Ақтөбе облысында 62 адам пневмониядан қайтыс болды
АҚТӨБЕ. 29 маусым. Ақтөбе облысында пневмония сырқатынан 62 адам жан тапсырды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.
Осыған байланысты облыс әкімі Оңдасын Оразалин аймақ тұрғындарына үндеу арнап, коронавирус инфекциясы мен пневмониядан қайтыс болғандардың отбасыларына көңіл айтты.
Облыс әкімінің айтуынша, өңірде КВИ-мен ауырған 1412 адам тіркелген, соның ішінде 584 адам симптомпсыз жағдайда анықталған. Осы кезге дейін індеттен 4 адам көз жұмған, 8 адам жансақтау бөлімінде жатыр, 2 адамға ИВЛ препараты жалғанған.
Бұдан бөлек, шектеу шараларын жұмсарту мен санитарлық ереже талаптарын орындамау салдарынан маусым айында аймақта пневмониядан 62 адам қайтыс болған. Бұлар коронавирустан жан тапсырғандар тізіміне кірмейді. Олардың бәрі аурулары әбден асқынған кезде барып, ауруханаға жатқан. Қазір осындай кеселмен 27 адам реанимацияда жатыр, 10 адамға ИВЛ жалғанған. Осыған қарап-ақ жағдайдың қандай екенін байқауға болады.
Қазір мәселені оңды шешу үшін бірнеше мәселе қаралып отыр. Атап айтқанда, медициналық мекемелерге 1926 қосымша төсектер қойылды, оларда 1355 адам емделуде, 415 орын резервте тұр. Осы аптада тағы 150 орын дайындалады, тамыз айында 200 орын қосылады. Мәселені шешу үшін ресейлік компаниялармен дәрі-дәрмек алу жөнінде келіссөздер жүріп жатыр.
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе өңірінде қалыптасып отырған жағдайға да айрықша назар аударды. Ол осы ретте облыс әкіміне коронавируспен күресте жіберіп алған кемшіліктері үшін сөгіс жариялады.