Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Белорустың сұлу триатлоншы қызы неге жұмыстан айрылды? (фото)

Тритлоннан Беларусьтің 2019 жылғы чемпионы Валентина Зеленкевичтің жасы 21-де. Ол екі мәрте спорт шебері, яғни спорттың екі түрінен осындай атақ алған. Елдің ұлтық құрамасының мүшесі. Бірақ 31 тамыз күні осы жас та сұлу спортшы қыз өзінің жұмысынан айырылып қалды. Саяси себептермен, яғни наразылық қозғалысына қатысушыларды қолдап, соларға тілектес болғаны үшін. Ол өзінің қызметтен шеттетілуіне осы азаматтық позициясының әсері болғанынан титтей де күмән келтірмейді. Рас, оған жұмыс берушілер конртактінің созылмай қалуында ешқандай саяси астар жоқ екенін айтып ақталады. Бірақ берген спортшыға берген жауаптары мұның мүлде бұлай емес екенін айқын аңғартады.

Беларусьтің Tut.by ақпарат агенттігінің тілшісі Виктория Ковальчук осыған орай Валентинаның өзімен тілдескен екен. Біз соның ықшамдалған нұсқасын аударып жариялап отырмыз.

– Сіз бұрын ешуақытта саясатпен айналыспағаныңызды айттыңыз. Жағдай президент сайлауынан кейін неге өзгерді?

– Менің көзқарасымша, болып жатқан жағдайдың бәрі – соншалықты бір саяси мәселе емес. Біз тек, өзімнің есебімше, сайлауда өзіміз үшін баяғыдан бері ешбір жаңалық болмаған әділетсіздіктерді тағы да байқадық. Ал мұның артынан көшеде зорлық-зомбылық пен агрессия басталып кетті. Жұрт өзіне деген мұндай қарым-қатынастан шаршап кетті. Былайша айтқанда, 26 жыл деген көп, ал оған тағы бес жылды қоссаңыз, одан да көп болып кетеді. Сондықтан халық өзін билік естіп, диалогқа келуі үшін қарсылық қозғалысына шыға бастады. Мен болып жатқан сол оқиғаларды күнбе-күн көре тұрып, спортшы ретінде де, жай қарапайым адам ретінде де бәріне енжар қарап, бейтарап болып жүре алмадым. Сонда мен жарыс жолына шыққан кезде жұрт маған жанкүйерлік жасаған болатын, енді тап солай халықпен иық тіресіп тұру кезегі менің өзіме де келгенін сезіндім.

– Сіз үлкен марштарға ғана емес, сонымен қатар әйелдердің ынтымақтастық қозғалысына да қатыстыңыз. Сонда сіздің алған басты әсеріңіз қандай?

– Көргендерімнен алған басты әсерім «біз қандай көп едік!» деген сезім болды. Жұрт әділін айтып жүр, біз осы жазға дейін шынында бір-бірімізді білген жоқпыз. Тарихи жағдай солай қалыптасты: біз ұдайы қорқынышпен өмір сүріп келдік. Бізде бала жасымыздан «ештеңе айтпа, әйтпесе дегеніңе жете алмайсың» деп үйретті. Біз осылайша үнемі «жағдайымыз бұдан да жаман болып кететін шығар» деп, артық бір нәрсе айтып қоюдан қорықтық.

Қазір мен өзгере бастаған жұртты көріп жүрмін. Белорустардың жаңа ұрпағын көрдім. Маған ескірген билік сонау 90-шы жылдарда қалып кетіп, батыл да креативті жастар алға шығып кеткендей болып көрінеді. Біз қазір өткен мен бүгінгінің күресін көріп жатырмыз.

– Сіз неге өз позицияңызды көпшілік алдында мәлімдемек болдыңыз?

– Мен мұндайда үнсіз қалмайтын және өзінің атынан посттар жазатын адамдардың болатынын көп көрдім. Солай етсем, мені соның салдарлары күтіп тұратынын да түсіндім, бірақ сонда да үнсіз қалмауға бекіндім. 12 тамыз күні мен инстаграмда сайлаудан кейін тап осылай боларын күтпегенімді және бұл үшін қатты толқып кеткенімді білдірген пост жаздым. Менің тебіренісім соншалықты күшті болды. 13 тамызда маған Tristyle клубының аға жаттықтырушысы және маған жұмыс беруші Дмитрий Толкачевтен ескерту келді. Ол маған алаңға шықпау, бұл тақырыпқа ешқандай пост жазбау, өзімді тыныш-бейбіт ұстауым керектігін, әйтпесе мұның мен үшін және мені қоршаған адамдар үшін оң сипатынан гөрі кері әсері көп болатынын айтты. Ол: «Мен сенің жаттықтырушыңмын, мен сенде бәрі жақсы болғанын қалаймын. Мен сенің қауіпсіздігің мен денсаулығың үшін жауап беремін», – деді. Мен өз кезегімде оған мұның бәрін ескеретінімді білдірдім, бірақ ешқайда шықпайтыным және тағы басқалар туралы уәде берген жоқпын.

– Сол жазбадан кейін тура 10 күн өткенде, сіз бәрібір жексенбілік үлкен марштан зор сурет пен пост жарияладыңыз.

– Иә, мен сол митингіде болдым және алаңда ақ-қызыл-ақ жалаумен түскен суретімді жарияладым. Тура бір сағат өткеннен кейін жаттықтырушым: «Валентина, мен сенен өтініп едім ғой…» деген смс жіберіпті. Мен бұған: «Кешіріңіз, жаттықтырушы, өзімді өзім ұстап тұра алмай, алаңғы шықтым», деп жауап қайтардым.

Ол мен соншалықты белсене күресіп жүрген бұл жалаудың мен үшін қаншалықты қымбат екенін түсіндіруді сұрады. Мен оның тәуелсіз Беларусьтің жалауы екенін айтып түсіндірдім. Өз кезегінде мен одан сайлауда кім үшін дауыс бергенін сұрадым. Ол «іс басындағы билікке» деп жауап берді. Мен сол кезде біздің көзқарастарымыз ұқсаспауы мүмкін екенін айттым. Бұған жаттықтырушы: «Онда біз сенімен қош айтысамыз», деген жауап қайтарды.

24 тамыз, дүйсенбі күні жаттығуға келіп едім, жаттықтырушымнан: «Сен неге келдің? Мен саған қоштасатынымыз туралы айтқан жоқпын ба, 1 қыркүйектен бастап сен енді мұндай болмайсың», деген дауыс естідім.

Тағы бір күннен кейін ол мені кабинетіне шақырып алып әңгімелесті. Жаттықтырушы оның енді менімен жұмыс істесетін тілегі жоқ екенін, мен өзімнің саяси мәлімдемелерімен өзін ұятқа қалдыратынын айтты. Оның айтуынша, мен егер іс басындағы билікке қарсы болсам, маған мемлекеттік мекемеде жұмыс істеуге болмайды екен.

Жаттықтырушы менің спортшы ретінде де, жаттықтырушы ретінде де тіркелген Tristyle клубымен жасасқан келісімшартымды созбауға шешім қабылдағанын жеткізді. Иә, оның мерзімі бітіп жатыр, бірақ Еңбек кодексіне сәйкес мұны маған ешкім бұған дейін жазбаша хабарлаған жоқ.

Жаттықтырушы сондай-ақ өзім тіркелген велоспорт жөніндегі республикалық олимпиялық дайындық орталығынан өз еркіммен жұмыстан шығуымды өтінді. «Не мен сені перспективасы жоқ спортшы ретінде бұйрықпен шығарамын», деді ол.

– Сіз бұған не деп жауап бердіңіз?

– Мен неге бұлай болып жатқанын білуге тырыстым. Неден? Менің азаматтық позициямнан ба? Спорт деген саясаттан тыс емес пе? Бірақ ол маған мұның бәрі саясаттан емес деп түсіндіруге тырысып бақты.

Келесі күні мен оған ешқандай сұрақ қоя алмадым. Себебі, мені клуб спортшыларының чатынан шығарып тастапты. Жаттықтырушы менің келісімшартымды да блоктап тастапты. Былайынша барлық арналарымды жауып тастаған.

– Жұмыстан шығарылғаннан кейін қандай күйді бастан кештіңіз – ашу ма, реніш пе, өкініш пе?

– Әрине, мен бұған таң қалып, аң-таң болдым. Жаттықтырушы мен үшін барлық уақытта өзім еліктейтін қымбат адам, бедел болды. Сондықтан мына әрекеті жаным қатты батып, реніш туғызды.

Жұрттың көбі сосын маған «саған суретті алып таста, үндеме, жұмысыңда қаласың десе, мен келісер едім» дегенді айтты. Мен ондайларға: «Жоқ, мен өзімнің позициямды өзгертпеймін және сөзімді кері қайтып алмаймын», деп жауап бердім. Мен тіпті жаттықтырушым кешірім сұраса да, қайтып оралмайтынымды білемін. Кешірімін қабыл алғаныммен, мен мұндай адаммен бұдан әрі жұмыс жасаспас едім.

 – Айтыңызшы, белорус триатлонын кім қадағалаушы еді, сіз клуб пен құрамада қандай орын алушы едіңіз, сізді неге перспективасыз спортшы етіп көрсетпек болды?

– Мен Tristyle клубында екі жарым жыл жанымды аямай жұмыс істедім. Онда өзімді клубтың тұлғасы болдым деп есептеймін. Маған өзімді қолынан түк келмейтін кезде қабылдап алғандай болатындарға таң қаламын. Мен бес жасымнан бері спортпен шұғылданып келемін. Ал 13-імде суға жүзуднн спорт шебері болдым. 17 жасымда қазіргі заманғы бессайысқа кеттім, соңына триатлонға тап келдім.

Қазіргі таңда мен спорттың екі түрінен – суда жүзу мен триатлоннан спорт шеберімін. Триатлонға келген жылы-ақ спорт шеберінің нормативін орындап, құрамаға қабылдандым.

Қазіргі сәтте сізге кім қолдау көрсетіп жүр?

– Жұмыстан кетіп, директордың кабинетінен шыққан кезімде мен өзімді жалғыз сезіндім, кімге хабарласып, немен айналысатынымды білмедім. Бірақ маған Беларусь спорт ынтымақтастығы қоры қатты көмектесті.

Мен қирап қалғандай едім, сол кезде маған өзіммен пікірлестердің табылғаны қандай бақыт, мен содан кейін біз бәріміз бірге болсақ, ештеңеден қорықпайтындай сезіндім.

Солай ма, жоқ па, әйтеуір өзімнің дұрыс қадам жасағаным турасында ой жылт ете қалды. Ең бастысы, мен өзімді адам ретінде сақтап қала алдым.

Сіздің жұмыстан қуылғаныңызды жақындарыңыз қалай қабылдады?

– Мен бірден анама хабарласып: «Болуға тиісті нәрсе болды» дедім. Басында анам, әрине, қатты қайран қалды. Бірақ мен өзіме қысым көрсете бермеуін сұрадым, ешқашан өзімді өзім таптатпайтынымды түсіндірдім. Анам менің бала жасымнан адалдық пен әділдік үшін күресетінімді жақсы біледі. Сондықтан ол мені түсіне алды.

Ата-аналарың тарапынан қолдау алудың маңызы зор.

Сіз бар болғаны 21-десіз. Егер Беларусь сізге өз спорттық әлеуетіңізді көрсетуге мүмкіндік бермесе, эмиграцияға кетіп қалу ойыңызда жоқ па?

– Шын мәнінде ондай ой бар. Мен дәл қазіргі сәтте Беларусьтегі триатлонда өз орным жоқ екенін түсінемін. Менің жаттықтырушым республикалық олимпиялық дайындық орталығының директоры лауазымын атқарады, триатлонның басқа жаттықтырушыларының бәрі онымен әртүрлі байланыстарда жұмыс жасайды.

Менде олимпиялық орталық беріп келген құрал-сайман жоқ. Жаттықтырушы іздеп кететін бай күйеуім де жоқ. Сондықтан жай ғана жаттығу өткізу үшін де өзіме қажетті деңгейдегі велосипедті сатып ала алмаймын.

Бірақ өзімнің кәсібіммен қоштасқым келмейтінін түсінемін, өйткені, ол шын мәнінде енді ғана басталып келе жатыр ғой. Оның үстіне, триатлон – спорттың айтарлықтай ересек адамдар шұғылданатын түрі. Сондықтан 21 жаста оны тастап кету тым ерте болар еді.

Қор мені жұмысқа орналастыруға және жаттығатын жер тауып беруге уәде етіп отыр. Бұған қоса, мен өзім басқа да варианттарды іздестіріп жатырмын, әзірге бағытты Мәскеуге қарай ұстап отырмын. Онда триатлон клубтары өте көп.

(Суреттердің бәрі инстаграмнан алынды)

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button