Айтулы азамат, ағайын мен айналасына сыйлы тұлға, Сыр бойының тумасы Әбдікәрім Ерденов бірқатар уақытқа созылған науқастан кейін қайтыс болды.
Ерденов Әбдікәрім Пірзадаұлы 1957 жылы 5 наурызда Қызылорда облысы, Шиелі кентінде туған. Руы – қыпшақ, соның ішінде торы, бұдан әрі құлпейістен тарайтын жеті ру шаштының ішіндегі байсары.
Әбдікәрімнің балалық шағы Шиелі өңірінде өтті. Ол бала жасынан еңбекқор болып өсті, мейірімді, сабырлы мінезімен ерекшеленді.
1964-1974 жылдары Шиелі кентіндегі Октябрьдің XIV жылдығы атындағы №45 қазақ орта мектебін бітіріп, 1975-1977 жылдар аралығында кеңес әскері қатарында Отан алдындағы борышын өтеді.
Әбдікәрім Ерденов 1978-1983 жылдары Еңбек Қызылту орденді Алматы ауыл шаруашылығы институтында оқып, «инженер-механик» мамандығын алды.
Еңбек жолын Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, «Қызылту» (қазір Ы.Жақаев атында) колхозында шофер лауазымынан бастап, бас инженерге дейін көтерілді.
1989 жылы Қызылордадан Алматы өңіріне қоныс аударып, Алматы облысы, Қарасай ауданы, Райымбек атындағы совхозда механиктен бас инженер қызметіне дейін өсті.
1998-2020 жылдар аралығында Қазақ мемлекеттік циркі, С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ университетінде, М. Ауезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында еңбек жылдарын өтеді. Өмірінің көп бөлігін бас механик мамандық саласына арнады. Әріптестері арасында сыйлы, өз ісінің шебері болды.
1980 жылы Үркімбаева Күлбике Жұманқызымен отау құрып, 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды, 5 баласынан 16 немере сүйіп, үлгілі отбасы иесі, адал жар, асқар тау әке, мейірімді ата бола білді.
Оның өмірлік ұстанымы – адалдық, еңбекқорлық және адамгершілік болды. Айналасына тек жақсылық жасап, артында өшпес із қалдырды.
Әбдікәрім Пірзадаұлы 2026 жылы 11 сәуірде өмірден өтті. Марқұмның жарқын бейнесі мен жақсы істері туған-туыс, дос-жаранның жүрегінде мәңгі сақталады.
Арамыздан осылай жаны да, тәні де сұлу, адал, абыройлы, салиқалы азамат бақилыққа аттанып бара жатыр.
Алла алдынан жарылқасын, жаны жәннатта, иманы жолдас болсын!
Ағайын-туыстары, жолдас-жоралары
USD



