РФ соты «Ичкерия – Шешен Республикасын» лаңкестік ұйым деп тапты

ГРОЗНЫЙ. 7 сәуір. Грозный соты «Ичкерия – Шешен Республикасын» терроршы ұйым деп таныды. Бұл туралы «КоммерсантЪ» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Шешенстан байтағының «қара қылды қақ жаратын қазылар қауымы» оны Еуропа елдеріндегі филиалдары арқылы жұмыс жасайтын террористік ұйым деп бағалап, барлық қызметіне тыйым салатын қаулы шығарды. ФСБ-ның қоғамдық байланыстар орталығы осындай хабар таратты.
Шешімді Грозный шаһарының Шейх-Мансуров аудандық соты шығарды. Ұйымның өзінен басқа, Еуропаның 14 еліндегі 29 филиалы да террористік бағыттағы ұжым ретінде танылды.
ФСБ мәліметтері бойынша, 2007 жылдың қараша айынан бастап құрылымды ұйымдастыруға байланысты «террористік сипатта қылмыстар жасағаны үшін халықаралық іздеуде жүрген және Ұлыбританияда жасырынған» Ахмед Закаев басқарады.
ФСБ аталмыш лаңкестік ұйым мүшелері арнайы соғыс операциясы (СВО – АСО) басталғаны бері жау жағында ұрыс қимылдарына қатысып келе жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, олар Белгород және Курск облыстарындағы диверсиялық акцияларды жүргізуге атсалысқан.






