Магазинге барып… миллионер болып шыға келді
ВАШИНГТОН. 21 мамыр. Американың Солтүстік Каролина штатындағы Грейам қаласының тұрғыны аяқ астынан миллионер болып кетті. Бұл туралы UPI хабарлады.
Портал баяндағандай, Стивен Хауэлл (Stephen Howell) есімді азамат жергілікті азық-түлік дүкеніне отбасына сусындар мен снеки сатып алу үшін үйдің жанындағы дүкенге кіреді. Кетерінде ол сонымен бірге сол сәтте ойналатын 10 долларлық бірнеше лотерея билетін сатып ала кетеді.
Үйіне келгесін, билетті жыртып, ашып қарағанда, күтпеген жерден миллионер болып шыға келгенін байқайды.
Ұтыстың сомасы тура 1 миллион доллар еді. Стивен сол бойда қуанышын жеткізу үшін көрші бөлмедегі анасына жүгіріп барады. «Мен оған билетімді бердім, – дейді ұтыс иесі. – Ал анам оны көрді де: «Сен ұтыпсың ғой!» деп айқайлап жіберді. Сосын: «Иә, сен миллион доллар ұтыпсың» деді».
Хауэлл отбасында сол ұтысын атап өтеді. Ол бұл ақшаға алдымен жаңа машина алғысы келіп отырғанын айтты.