Үнді ауылының тұрғындары қолтырауынды кепілге алды
НЬЮ-ДЕЛИ. 15 қыркүйек. Үндістанның «Мидания» ауылының тұрғындары өтемақы сұрау үшін қолтырауынды кепілге алды. Бұл туралы AFP хабарлады.
Агенттік хабарлағандай, оқиға Уттар-Прадеш штатында орын алған. Онда аталмыш ауылдың тұрғындары екі метрлік рептилияны ұстап, қамап қойған. Қолтырауын штатта болған тасқыннан кейін жақын маңдағы қорықтан шығып кеткен екен.
Әуелгіде жергілікті тұрғындар тоғанда тығылып жатқан жануарды көргенде айран-асыр болған. Сосын олар бұдан пайда табуды көздеп, өздерінше жоспар құрған. Мұның соңы қолтырауынды кепілге алып, оған қорық басшыларынан өтемақы сұрауға барып тірелген.
Қорықтың айналасындағы буферлік аймаққа жауап беретін шенеунік Анил Патель агенттік тілшісіне жергілікті тұрғындардың алдымен қолтырауынды ұстап алғандарын, сосын оған 50 000 рупий қаржы өтемақы сұрағандарын айтып берді. «Бізге жергілікті полиция мен биліктің көмегіне сүйеніп, оларды қолтырауынды босатуға көндіруге бір сағаттай уақыт кетті», – дейді Патель.
Тұрғындарға мұның қылмыстық жауапкершілікке алып баратынын түсіндіруге де тура келді. Ресми кісілер бұл үшін жеті жылға дейін түрмеде отыруға болатынын айтып жеткізді. «Олар қолтырауынның жабайы табиғатты қорғау туралы заңның шеңберінде қорғалатынын білмеген екен», – деді ол.