАҚ-тар оны «батыстық конституционализмге бүйрегі бұратындығы» үшін сынады.
Қазір магнаттың жағдайы әлдеқайда күрделірек болып тұр – егер ол кесімді мерзімін толық өтейтін болса, түрмеден 87 жасында бір-ақ шығады. Әрине, оған дейін өмір сүре алса…