Басты баған

Праймериз парқындағы пайым

Президент сайлауы кезінде бір ғана Әміржан Қосановтың өзі қаншама жұртты ақымақ қылып еді. Енді Мәжіліс пен  мәслихат сайлауы кезінде «Нұр Отанның» праймеризі талай адамды тап солай ақымақ ететін түрі бар. Мұның мәнісін төменде айтып беремін.

Мен ең алдымен алдағы сайлауда барлық жастар мен орта жастағылардың топ жарып шығуларына тілектестік білдіремін.

Ал сайлаудың қорытындысында жастардың аздап болса да саяси сауаты көтеріледі, одан кейін «Нұр Отан» партиясының өз мүшелерін қалай айран-асыр «жынды» қылғанын түсінеді, деп ойлаймын.

Осы жерде біз бір нәрсені жақсылап ұғып алуымыз керек: Партия ішілік праймериз ешкімнің депутат болуына кепілдік бермейді, ол депутат болғанды білдірмейді. Оған қажетінен де артық кандидат тіркеліп өтеді, партия ішілік дауыс беруден өтуге шектеу болмайды. Бірақ ең соңында тізімді бәрібір төрағалар жасайды.

Мәжіліске баратын «нұротандықтардың» (депутаттардың) тізімін Нұрсұлтан Назарбаев түзеді. Мәслихатқа сайланатын депутаттар тізімін облысқа – облыс әкімдері, аудандарға аудандар әкімдері бекітеді. Осыны дұрыс түсінгендеріңіз жақсы, кандидат мырзалар!

Сіздердің көпшілігіңіз әлгіндегі кісілердің назарында болмасаңыздар, тізімге ілінбей қалған резерв болып тұра бересіздер.

Бұл – биліктің тағы бір қулығына құрық бойламайтын нағыз қитұрқы саясаты, жастарды алдау жолымен праймеризге мүмкіндігінше көбірек тартып, демократ болып көріну саясаты. Аңқау елге арамза молда болудың бір кескіні. Бірақ арамдықтың құйрығы бір тұтам, ол ертең-ақ аймандай болып ашылып, айрандай болып әшкереленеді. Сол кезде барып, жастар «Нұр Отан» көсемінің неге бұлайша атымтай жомарт бола қалғанын жақсы түсінеді. Бұдан жұрттың көңілі қалады. Бірақ бұл оппозиция үшін тиімді болып шығады.  Партиядан көңілі қалған толқын соларға қарай ауады.

Тағы бір айта кететін жайт, мына сайлауда, амандық болса, талай кәрі-құртаң үміткер, депутат болады. Себебі, ұяты жоқтар жастармен жағаласып, төрге қарай ұмтыла берулерін қоймайды. Оларда үлкен болып, үйде отыру, көшедегі жұртқа көшелі сөз айтып, ақсақалдық көрсету деген санадан сызылып қалған.

Ешқашан үлкеймейтін мұндай өзімшіл санасыздар артында ұрпақ бар екенін ойламайды да. Бұл ретте мен, әсіресе, мәслихаттарға зейнеткерді енгізуді нағыз масқарашылық деп білемін. Патшалық Ресей кезінде де зейнеткер земство мүшелері болған емес, кеңес дәуірі кезінде де жергілікті кеңесте зейнеткер депутаттар болмап еді, ал тәуелсіз Қазақстан кезінде керісінше мұндай үрдіс бүр жарып, гүлдеп кетті. Кәрі түйе ойнақтаса, жұт болатынын жұрт паққас ұмытты.

Мен кеңес дәуірі кезінде халық депутаттары аудандық кеңесінің депутаты болғам, сол кезде біздің Арал ауданында 75 депутат болды, бірақ арасында бірде-бір зейнеткер депутат жоқ-тын. Қазір ауданда айналдырған 15 депутат қана бар, соның да 4-5-уі зейнеткер. Бұл не үшін? Ұялуымыз керек қой, тым болмаса. Бұл масқара емес пе? Өкінішке орай, мұндай жағдай жалғыз бізге ғана емес, облыстағы барлық аудандарға тән.

Естуімше, қазір бірнеше зейнеткер қайтадан депутат болуға әкіммен келісіп қойған. Зейнеткерлер-ау, әкім көңілдеріңізді қимас, бірақ өздеріңіздегі ұят қайда? Жастармен жағаласып, селкілдесіп жүру сіздерге зор мақтаныш па, мызғымас бедел ме? Аудандық мәслихат кәсіби парламент емес, жастарыңыз келді, қызметтеріңізді жасадыңыздар, енді орындарыңызды жастарға, зейнеткер еместерге берсеңіздерші. Әйтпесе, әкімді қазірден бастап өтірік айтуға мәжбүрлеп жатырсыздар. Ол сіздерді алып қалу үшін өтірік айтуға мәжүбір болуда. «Жоғарыдан тапсырма бар, бұрынғы депутаттардың 50-60 пайызы қайта сайлануы қажет» деп жүргенін естіп отырмын. Бұл, әрине, шылғи өтірік. Ондай тапсырма болмайды.

Енді қараңыздар. Сол 50-60 пайыздың ішіне пайғамбар қайтыс болған (63 жас) жастан асқан, аузында тісі жоқ, миы сұйылған 65-75 жас арасындағы сендер болмасаңдар болмай ма? Бұл – бір. Екінші – жастар, кандидаттар (білмейтін үлкендер де бар) мына нәрсені түсінсе екен деймі: сіздердің жеке депутаттық бағдарламаларыңыз болмайды, партияның ғана бағдарламасымен жүресіздер, тіптен партияның фракцияда қабылданған бірде-бір бағдарламасына да қарсы дауыс беру құқықтарың болмайды. Осындай шеңберде жұмыс жасайтын Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау үшін Қазақстанда ешқандай сайлау округін қалдырған жоқ, (мажоритарлық сайлау жүйесін жойды) барлығын жойды да жергілікті жерге де партиялық тізіммен депутат сайлауды енгізді.

Бір таң қаларлығы, бұрыннан депутат болып жүрген кейбір мәслихат депутаттары халық алдында есеп бергенде, жасаған қайырымдылықтарын (біреуге шай, ұн, үйіне құм түсіріп бердім деген тәрізді) айтады, сондай есептерді тыңдағанда, кірерге жер таппайсың, себебі, ол депутаттық міндетке жатпайды.

Депутаттың міндеті – парламентте Заң қабылдау, заңды жетілдіру. Мәслихатта заңға сәйкес шешім қабылдау. Атқарушы биліктің (әкімнің) жұмысына баға беру. Қазір кеңес дәуіріндегідей депутатқа аманат жүктелмейді.

Сайлаушы біздерге қатысты бірер сөз. Біздің арамызда кейбір кісілер кейде парламент депутатының алдына орынсыз мәселе қойып, аманат тапсырғандай, «бізге жол салдырып бер», «ана кемшілігімізді түгендеп бер» деген сияқты өтініш айтып жатады. Бұл енді артықтау нәрсе, сауаттылыққа жатпайды. Біз парламент депутаттарына заңның артық, кемін түзетуді ғана айтуымыз қажет. Ал мәслихат сессиясында қаралатын мәселелер БАҚ-та алдын ала жарияланады, соған белсенді араласуымыз керек. Өз кезегінде мәслихат қоғам өкілдерін тұрғындарды сессия немесе тұрақты комиссия отырыстарына шақырып немесе арнайы құрылған жұмысшы тобына қосып, пікірін тыңдап отырса, дұрыс болар еді.

Сайлауға қатысты менің айтпағым негізінен осылар еді.

Көлбай ДАНАБАЙ,

«Тұран ойпаты – Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button