Әйелін таза үнділікше өлтіру орын алды
НЬЮ-ДЕЛИ. 1 маусым. Үндістанда полицейлер бір ер кісіні әйелін өлтірді деген күдікпен ұстады. Бұл туралы AFP агенттігі хабарлады.
Байғұс әйел ұйықтап жатқан кезінде кобра шаққаннан кейін өліп қалған. Полицияның болжамынша, улы жыланды оған күйеуі жіберген. Мұны мамандар «таза үнділіктерше өлтіру» деп бағалап отыр.
Елдің оңтүстігіндегі Керала штатының полициясы Сурадж есімді ер кісінің Утра ныспылы әйелін өлтіру үшін әдейі үйіне улы жылан әкеліп, асырағанын айтады. Алайда, әйел жылан бірінші шаққаннан кейін екі ай ауруханада жатып емделіп, тірі қалған. Бірақ Сурадж бастаған ісін ақырына дейін апару үшін енді кобра сатып әкеледі. Сөйтіп, оны әйелі ұйықтап жатқан бөлмеге кіргізіп жібереді. Осы жолы Утра тірі қалмайды. Ал күйеуі ештеңе болмағандай әйелі жатқан бөлмеде жүреді.
Сурадждың әйелі қайтыс болғасын бірнеше күннен кейін Утраның атына жазылған мүкәмалдың бәрін өзіне аударуға әрекет ете бастағанында қайын жұрт жағына күдік келеді. Әйелдің ата-анасы мұны полицияға жеткізеді. Күмән келтірілетініндей де бар еді. Утра бай отбасынан шыққан болса, жеке банкте жұмыс істейтін Сурадж кедей әулеттен-тін.
Полицияның мәліметінше, осы некеге байланысты Утраның соңынан орасан зор жасау келіпті. Атап айтқанда, ол 100 алтын мәнетті, 500 000 рупий ақшаны (20 000 АҚШ долларына жуық) және жаңа автомобильді құрайды.
«Сурадж әйелімен ажыраса қалса, осы байлықтың бәрінен айырылып қалудан қорықты. Тап сол үшін жұбайын өлтіруге барды», – делінген полиция хабарламасында.