Бүгін – Димаштың туған күні
Бүгін, 24 мамыр қазақтың асып туған арда ұлы Дінмұхаммед (Димаш) Құдайбергеннің өмірге келген күні.
Туған күнің құтты болсын, Димашжан! Ғаламның ән көгінде жұлдыз болып жарқырап, самғай бер! Жыл сайын жасыңа жас қосыла берсін. Халқыңды күллі әлемнің алдында абыройлы етіп келе жатқан еңбегің еселене түссін.
Енді Димаштың «Sputnik» агенттігі жариялаған өмірбаянын оқырманға ұсынамыз:
Дінмұхаммед Құдайберген 1994 жылы 24 мамырда Ақтөбеде туған. Ол танымал әншілер Қанат пен Светлана Айтбаевтардың отбасында дүниеге келді. Астананадағы Қазақ ұлттық өнер университетін «эстрада вокалы» мамандығы бойынша бітірді.
Димаштың ата-әжесі де музыкаға жақын жандар.
Димаштың жеңісі
Димаш бала кезден түрлі ән байқауларына қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Алайда, жас әншінің бағын Витебскте өткен «Славян базары-2015» халықаралық ән байқауы ашты. Отандасымыз конкурста бас жүлде иеленді.
Осыдан кейін жас орындаушы бір жылдай Қытайдың «Мен әншімін» жобасына қатысып, талантымен миллиардтар елін таңғалдырған еді. Сөйтіп, 2017 жылы Димаш онда екінші орын алды.
Осы жеңісінен кейін Димаш Францияның танымал бағдарламасына құрметті қонақ ретінде шақырылды. Отандасымыз әлем жұлдыздарымен бір сахнада өнер көрсетіп, француздарды тәнті етті.
Димаштың концерті
Димаш алғашқы әлемдік турнесі аясында Қытайдың бірнеше қаласын аралады. Ал 2017 жылдың жазында Астанада алғашқы үлкен концертін берді. Шығармашылық кешке қазақстандықтардан бөлек, Қытай, Италия, Ресей, Украина, АҚШ және Франциядан тыңдармандар келді. «Астана-Арена» спорт кешеніне бас-аяғы 30 мыңдай көрермен жиналған.
Сондай-ақ, Димаш MTV Music Awards жүлдесінің иегері, «Азияның ең танымал әншісі», «Халықаралық деңгейдегі ең танымал әнші», «Жылдың ең үздік әншісі» номинацияларының жеңімпазы. Бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде Димаштың мыңдаған тыңдарманы бар.
Димаштың отбасы
2018 жылдың мамыр айында әнші Screaming әніне түсірілген алғашқы бейнебаянын таныстырды.
Димаш атасы мен әжесінің тұңғыш немересі, кішкентай кезінен солардың қолында өскен. Димаштың Раушан есімді қарындасы, Әбілмансұр есімді інісі бар.