Жапонияда жасы 100-ге жеткендер саны 80 мыңнан асты
ТОКИО. 15 қыркүйек. Жапонияда жасы 100-ден асқан адамдар саны 80 мыңның үстіне шықты. Бұл туралы ТАСС хабарлады.
Сейсенбі күні денсаулық сақтау министрлігі жариялаған елдің әл-ауқаты жөніндегі мәліметтерде бұл дерек те келтірілген.
Есепте Жапонияда қазір жасы жүзден асқан 80 450 адамның тұратыны атап көрсетілген. Жыл ішінде бұл көрсеткіш 9 176 адамға өсіпті. Жүзден асқандардың 88 пайызын, яғни 70 975-ін әйелдер құрайды. Ведомоствоның мәліметі бойынша, ең үлкен әйелдің жасы 117-де болса, ер кісінің алды 110-ға келіп отыр. Бұлардың біріншісі Фукуока префектурасын, екіншісі Нара префектурасын мекен етеді.
Тек өткен жылы ғана Жапониядағы жасы 100-ден асқандар саны 70 мыңның үстіне шыққан екен. Арада бір жыл өткенде, олардың қатары 80 мыңға жеткен көрінеді.
Бірақ Күншығыс елінде алаңдатарлық жағдай да жоқ емес. Сарапшылар болжамы бойынша, елде дәл қазіргідей демографиялық проблема сақталған жағдайда 2053 жылға қарай Жапонияның халқы 127 миллионнан 100 миллионға дейін азаяды, ал 2065 жылы 88 миллионға дейін түседі, ал бұлардың 38 пайызын жастары 60-тан асқан қариялар құрайтын болады.