Жаңалықтар жаңғырығыТіршілік

32 жыл бұрын ұрланған жігіт әке-шешесімен қауышты

СИАНЬ. 21 мамыр. Бұдан 32 жыл бұрын, екі жарым жасар кезінде ұрланып кеткен бала ақыры әке-шешесімен қайта табысты. Бұл туралы ағылшынның «The Guardian» газеті хабарлады.

Оқиға Қытайдың Сиань қаласында орын алды. 1988 жылы 1985 жылы туған Мао Инь есімді сәби аяқ астынан ұрланып кетеді.

Басылымның жазуынша, бала әкесімен бірге балалар бақшасынан қайтып келе жатады. Әкесі жолай бір нәрсеге алаңдап қалған кезде сәбиді әлдекімдер ұрлап әкетеді. Қарақшылар оны Мяньян қаласында тұратын баласыз отбасына сатып жібереді. Осылайша сәби өзге үйде өседі. Жаңа ата-анасы оған басқа ат береді.

Мао Инь өзінің шын ата-анасы жөнінде ештеңе білмей өседі. Ал оның анасы ұлы жоғалған күннен жұмыстан шығып, бар өмірін соны іздеуге арнайды. Ол жүз мыңнан астам үнпарақтар даярлап таратып, телеарналар арқылы бірнеше рет сөйлейді. Сөйтіп жүріп, келіншек осылай жоғалып кеткен өзгелердің балаларын тауып беруге көмектеседі. Ол 29 баланың ата-аналарымен қайта қауышуларына қол жеткізеді.

Мао Инь кезінде бұл әйел туралы репортаждарды көріп жүрген екен. Бірақ оны өзінің анасы екені үш ұйықтаса да түсіне кірмеген. Әйелдің табандатып тұрып іздеп жүргені өзі екенін де, әрине, білмеген.

Ақырында, биылғы жылдың сәуір айында полицияға 80-ші жылдары сатылған бала туралы ақпар түседі. Полицейлер оны табу үшін қазіргі заманғы технологияның құдіретін пайдаланады. Сөйтіп, 2,5 жастағы сәби Мао Иннің суретін негізге ала отырып, оны 32 жылға «ұлғайтып» көреді. Сосын осы алынған кескінді мәліметтер базасындағы суреттермен салыстырып қарағанда, баяғы ұрланған баланың дерегі шыға келеді.

Сол баланы ДНК негізінде тексеріп көргенде, оның ерекшеліктері сол уақыттан бері іздестіріп жүрген шын ата-анасымен сәйкес келеді.

Соның арқасында 34 жастағы ер кісі ақыры өзінің биологиялық ата-анасымен қайта қосылуға қол жеткізді. Бұл жан тебірентерлік кездесу телеарналар арқылы көрсетілді. Мао Инь анасына қарай тұра жүгірді. Сол жерде үшеуі бір-бірлерін құшақтап тұрып жылап жібереді.

Осы кездесуден кейін өмірі күрт өзгерген Мао Инь енді бұдан әрі не істейтінін ойланып жүр. Алдымен үйіне оралып, ондағы шаруаларының бәрін реттеп алғысы келеді. Содан кейін Сианьға, өз ата-анасына біржола көшіп келмекші.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button