ISW: Путин Лукашенконы Украинамен соғысқа қатысуға көндіре алмады
МИНСК. 20 желтоқсан. РФ президенті Владимир Путин Минск сапары барысында Александр Лукашенконы Украинамен соғысуға көндіре алмаған сияқты. Бұл туралы «Неміс толқыны» радиосы хабарлады.
Американың Соғысты зерттеу институты (ISW), жағдайға барлау жасай қарағанда, Ресей президенті Владимир Путин Беларусь билеушісі Александр Лукашенконы Украинамен соғысқа қатысуға көндіре алмағанға ұқсайды, деп жазады. Институт талдаушылары Минскідегі кездесу кезінде Путин белорус билеушісін өзінің уәжіне иландыра алмай, амалсыздан Лукашенконың тезисін ептеп түзетумен қабылдай салған деген тұжырымға тоқталып отыр.
ISW мамандары бұрынғысынша Беларусьтің РФ жағында Украинаға қарсы соғысқа қатысуының ықтималдылығы оншалықты иланымды емес деп есептейді.
Бұдан бұрын Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Минскіде Путин мен Лукашенконың Беларусьті соғысқа қатыстыру мәселесінің талқыланатынын жоққа шығарған болатын. Кремльдегілер мұндай пайымның негізсіз екенін айтып ақталды. Бірақ әлем қауымдастығы Песковтың соғыс басталардан бірнеше күн ғана бұрын Путиннің Украинаға басып кіру туралы ойы жоқ екенін айтып, біраз қарғанғанын ұмыта қойған жоқ. Баспасөз хатшысының бұл жолғы мәлімдемесінде өз басшысының түпкі ойын жасыруға барын салып тұрғаны анық байқалады.
Осы кездесу нәтижесінде Мәскеу Минскіге бірнеше «Искандер» беретін болды. Ал осыған байланысты Владимир Путиннің өз мәлімдемесінде Ресейдің «Беларусьті жұтып жібергісі» келіп тұрмағанын айтуы, АҚШ мемлекеттік департаментінің пайымынша, «әжуаның да жоғарғы түрі» болып шыққан. «Мен өзге бейбіт көршісін тура жұтып қою үшін бар күшін салып жатқан мемлекет лидерінің аузынан шыққан мұндай мәлімдемені ешқандай әзіл-оспаққа жатпайтын нәрсе деп ойлаймын», – деді Мемлекеттік департаменттің баспасөз хатшысы Нед Прайс.
Путин мен Лукашенко сонымен қатар кездесу барысында Беларусь авиациясында ядролық қару орнатып қоюға келісті. Ол қажет бола қалған жағдайда қолданылатын болады, деді Кремльдің қожайыны.
«Біз бұл жанжалдың алғашқы күндері мен оған жалғасқан апталарынан бері Лукашенко режимінің іс жүзінде өзінің егемендігін жоғалтып, өзінің тәуелсіздігін Ресейге беріп қойғанын байқап келеміз», – деді ол өзінің сөзінде Ресей күштерінің көрші елге тап осы белорус жерінен шабуыл жасағанын айта отырып.
Вашингтон сонымен бірге, егер Минск Мәскеуге Украинамен соғыста қосымша көмек көрсететін болса, Беларусьқа жаңа санкциялар енгізілетінін айтып, қорқытып қойды.
Бүгін украин әскерлерінің Брянск облысының Сузем ауданын атқылағанын баяндады өңір губернаторы Александр Богомаз. Айтуына қарағанда, зардап шеккендер жоқ. «Нәтижесінде кенттегі электрмен қамтамасыз ету жағына нұқсан келді», – деді ол.