Қазақстан Ғылым академиясының жаңа академиктері сайланды
АЛМАТЫ. 27 тамыз. Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым академиясының жаңадан сайланған академиктерін ресми таныстыру салтанаты өтті. Бұл туралы Orda.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Жиынға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, 40-тан астам университеттің ректорлары және 50-ден аса ғылыми-зерттеу институттарының басшылары қатысты.
Диплом табыстау рәсімі алдында Ұлттық Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев сөз сөйледі.
«Біз академия құрамына қоғам қайраткерлерін, саясаткерлер мен табысты кәсіпкерлерді қосуды жоспарлап отырған жоқпыз. Тек байқау нәтижесінде, сайлау арқылы ғана академик атануға болады. Академиктердің саны көп болмайды, біз олардың қатарын көбейтпеуіміз керек», – деді ол.
Жалпы, әзірге академик атанған 9 адамның ішінде белгілі математик Асқар Жұмаділдаев, «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» КЕАҚ басқарма президенті Ақылбек Күрішбаев, Қазақ нейрохирургтары ассоциациясының президенті Серік Ақшолақов, «PERSONA» халықаралық клиникалық репродуктология орталығының жетекшісі Вячеслав Локшин, «Назарбаев Университеті» ДББҰ қауымдастырылған профессоры Сұраған Дөрбетхан, Энергетика министрлігі «Ядролық физика институты» Астана филиалының директоры Максим Здоровец, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Тілекқабыл Рамазанов, «Өсімдіктер биологиясы және Биотехнологиясы институты» ШЖҚ РМК молекулалық генетика зертханасының меңгерушісі Ерлан Тұрыспеков, «Назарбаев Университеті» ДББҰ Вице-президенті Дархан Біләлов бар.
Жиында жаңадан сайланған академиктерге диплом мен төсбелгілер табыс етілді.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек онлайн-платформа арқылы сөз сөйледі.
«2023-2025 жылдар аралығында ғылымды қаржыландыру көлемі 643 млрд теңге болды. Оның 2023 жылғы 125 млрд теңгедей құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 жарым есе көп. Әрине, ғылымды қолдау тоқтап қалмайды. Ғылымды дамыту ғалымдарды қолдаудан басталады. Мемлекет басшысы ғылымдарды әлеуметтік қолдау мемлекеттің міндеті екенін атап өтті. Бұған дейін жас ғалымдарымыз президент қолынан жаңа пәтер кілтін алған болатын. Былтырдан бастап «Отбасы банкпен» бірігіп, министрлік арнайы баспана алу үшін бағарлама басталды әрі қарай жалғасады».,– деді ол.
Министр академик атағын алған азаматтарды құттықтап, істеріне табыс тіледі.