Руханият

Шындық неге шамданып қалды?

 «Дидарғайып» журналының хат-қоржынына шағым түсті. Оны Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қордың төрағасы  Сәпен Аңсатов ағамыз жолдапты. Негізінен, хатта автордың аталмыш журналдың өткен жылғы №1 нөмірінде сөз болатын «Сейтқұл әулие – Әйтеке би» кешенін салуға байланысты ойлары баяндалады.

Әлбетте, біз өзімізге тікелей қатысы жоқ бұл мәселеде төреші бола алмаймыз. Бірақ екінші жақты тұжырымдарына да құлақ түріп, тыңдауға тиістіміз. Сондықтан біз аталмыш хатты «Шындық неге шамданып қалды?» деген бастақырыппен сол қалпында жариялап отырмыз.

 

Серік Қожамқұлұлы! 

«Дидарғайып» журналыңыздың №1 саны Н.Мұсабаевқа арналып, онда: «Әңгімені ашық айтуға, ол (Нәжімәдин) бүкпесіз жауап беруге» келісіпсіздер. Мен «Темірбек Жүргенов қоғамдық қор» төрағасы болғандығымнан Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы үлкен жүректі азамат, «Әйтеке би» мәдени орталығының президенті, Сейтқұл баба мен Әйтеке би кесенесі мен кешен құрылысының және Темірбек Жүргенов қоғамдық қорының негізгі демеушісі және ұйымдастырушысы  Шаһарбек Усманов (марқұм) ағамызбен біршама араластым. Атқарған меценаттық істерінен аздап хабардармын. Шаһарбек іске бар, сөзге жоқ қайырымды, мейірімді азамат еді. Шаһаңның атқарған істерін тізбектеп айтып, жазып тауысу мүмкін емес. Мен Шаһарбек Усманов туралы ол кісі 80 ге толғанда жаздым, келісімін алу үшін жазғанымды өзіне жібергенімде, «Мені миллиардтаған ақша салды және ананы, мынаны істеді деп айта бермеші» деген талап қойған болатын. Ол кісінің ұстанымы: – Құдай біліп тұр ғой.

Нәжімәдин бауырым бүкпесіз сыр айтуға уәде еткенімен, өзі біле тұра Сейтқұл баба мен Әйтеке би кесенесінің алғашқы кірпішін қалау мен Кешенді Өзбекстан мемлекетінің қарамағына өткізуге дейінгі барлық жұмыстардың бас-қасында болған Шаһарбек Усманов жайлы атап айтудың орнына, бүгіп қалғандары жетерлік. Нәжімәдиннің айтпай қойғанына да кешіріммен қарауға болар еді, ол кісі Шаһаңның және басқа азаматтардың нақты атқарған жұмыстарын өзге бір кісілер атқарды деп, жалғандыққа бармағанда.  Нәжімәдиннің деректеріне, «Олай емес еді ғой, дейтін болсам, яғни  өз сөзіммен айтсам»,  «Сен не білуші едің», деуі мүмкін екендігін ескеріп, Зауытбек Тұрысбековтің «Ұлы істер үндемей тындырылады» деген мақаласын жіберіп отырмын.

Осы іске араласқан себебім, ағайындарым: «Нәжімәдиннің онысы несі, ақиқат қайда?»,  деп  мені мазалай берді. Зауытбек Тұрысбековтың жазбасынан үзінділер келтіріп суреттерімен «Жас Алаш», «Қазақстан дәуірі», «Таңшолпан», «Ардагер айнасы», «Ақмешіт ақшамы», «Сыр дидары» басылымдарына бермекшімін, жариялайды деген ойдамын. «Шындық кебісін кием дегенше, өтірік он ауылды аралап өтеді» деген тақырып қоймақ ойым бар. «Т.Жүргенов қоғамдық қорының» атқарған жұмыстары туралы кітап дайындап аяқтап қалғанмын. Сол кітапқа да кіргізіп қойдым. Себебі, Усманов Шаһарбек аға – Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қордың құрылтайшысы. Кітапта «Құрылтайшылар мен Қамқоршылық кеңес мүшелері» деген тарау бар.

Сәке! Сіздің кінәңіз жоқ! Көзі қарақты, талай мәрте адам тағдырына араласып, таразылап, саралап мақала жазып жүрген азаматсыз ғой. Оқыңыз. Түсініңіз.

 

 Зауытбек Тұрысбеков. Ұлы істер үндемей тындырылады

немесе «Сейтқұл әулие – Әйтеке би» кешені қалай салынды?

Енді ең басты нәрсеге тоқталайын. Әрине, ол – жобаны қаржыландыру мәселесі. Алдымен «Әйтеке би» қоғамдық қорының басшысы Жұмабек Мұқановқа телефон шалдық. «Қорда қанша ақша бар ?» деп сұрадық. Ол бізге «Қорда ақша жоқ, бірақ Әйтеке би туралы кітап шығаруды жоспарлап жатырмыз, соны сатып, кесене салуға ақша жинаймыз» дегенді айтты. Мен мұның өнімсіз тірлік екенін бірден түсіндім. Соңынан әлі іргесі де қаланбаған кесененің «Ашылу салтанатына арналған» шақыру билеті мен осы қор бастырған қағазының бағасы удай кымбат баспахана өнімдерін көріп көңілім құлазыды. Халықтан жиналған есіл ақшаның осылайша ессіз, жөн-жосықсыз жұмсалғаны қатты қынжылтты…             

Бұдан кейін біз негізінен Әйтеке бидің ұрпақтары тұратын өңірлердегі алты облыстың әкіміне телефон соқтық. Олардың бәрі де әңгімені мұқият тыңдады. Қаржыландыру жайын ойластыруға уәде берді. Алайда, арада екі апта өтсе де, нақты хабар түспеді. Біз де оларды қайта мазалай қойған жоқпыз. Қаражат жинаудың басқа жолдарын қарастыру қажеттігін түсіндік. Сөйтіп, Алтынсары, Қаражан үшеуміз не де болса жобаны қаржыландыруды әуелі өзімізден бастауды, сосын жақын достарымызды тартуды ұйғардық.

Осы бір күндері мен Шымкентте Жалаңтөс баһадүрдің бір ұрпағы Рахат есімді азаматпен таныстым. Ол аса жомарт жігіт болып шықты. Оған кесене құрылысының проблемасын айта бастағанымда-ақ мені бірден қолдап, мәселені шешуге екі күн мұрсат сұрады. Әрі сөзінде тұрды да! Тағы бірде Кіші жүз өңірінен шыққан, өзіме жақсы таныс екі жігітпен жүздесіп, оларға да осы проблеманың шетін жеткіздім. Ол екеуі де Шардарадағы «Әйтеке би» қорына екі мәрте 500 доллардан қаржы қосқандарын айтып, менің ұсынысымнан бас тартты.

Бұл үдеріске үлкен ұлым Асқар да қосылды. Ол Оңтүстік өңірін өркендетуге елеулі үлес қосқан, ел ағасы Шаһарбек Усмановтың ұлы, жас кәсіпкер Сұлтанмен сөйлесіпті. Беделі биік Шаһарбек ағамен біз баяғыдан бері дос едік. Араны суытпай Шәкеңе өзім телефон шалдым. Ақкөңіл ағамыз: «Мен қаржы қосу ғана емес, өздеріңмен бірге сол құрылыстың басы-қасында жүруге де дайынмын ғой», – деп, жүрегін жайып салды. Расында тура солай болды да! Тіпті кешен құрылысы түгел аяқталып біткен соң да, Шәкең сол жерден қосымша мұражай, мінарат құрылыстарын жалғастырьш, кешеннің таусылмайтын тірліктерін түгендеп, мазар маңынан жылдар бойы жылжымады.

Рахат бауырым мен Шәкеңнің келісімінен кейін көңіліміз орнына түсіп, келесі күндерге үміт оянды. Сөйтіп жүргенде, Асқар хабарласып, каржыландыру ісіне қосылуға дайын Әйтеке бабаның тағы бір ұрпағы табылғанын жеткізді. Ол – елімізге белгілі кәсіпкер Есенәлі Байменов еді.

Өзбекстандағы бірнеше министрлікте вице-министр секілді лауазымды қызметтер істеп, ұзақ уақыт сол мемлекет үкіметінің агроөнеркәсібі саласын басқарған, қазіргі «Ақ Ордасы» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Ибадулла Қалыбеков ініміз де үлкен ықыласпен өз жарнасын қосты. Ал Қаражан туған інісі Бернардты іске тартты.

Енді біз ата жолымен келгенде, байырғы қазақтың үш жүзінің өкілдерінен бас құраған сегіз азамат болдық. Бәрімізге ортақ ұлы баба жолындағы сауапты істі бөлінбей-жарылмай бірге бастағалы тұрған, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған сегіз батырдай сезіндік… Бұлар: мен, Қаражан Сердалиев, Шаһарбек Усманов ағамыз, Рахат Байзақов, Алтынсары Үмбеталиев, Ибадулла Қалыбеков, Есенғали Байменов және Бернард Сердалиев болатын.

Шындық кебісін кием дегенше, өтірік он ауылды аралап өтеді     

Кесене құрылысын бастап кетер күн де туды.

Енбек демалысын жарты жыл бұрын жоспарлап қойған едім. Мансұров Равшанбек (Өзбекстан Республикасы Мәдени мұра нысандарын пайдалану және қорғау жөніндегі ғылыми-өндірістік бас басқарма басшысы)  мырзамен екі аптаға демалысқа барып келуге келісіп, жолға шығып кеттім.

Мен кеткен соң, екі-үш күннен кейін Равшанбек ака мамандарын ертіп, кесене салынатын жерді өлшеп-пішу үшін Нұратаға жетеді. …Тап сол уақытта Қазақстаннан тұтас бір делегация сау ете қалсын деңіз… Құрамында Өмірзақ Озғанбаев, Жұмабек Мұқановтар болған. Кейбірі тым көңілді көрінеді… Шыртылдатып суретке түсіп жатыр дейді…

Бір бәленің боларын іштей сезген Мансұров мырза сөзге келмей, кері бұрылып кете барады.

Арада бірнеше күн өткен соң, облыстық газетте Жұмабек Мұқановтың авторлығымен «Кесене құрылысын бастадық» деген жалған жарнамасымен қоса, кесене басында түскен суреттері жарық көреді. Шындықты бұрмалап, мазақ ету мақсатында жазылған бұндай хабарлар сол тұста облыстық, республикалық басылым беттеріне жағалай жариялана бастайды. Мамандығы журналист Қаражан бауырым бұл қорлыққа шыдай алмай, жалған дақпыртты жоққа шығару үшін «Жас алаш» газеті арқылы шынайы әңгімені жеткізуге мәжбүр болады…

Демалыстан оралсам, құрылыс тоқтап қалған. Салып ұрып, Равшанбек акаға жеттім. Оның еңсесі түсіп кеткен. Шамданып отыр. Менің алдыма газетке шықкан Мұқановтың мақаласын сырғыта салып, біздің «Құрылыс салынып біткенше ешкімге ешқандай ақпарат бермейміз» деген уәдемізде тұрмағанымызды есіме салды. Осыған сүйеніп, енді бұл жұмыстан бас тартпақ ойын жеткізді.

Қайтеміз, өтіріктің қақпайтын есігі, өтпейтін тесігі болмайды екен! Жалған атақ жамылғандар үшін кешірім сұрап, орнымнан тұрып кетуге тура келді…

Арада айға жуық уақыт өтті. Құрылыс тоқтап тұр. Намыс буып барады. Досқа – күлкі, дұшпанға – таба болмас үшін, Мансұров мырзаны қайта айналдырып, бетін бері бұруға күш салдым. Расында, оның осынша шамдануының жөні бар еді. Өйткені, ол «кесене көлеміне» байланысты өтінішімізді ескере отырып, оның артындағы барлық жауапкершілікті өз мойнына алған болатын.

Жалпы, Равшанбек мырза – менімен түйдей құрдас. Оның 115 жыл ғұмыр кешіп, дүниеден өткен атасы әйгілі палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың сенімді серігі болыпты. Жалпы, Мансұров мырзаның жүзі жылы, жан дүниесі кең адам. Туысқандық тамырлары мен ұлтжандылық сезімі басым түсті ме екен, көп үзамай бірігіп, кесене құрылысына кірісіп те кеттік.

Ендігі мақсат – болашақ объектіні таза сумен қамтамасыз ету үшін скважина қазу. Мұны қаржыландыруды Алтынсары өз мойнына алды. Құдық қазу жұмысын жергілікті мамандар атқарды. Бұл істі Шады аканың баласы Ұлықбек мырза қадағалап отырды. Сөйтіп, қосалқы станция қойып, ауыз суды 136 метр тереңдіктен тартып шығардық. Қысқа мерзім ішінде Қожа Ахмет Иасауи кесенесіндегідей тереңнен қазып, жүзбелі іргетас орнаттық. Бұл рәсімді салтанатты жағдайда жасадық. Ал алғашқы кірпішті қалау кұқығын құрметті ағамыз Шаһарбек Усманов мырзаға ұсындық.  

Құдай қолдап, жұмыс қарқынмен жүрді. Жоба бойынша кесененің ұзындығы 15 метр, ені 9 метр, ал биіктігі 11 метр болып шықты. Төбесін көркем майоликамен қапталған көгілдір күмбез көмкеріп тұрды. Ал күмбездің төменгі жағы сталакиттермен безендірілген. Жұмыстың бәрін аяқтап, көңілімізді бір демдеген тұста, басты кемістікті байқадық. Және ол – жай кемістік емес. Әрі жеңіл-желпі жұмыс та емес еді. Себебі, кесене жанында тұрып қараған адамға күмбездің сталакиттері мүлде көрінбей қалады екен. Оның жақсы көрінуі үшін кесенеден біршама жер кері шегініп барып қарау кажет. Бұған қатты қынжылдық. Құрылысшыларға да екі жұмыс болатын болды.

Қалай етсек те, енді тартынуға болмайтынын түсіндіріп, Равшанбек мырзаны тағы үгіттедім. Ол басын шайқай жүріп, қаптамаларды қайта қопартып, сталакиттерді тағы да 75 сантиметргс көтергізді. Енді қай жағынан қалай қарасаң да көгілдір күмбезіміз жарқырап көрінетіндей биікке жетті!

Кесене кабырғасы Әмір Темір заманындағы технология бойынша бірде-бір шегесіз, ешқандай арматурасыз қаланды. Қабырғаларының қалыңдығы 1,5 метрден 2,5 метрге дейін жетеді. Оюлы есіктері мен терезелері жаңғақ ағашынан жасалған. Майоликамен қапталған қасбет бөлігін Құраннан алынып жазылған қасиетті сөздер көркейтіп тұр. Оның әрбір тақтайшасы ХVІІІ ғасырдың үлгісімен қолдан ойылған. Тағы бір айтатын нәрсе, осы маңда, яғни Нұратаның айналасында карьерлер көп орналасқан. Онда көбіне өндірістік жарылыстар болып жатады. Соған сәйкес жер де сілкінбей тұрмайды. Мансұров мырза мұны да ескеріп, кесененің жер тербелісіне төзімділігін Рихтер шкаласы бойынша 10 баллға төтеп беретіндей етіп есептеген. Демек, бұл – кесенеміз, кұдай қаласа, мыңдаған жылдар бойы міз бакпай тұрады деген сөз!

Біз енді кесене еденін бетондауға кірістік. Сол аралықта Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен: «Әйтеке бабаның бас сүйегі Алматыдағы белгілі антрополог Оразақ Ысмағұловтың қолында» деген хабар түсті.

Мен дереу ғалыммен телефон арқылы сөйлесіп, зерттеу жұмысы аяқталған соң, бас сүйекті өз уақытында орнына қайтармағаны әрі ол жайында ешкімге ескертпегені – заңды өрескел бұзғандығы, ол үшін Өзбекстан тәртібіне сәйкес жауапқа тартылатындығы жайлы жеткіздім. Мұндайды күтпеген ғалым әжептеуір алаңдап, қателігін қазір түзеуге әзір екеңдігін мәлімдеді. Мен тездетіп өзімнің көмекшім Мейірхат Қасымбаевты бас сүйекті Нұратаға жеткізуге жұмсадым.

Сол күні Мансұров мырза өзінің барлық мамандарын жинап алып, оларға бас сүйекті мұсылманның салт-ғұрпымен қайта жерлеуді тапсырды. Сол бір тұста маған: «Егер Әйтеке бидің бас сүйегі жөніндегі хабар бізге жетпегенде… біздер еденді бетондап тастағанымызда, бас сүйек сыртта қалып қойғанда… соңы не болар еді?! Нағыз әруақты қорлаушылық болар еді ғой!» деген келеңсіз ой келді. Аллаға шүкір, бұл да болса Ұлы Жаратушының ниетімізді қабыл алып, әруақтардың қолдағаны шығар? Енді бабаларымыздың арманы орындалып, екі елдің ынтымағы арта бергей деп тіледім үнсіз…

Құлпытастарды Қазғанның мәрмар тастарынан жасаттық. Әмір Темірдің заманында бұл мәрмәр тастарды тек Ұлы әміршінің Жарлығымен ғана пайдалануға рұксат етілген екен. Құлпытастар Құран сүрелерімен көмкерілді. Еденге Бұхараның қалы кілемін төседік. Әйтеке би кесенесі салынып біткенде Сайд кажы Насреддин ақсақал нұраталық талай ұрпақтың, соның қатарында өз бабасының да ежелгі арманы орындалғанына балаша қуанды! Өйткені бұл өңірде мұнымен теңесетін кесене жоқ еді.

Кесенені бітірген соң, енді осы жерге тұтас бір кешен тұрғызуды ұйғардық. Яғни, кесене жанынан мешіт, мұражай, қонақ үйі, айван, асхана мен тахретхана салып, оны айналдыра кірпішпен қоршаған жөн болар деп келістік. Бірақ кешен құрылысын бастар кезде ойда жоқ жерден тағы бір мәселе туындап қалды. Ол мәселе: бұл жерді бір кезде «Әйтеке би» қоғамдык қоры ұзақ мерзімге жалға алған екен. Енді олар құрылыс жұмыстарына мейлінше кедергі келтіріп, болмайтын шарттарын қойып, бітіп қалған істің берекесін кетіруге тырысты. Амал жоқ, Мансұров мырза ымыраға көндіру максатымен жергілікті қазақ диаспорасының жетекшісін тездетіп Құрылыс Басқарушысының орынбасары етіп тағайындауына тура келді.

Мешіт құрылысын Атырау облысындағы достарымыз Амангелді Барақатов, Орынғали Әлдекенов және Аманжан Рысқалиев мырзалар қаржыландырды. Олардың басын қосып, іске тартқан менің жақын досым, нағыз ұлтжанды азамат Мұхит Ізбанов мырза еді.

Усманов Шаһарбек ағаның Сейтқұл әулие мен Әйтеке би бабамыздың кешенін   салудағы жұмыстарын растап  Өзбекстан Республикасы Мәдени мұра нысандарын пайдалану және қорғау жөніндегі ғылыми-өндірістік бас басқарма басшысы Мансұров Равшанбектің қол қойып, мөр басып берген куәлігі.

Сонымен, Сейітқұл әулие мен Әйтеке баба кешенінің қалған объектілерін қаржыландыруды Шаһарбек Усманов ағамыз, Қаражан, Рахат және Бернард бауырларым мойнына алды. Таңдаулы шеберлер шақыртылып, айванның ұстындары мен төбесі, мешіттің есік-терезелері жаңғақ ағашынан ойып орнатылды. Сегіз қырлы, алтын жалатқан хрусталь люстраны «Микон» фирмасы жасап берді.

Сырттан тәу етіп келушілердің түнеп шығуына, намаз оқуына қолайлы болуы үшін мешіттің еденін астынан жылытылатын етіп салдық. Жаңғақ ағаштары мыңдаған жылдар бойы мызғымай тұрсын деп, мешіт пен айванның дәл ортасына бассейн орнаттық. дәретханаға жылы су құбырын тартып, биде қойдық.

Кешеннің дуалын бүкіл биіктік бойымен қызыл кірпіштен қаладық. Бұл жұмысты Қазақстандағы белгілі меценат Мүсілімбай Дайырбеков мырза қаржыландырды. Мұражай мен қонақ үйі Шаһарбек Усманов мырзаның қаражатымен көтерілді. Тереңнен тартып шығарылған артезиан суы кешен аумағын көгалдандырып, абаттандыруға мүмкіндік берді.

Міне осылай, бар қиындық артта қалып, абыроймен жұмыс та бітті. Таза тілек пен биік парасат қашанда жеңіске жеткізері хақ. Себебі, Жаратқан Иеміздің өзі де пендесінің пейіліне қарап береді емес пе? Осыған шүкір дестік.

Шаһарбек аға және Қаражан үшеуміз апта сайын Нұратаға барып, құрылыс барысын қадағалап отырдық. Азанғы төртте шығып, бір мың екі жүз шақырымнан астам жол жүріп, түн ауа қайта оралатынбыз. Осы ретте Елшіліктегі «Мерседес» көлігін жүргізуші Әуелбекке ризашылығымды білдіре кеткім келеді. Ол ақ жүректі, өз міндетін мінсіз атқаратын азамат екен. Біз құрылысты аяқтап, көңілімізді бір демдеген кезімізде маған бұрылып: «Аға, біз Нұратаға барып-қайту үшін 60 мың километр жол жүріппіз. Бұл — Жер шарын түгел бір жарым рет айналып, саяхаттап шыққанмен бірдей қашықтық» деген еді жымиып.

Әйтеке би кешенін ашуға арнайы барған зиялыларды жарты жолдан қайтарған дәу кім?

Өкінішке қарай, менің Өзбекстандағы қызмет мерзімім бір жарым жылдан сәл астам уақытты қамтыды. Президенттің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалдым. Сондықтан өзіміздің күш-қуатымыз бен маңдай терімізді төгіп тұрғызған кешеннің салтанатты жағдайда ашылуын қаладық. Жергілікті халық та осыны мерекедей күтіп отырды.

Әйтеке би кешенінің ашылу рәсімін 31-нші шілдеге белгіледік. Ал 30-ншы шілдеде Төле бабаның қайта қалпына келтірілген кесенесін ашуды жоспарладық. Бұл салтанатты рәсімге Мырзатай Жолдасбеков, Әбіш Кекілбаев, Ақселеу Сейдімбеков, Өмірбек Байгелді, Сәбит Оразбаев сынды ел ағаларын шақырдық. Олар шақыруымызды құп алып, Ташкентке келді де…

Өкінішке орай, 30-ы күнгі Төле бабаның асынан кейін, ертеңіне, Нұратаға аттанбақ болған кезімізде барлық жоспар нілдей бұзылды. Мырзатай ағамыз «Түнімен ауырып шықтым» деп, барудан бас тартты. Марқұм Акселеу мырзаның көңіл-күйі жап-жақсы сияқты еді, аяқ астынан Нұратаға жол жүрмейтінін жеткізді. Бар айтқаны: «Әулеттің үлкені едім, ертең ауылда ас берілетін, соған қатысуым керек» деді. Мен екі ағамызға да: «Ау, сіздер арнайы Әйтеке би кешенін ашуға келдіңіздер емес пе, енді бармай қалғандарыңыз қалай болады?» деп, ұзақ үгіттедім. Амал қанша, көндіре алмадым. Өмірбек ағамыз да аяқ астынан айныды. Ал Сәбит Оразбаев болса өзіне дәрігерлердің тіпті Ташкентке келуіне зорға рұқсат бергенін ескертіп, елге қайтуға қамдалды.

Ендігі бар үміт – Әбекеңде, Әбіш Кекілбаевта. Сол мезгілде құрметті ағамыз «Сарыағаш» шипажайында демалып жатқан кезі болатын. Әрі денсаулық жағдайы да шілденің мына ми қайнатар ыстығындағы алыс жолды көтере алмайтындай жағдайда еді.  Төле бабаның басына зорға келгенін түсіндіріп, Әбекең де Нұратаға баруға келісім бере қоймады…

Түсінсем бұйырмасын! Ардақты ағаларымыз ат басын тіреп келген мақсатты сапардан аяқ астынан бәрі бірдей неге бұлай бас тартты? Мұның астарында не құпия жатыр? Осы ой мені қатты мазалады…

Шындап келгенде, ұлтымыздың үш ірі тұлғасынның бірі болған Әйтеке бабаның басын қарайту барша қазақтың соңғы 20 жыл бойғы жүзеге аспай келе жатқан асыл арманы емес пе еді? Сол мұратқа жетіп, зәулім кесене бой көтергенде белін буып, алыстан жеткен ақсақалдарымыздың аяқ астынан бұлай бұлғаққа салып, бәрі бірдей кашқақтағанын халыққа қалай түсіндіреміз?

Ал қалың қауым ел ағаларын тағатсыздана күтіп отыр. Осы тұста көңілге бір күдік кіргенін де жасырғым келмейді. Меніңше, Ташкентке аман-есен жеткен ағаларымызға елден ықпалды біреу телефон шалып, Әйтеке бабаның басына аттап баспауын қатаң ескерткен тәрізді. Әйтпесе, бұл қадамды басқаша қалай түсінуге болады?..

Осы бір мезетте мен анамның: «Кесене тұрғызуға сендерден бұрын әрекет қылып, нәтиже шығара алмаған кісілер тарапынан қызғаныш, не іштарлык туып жүрсе ше..?» деп алаңдауының сырын ұққандай болдым. Сонда қалай, қызғаныш, бәсеке туады екен деп, әуелі әруақтың, қала берді қара халықтың алдындағы перзенттік парызымыздан бас тартуымыз қалды ма? Әрине, «тек жүрген, тоқ жүреді». Бірақ, кеудеде жаның барда, бойыңда қаның барда, намысыңды қамшыламай қалай омалып отырмақсың! Ондай тірілігің кімге керек?!.

Қалай болғанда да, Алланың көзі түзу болсын деп түйдім!

Енді маған бір ой келді. Ол ой – қалай болғанда да Әбіш ағамыздың осы іс-шараға қатысуын қамтамасыз ету еді. Елшіліктің кенесшісі Омар Нұржановқа: «Кешеннің ашылу салтанатына Кекілбаевтың қатысуы өте-мөте кажет, әйтпесе қарапайым халық бізді мүлде түсінбей қалады…» деп қатаң ескерттім. Ол Әбіш ағамызды үгіттеп, ұшақпен болса да әкелуге уәде етті.

Нұратаға нұр жауды… 

31 шілде. Біз анам екеуміз таңғы салқынмен Нұратаға қарай жүріп кеттік. Ташкенттен Нұратаға дейін 550 шақырым жер. Шіліңгір шілденің күні күйіп түр. Қапырық ыстық. Жасы 80-нен асқан анам ұзақ жолдың ауыр соғарын сезсе де, кесененің ашылу рәсімін өз көзімен көруді қалады. Бір жағынан, осы істің басы-қасында жүрген ұлын да қолдағасы келді білем…

Осыдан үш күн бұрын ғана біздер Нұратада болып, кешеннің ашылуына арналған сценарийді әзірлеген кезімізде, ауа райы 45 градус болып күйіп тұр еді. Күн астында тұру мүлдем мүмкін емес-ті. Соған қарамастан мен митингіні кешеннің ортасындағы ашық алаңда өткізуді ұсындым.

Халықты айванға орналастырып, төралқа үшін күнқағар қалқан әзірлеуді ойластырдық. Шыдағанымызша күн астында болайық, шыдамай бара жатсақ, конақасы берілетін кафеге карай көшерміз деп те ұйғардық. Сол сәтте Құдай ауызыма салғандай: «Кесене ашылар күні әруақтардың өздері де қолдайды, көрерсіңдер, күн қоңыр салқын болады» деп, жұрттың көңілін жұбатып қойғанмын.

Біз кешенге сағат 11-ге таяу жеткенде, халық жиналып та қалған екен. Күн әдеттегідей күйдіріп тұр. Бұл рәсімге 500-дей адам жиналар деп ойлағанбыз, сөйтсек, қазірдің өзінде келген адам саны 2000-ға таяп қалған. Халық әлі ағылу үстінде…

Кенет қайдан шыққаны белгісіз, қою бұлт күннің көзін бүркеп, қоңыр салқын бола қалды. Баяу жел есті. Жиналған қауымның көңілі қош. Осы салқын сәтті пайдаланып, митингіні бастап жіберуге де болар еді, бірақ құрметті қонақты тосуға тура келетінін көпшілікке түсіндірдік.

Мәртебелі қонағымыз бір сағаттан соң жетті. Ал төбеміздегі әлгі алақандай ғана қою бұлт әлі де күннің көзін қалқалап, бізді қолдап тұрғандай көрінді.

Салтанатты жиынымызды аштық. Әбекеңдей шешен кісінің тарихты тереңнен қозғай, көсіле сөйлеген көсем сөзін жиналған жұрт сілтідей тына тыңдады. Абыз ағамызға ел ризашылығын танытты да. Сөз сөйлеп болған соң, Ташкентке ұшақпен жетіп алу үшін Әбекең Бұхараға аттанып кетті.

 

Астана қаласының әкімі кезіндегі И.Тасмағамбетовтың жеделхаты   

                                                                                                                            Ташкент қаласы,
Қазақстан Республикасының
Өзбекстан Республикасындағы
Елшісі З.Тұрысбеков мырзаға

Құрметті Зауытбек Қауысбекұлы!

«Мың өліп, мың тірілген» ұлтымыздың тарихы рухани шежірелерге аса бай. Өткенімізге көз жіберсек, есеміздің кетіп, еңсеміздің түскен кездері аз емес. Дегенмен халқымыз «тар жол, тайғақ кешулерден» аман-есен алып шығып отырған өзінің дана тұлғаларына кенде болмаған. Солардың ішінде жұртшылықтың сенімін ақтап, елдің ішкі тұтастығын сақтап келген би-шешендеріміздің орны ерекше. Олардың өмірі ұрпақ үшін қашанда – үлгі, ұстанымы – өнеге. Бұл орайда, әділ сөздің алдаспаны – Әйтеке би мен семсер тілді – Әулие Сейітқұл Баба – ұлт-ұлысымыздың бірегей тұлғалары.
«Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген нақыл бар халқымызда. Қасиетті бабалардың жатқан жерлерін кие тұтып, басына белгі орнату – кейінгі ұрпақ үшін киелі парыз. Бұл ретте, осы бір сауапты істің күрделі күрмеуін шеше білген Сіздің іскерлігіңізге дән ризамыз. Өзге елдің аумағында баһадүр бабаларға арнап кесене тұрғызып, мешіт салу – бұл Сіздің биік беделіңіздің, ұлттық намысты ұлықтай білген нар тұлғаңыздың арқасы.
Елбасымыз сенім артқан азаматтар қатарында Сіз қай кезде де абыройлы биіктерден көрініп жүрсіз. Қай қызметте болмасын, біліміңіз бен білігіңізді, қайратыңыз бен жігеріңізді халық игілігіне жұмсап келесіз. Екі мемлекет арасында бүгінде атқарып отырған мәмілегерлік міндетіңіз өз алдына бір төбе.
Қазақ пен өзбек ежелден достығы берік, мазары да, базары да ортақ, бауырлас халық. Олай болса, алдағы уақытта да ел мен елді рухани біріктірер осындай іргелі істердің басынан табыла бергейсіз.
Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, қызметіңізге жеміс тілеймін!
Құрметпен,
Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ
20 шілде, 2009
жыл                                                                                                                                                                 

Өз сөзім:

Осы рәсімге барып-келушілердің Шымкенттен  Самарқан арқылы жол және қонақүйлік шығындары  «Әйтеке би мәдени-тарихи орталығының» (Президенті Ш.Усманов) есебінен атқарылды.  Әйтеке бидің бейнесі салынған арнайы тоқылған өлшемі 1,5х1,0 метрлік кілемшенің 100 данасы таратылды. Оған қоса Өзбекстандағы ағайындардың сұрауы бойынша Нұратада Сейтқұл әулие мен Әйтеке бидің рухына жыл сайын мамыр айында ас беріліп, дұға бағыштау рәсімінің де негізгі демеушісі де осы Шаһарбек Усманов.

Кешеннің ашылу салтанатына орай ұйымдастырылған ғылымди-танымдық конференция төрінде және мінбеде  Шаһарбек аға.

Ескерту: 2012 жылдың мамыр айында өткен осы жиынға мен де (Аңсатов Сәпен) барғанмын. Жиын басталды. Президиумға кілең бастықтар жайғасты. Ідірыс Қалиев ағамызды жиналыс төріне ешкім шақырмады. Н.Мұсабаев, Е.Уәйіс, М.Имандосовтар президиумда. Мен орнымнан тұрып көпшілікке естірте: – Ағайындар, мына кісі Ідіріс Қалиев Жалаңтөс Баһадүр қорының президенті. Қызылорда облысын басқарған, ЦК ның мүшесі болған адам, Ідекеңнің орыны төрде болуы керек, деп жанымдағы бір орындықты алып президиумға апарып қойып Ідекеңе жүріңіз деп төрге отырғыздым. Төрдегілер де қатесін түсініп, қоштап жатты. Н.Мұсабаев ескерімді болса, інісі төрге шығып ағасы қалыс қалар ма еді?! Назар аударыңыз Ідекең шетте отыр.

Жалаңтөс баһадүр қорының президенті Ідіріс Қалиұлы мен Қызылорда облысы әкімінің кеңесшісі Ержан Уәйіс,  Әйтеке би мәдени орталығының Президенті Шахарбек Усмановқа Жалаңтөс баһадүр ескерткіші бейнеленген картинаны  тарту етті.

Осы жиында Ержан Уәйіс шығып сөйлеп, (өзінің көтерме сөзге бейімді әдетімен) Келесі 2013 жылы Сейтқұл баба мен Әйтеке би әруақтарына арналған дұға дастархан шығынын көтеруді, атқаруды Қызылорда облысы мойнына алады деп салды. Айтылды. Қалды. Шаһарбек аға 2012 жылдан 2017 жылға дейін жыл сайын Нұратада бабалар рухына ас беріп, кешеннің қалған жұмыстарын аяқтаумен айналысып, Зауытбектің шопыры айтқандай, жер шарын айналып шыққандай жол жүріп, Өзбекстан мемлекетіне өткізіп, көңілі тынып ана дүниеге аттанып кете барды. Рухы шат болғай.

Сәлеммен және құрметпен, Сәпен Аңсатов ағаңыз

тел.: 8-701-490-45-06

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button