Ағзадағы ковидті 5 минутта жоятын сусындар табылды
БЕРЛИН. 15 қараша. Германиядағы Ульм университетінің ғалымдары 5 минутта адам ағзасындағы коронавирустың 97 пайызын жоқ қылып жіберетін сусындарды тапты. Бұл туралы «Московский комсомолец» хабарлады.
Ульм университетінің медициналық орталығы молекулалық вирусология институты ғалымдарының bioRxiv журналында жариялаған материалында кейбір шырындардың ағзадағы коронавируспен тиімді күресуге көмектесетіні айтылады.
Ғалымдар кейбір жидектер шырындарын сумен араластырып, олардың коронавируспен қалай әрекеттесетінін тексеріп көрген. Сонда кәдімгі шетен (рябина) шырынының бес минуттың ішінде ағзадағы коронавирустың 97 пайызына дейін жойып жіберетіні белгілі болады. Сондай-ақ анар шырынының вирус пен қабынуға қарсы әсері өте күшті болып шықты. Коронавируспен күресте көмектесетін үшінші нәрсе көк шай екен.
«Бұлар осылай жаңа басталып келе жатқан инфекцияның алдын алу немесе вирустық жүктемені азайту арқылы симптомдардың күшін әлсіретеді, төменгі тыныс жолдарына немесе басқа адамға берілуіне жол бермейді» дейді зерттеушілер.
Атап көрсетілгендей, ауыз қуысындағы патогендерді жою үшін аталған шырындармен және шаймен тамақты бірнеше рет шайып тұру керек.
Бұдан бұрын қайың саңырауқұлағы мен жусанның да коронавируспен күресте тиімділігі бар екені айтылған еді.