ТЖ кезінде саунада болған прокурор қызметінен кетті
АЛМАТЫ. 21 мамыр. Төтенше жағдай кезінде әріптестерімен және судьялармен саунада демалған Алматы облысындағы Панфилов ауданының прокуроры Саян Шалғымбаев қызметінен босатылды. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.
Мәліметті Бас прокуратураның баспасөз қызметі расқа шығарды. «Ол жұмыстан шығарылды», – деді ведомстводағылар.
Мұның алдында Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асанов сол роликте жүрген Алматы облысы Кербұлақ аудандық сотының төрағасы Д. Сейітовтің уәкілеттігін тоқтатқан болатын.
Еске сала кетейік, бұл оқиға туралы видеоролик мамыр айының басында әлеуметтік желіде тарады. Оны түсірген автор саунаның іші мен онда суға шомылып жүргендерді көрсетіп, кейіпкерлерінің Алматы облысы аудандық сотының судьясы және аудан прокуроры екенін кадр сыртынан айтып тұрды.
Соңынан Алматы облыстық сотының баспасөз қызметіндегілер видеоға қатысты түсінік бере келіп, оны түсірген Б. деген кісі екенін, оның сот жүйесіне ешқандай қатысы жоқтығын мәлімдеген еді.