Қордай дұнғандары Мақтааралға азық-түлік жіберді
ТАРАЗ. 14 мамыр. Кеше Жамбыл облысының Қордай ауданында тұратын дұнғандар Мақтаарал ауданының тұрғындарына азық-түлік тиелген автокөлік аттандырды. Бұл туралы «Знамя труда» газеті хабарлады.
Өзбекстан жерінде орналасқан Сардоба су қоймасы тоғанының бұзылып кетуі салдарынан көршілес Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы бірнеше елді мекеннің тасқын зардабына ұшырауы ежелгі Әулиета аумағының тұрғындарын да бейтарап қалдыра алмады.
Осыған байланысты Жамбыл облысының әкімі мынадай хабарлама жасады:
«Қордай ауданының дұнғандары мен Жамбыл облысы дұнғандары «Вынхуа» ассоциациясының өкілдері көрші аймаққа жалпы сомасы 5 миллион 500 мың теңге тұратын азық-түлік жөнелтті. Қазақстан халықтары ассамблеясының Жамбыл облысындағы мүшелері де бұдан бейтарап қалған жоқ, олар бес миллион теңгенің азық-түлік тағамдарын жіберді. Олардың қатарында түріктер, гректер, немістер, шешендер, ингуштар, өзбектер, тәжіктер, күрдтер, әзербайжандар, орыстар, қарашайлар, малқарлар және басқалар бар.
Олардың қиын жағдайда қалған Мақтаарал ауданының тұрғындарына көрсетіп жатқан жанашырлығы мен жәрдемі халықтың бірлігі мен келісімінің, бейбітшілігі мен топтасқандығының үлгісі болды. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді халық. Мен апат кезінде ынтымақтастық пен жақсы ниет танытып, қолдау көрсеткен облыстағы барлық ұлттардың өкілдеріне шексіз ризашылығымды білдіремін.
Құрметпен, Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі».
Бұл шынында да өнегелі іс болған екен.