Қызылордада соңғы тәулікте 47 вирус жұқтырушы шықты
ҚЫЗЫЛОРДА. 24 маусым. Соңғы тәулікте Қызылорда облысында коронавирус инфекциясының симптомпты және симптомпсыз түрлері бойынша 47 дерек анықталды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегіне сүйенген rast.kz хабарлады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жақсылық Әбдісәметов бүгін берген брифингінде аймақта соңғы кездері, әсіресе, симптомпсыз коронавирустың өршіп өсіп келе жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, соңғы тәуліктегі 47 оқиғаның 10-ы симптомпты болса, 37-сі симптомпсыз науқас көрінеді.
Симптомпты сырқаттың 8-і Арал ауданынан табылса, бір-бірден Қазалы және Қармақшы аудандарында тіркелген. Ал симптомпсыз инфекцияның 17-сі Қызылорда қаласының, 7-і Қармақшы ауданының, 6-ы Арал ауданының, 4-і Шиелі ауданының, ал 3-і Қазалы ауданының еншілеріне тиеді.
Осыған байланысты қазір вирус жұқтырушылармен байланыста болған 6713, жақын қарым-қатынаста болған 4308, ықтимал қатынаста болған 2400-дей кісі анықталып, бақылауға алынған. Әзірге барлығы қанағаттанарлық деңгейде.
Осы кездері 243 адам стационарлық жағадйда ем алуда. Бұлардың 9-ы ауруханалардың жансақтау бөлімінде жатыр, бұлардың 6-ының жағдайлары ауыр.
Облыстың бас дәрігері коронавирус симптомдары белгілі бола бастаған кезде жұрттың өз беттерінше ем ала бермей, бірден дәрігерле көрінулері керек екенін еске салды.