19 жастағы гимнастшы темекі тартқаны үшін Олимпиададан аластатылды
ТОКИО. 21 шілде. Жапонияның спорттық гимнастикадан әйелдер құрамасының капитаны шылым шеккені үшін Олимпиадаға баратын жолдан шығарып тасталды. Бұл туралы nur.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Жапонияның спорттық гимнастикадан әйелдер құрамасының 19 жасар капитаны Секо Мията Париж Олимпиадасына қатыспайтын болды. Бұған оның командалық кодексті бұзғаны себепкерлік етті.
Kyodonews басылымының хабарына қарағанда, Жапония гимнастика одағы Миятаны, нақтысын айтқанда, шылым шегіп, алкоголь ішті деп айыптаған. Мұны 19 жастағы спортшының өзі де мойындады. Ол жан-жақтан жасалған «көптеген қысымдарға байланысты» осындай әдепсіз әрекетке баруға мәжбүр болғанын баяндаған. Алайда одақ спортшының бұл уәжін оншалықты қаперге ала қоймады. Соңыра Миятаны Париж жазғы Олимпиадасына жібермеу жөнінде түпкілікті шешім шығарылды.
Айта кетейік, Жапонияда 20 жасқа толмаған адамдарға темекі шегу мен ішімдік ішуге тыйым салынған.
Секо Мията – спорттық гимнастикадан 2022 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Ол сонымен бірге Азия чемпионатында екі күміс және бір қола медаль жеңіп алған.
Еске сала кетейік, Париж Олимпиадасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Сайысқа әлемнің 205 елінен 10 мыңнан астам спортшы қатысады. Олар спорттың 32 түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады. Төрт жылдықтың басты додасында Қазақстан құрамасы сапында 80 спортшы ел намысын қорғайды.