Бүгін бүкіл Минск жұрты бейбіт шеруге шықты (фото)
МИНСК. 13 тамыз. Бүгін Беларусь астанасының орталық көшелерін бейбіт шеруге шыққан қала тұрғындары басып қалды. Бұл туралы Naviny.by порталы хабарлады.
Шеруді таңертең кіл әйелдер бастап, Минск метросының «Ғылым академиясы» станциясы жанында, Тәуелсіздік даңғылы бойында қолдарына гүл ұстап тұрды.
Түсте қаланың орталығы мен шағын аудандарында адамдар легі даңғылдар мен көшелердің екі жағын жайлады. Олардың да қолдарында бір тал гүлден болды. Бұдан кейін шерушілер колоннасы ақырын жылжып, қаланың орталығына бет алды. Олар Тәуелсіздік, Партизан, Рокоссовский, Дзержинский даңғылдары мен Притыц, Маяковский көшелері бойларына, Уручьеге, Лошицкий паркіне келді.
Шерулер бейбіт сипатта өтті, жұрт қолдарына гүлмен бірге шарлар алып, бір-бірімен жарқын сөйлесіп келе жатты. Олардың арасында әйелдер мен қыздар аз болған жоқ.
Бұл уақытта қалада күштік құрылымдар көрінбеді. Алайда, сағат 16:00-ге қарай Уручьеден қала орталығына қарай келе жатқан әскери техникалар туралы сөз айтыла бастады. Әскери техникалар мен милиция автобустары Үкімет үйі орналасқан Маяковский көшесінде де пайда болды.
Минскіде осымен сайлау аяқталған бойда бесінші күн қатарынан бейбіт шерулер өтіп жатыр. Бүгін «БелАЗ» зауыты жұмысшылардың бәрі ереуілге шығуы себепті жұмысын тоқтатты. Бұдан бұрын елдегі жағдайға наразылық білдірген бірнеше телеарна журналистері өз еріктерімен жұмыстан шығып кетті.
Беларусьте осы күндері болып жатқан оқиғалар бүкіл әлем жұртшылығын алаңдатып отыр. Билік бейбіт өтіп жүрген шеруді күшпен тарқатуға бірден кірісіп кетті. Жай тарқатып қана қойған жоқ, мұның соңы зорлық-зомбылық көрсетуге, қарусыз адамдарды ұрып-соғуға, түрмелерге тоғытуға ұласты. Қамауға алынғандарға осы кезге дейін судан басқа ештеңе берілмеген. Ұсталған адамдардың қайсысы қайда отырғандары жөнінде де дерек жоқ.
Кеше АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Беларуське мұнай берудің күрт тоқтатылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Австрияның федералды канцлері Себастьян Круц Минскіде бейбіт шерушілерге көрсетіліп жатқан қуғын-сүргінді қатты айыптады. Еуропарламент төрағасы Давид Сассоли президент Александр Лукашенконы зорлықты тоқтатуға шақырды. Еуроодақтың сыртқы саясат және саясат қауіпсіздігі жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель саяси қуғынды тоқтатып, қамауға алынғандарды босатуды талап етті.
Бүгін сондай-ақ Беларусьте тіркелген ЕО елдерінің, Ұлыбританияның, АҚШ-тың және Жапонияның елшілері метроның «Пушкин» станциясы жанында шерушінің қаза тапқан жеріне келіп, гүл шоқтарын қойды. Оларды мыңға жуық адам осы жерде қарсы алды. Олар қол шапалақтап, «Спасибо», «Дзякуй», «Жыве Беларусь» деп айқайлап жатты.
Жоғарыда және төменде осы сәттерден мәлімет беретін суреттер жарияланып отыр.