Таным

ТОЛҚЫНДА ТУҒАН ТҰЛҒА

Кезінде «дағдарыс менеджері» деген атқа ие болып, бес облысты басқарған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевтың дүниеден өткеніне бүгін бір жыл толды. Осыған байланысты кеше Қызылорда, Алматы, Астана қалаларында марқұмның әруағына арналған ас беріліп, құран бағышталды.

Бердібек Машбекұлы тәуелсіздіктің алғашқы елең-алаң тұсында әкімдік институттың сапына кірген бірінші лектегі аймақ басшыларының бірі еді. Ол сол мезгілдің алмағайып кезеңінде туған толымды тұлға болатын. Осыдан үш жыл бұрын Бекеңнің әкімдік жолды бастайтын Қызылорда облысындағы жылдарын қамтитын «Толқында туған тұлға» атты кітап жазылып шыққан. Енді біз әлі баспа жүзін көрмеген сол кітаптан Бекеңнің Сыр өңіріне қадам басқан әдепкі мезетін суреттейтін бірінші мақаланы ұсынып отырмыз. 

Бірінші тарау: 1995 жыл

ЖОЛ ЖҮЛГЕСІ     

1995 жылдың 29 қыркүйегі, жұма күні түс ауа Қызылорда облыстық әкімдігінде күтпеген жерден шұғыл актив жиналысы өткізіліп, бас-аяғы 15-20 минуттың ішінде аймақтың басшысы өзгеріп шыға келді. Тіпті бұл жиынға жедел жиналған шенеуніктердің өзі мұндай жаңалықтың болатынын білмей қалған сияқты…

Сол күні ауа райы өте бір жаймашуақ райда тамылжып тұрды. Аспан шайдай ашық. Көк зеңгірі жүзінде теңгедей де бұлт жоқ. Жұрттың көңіл күйі жайдары. Былайынша айтқанда, оларға дәл қазіргі сәтте анық алпардағы найзағайдай жайсыз әсер ете қоятын ештеңе жоқ-ты. Бірақ елдің ахуалы анау айтқандай нашар болмағанымен, соншалықты шаттана қуанатын хәлде де емес еді. Сондықтан бір серпілістің керектігі анық-тын. Айналып келгенде, бүгінгі жиын жұртшылық күткен сол алмағайып ауыс-түйістердің нұқыл басы болды. Алда дүниені астаң-кестең етіп әмісе төңкермегенімен, күнделікті күйкі тірліктегі көп нәрсені өзгертіп жіберетін төтен мезгілдің өзгеше бір белеңі ілбіп, ақырын ілгері жылжып келе жатты…

Ал актив жиналысы Премьер-Министр Әкежан Қажыгелдиннің сол күні Сыр бойына жедел ұшып келетініне байланысты шақырылды. Мұндай хабар таңертең белгілі болған кезден алдағы жиынды ұйымдастыру шарасы жедел қолға алынды. Әкімдіктегілер Үкімет басшысының облысқа бірінші рет келе жатқанын ескеріп, оны күтіп алу мезіретіне тыңғылықты дайындалуды жөн көрді. Соның ішінде премьер ыңғай танытып жатса, алып баратын бірнеше нысанның сұлбасы белгіленіп, жүретін жолдары жобасы алдын ала сызылып қойылды. Алайда, өңір табанына өкше қадаған бойында Әкежан Мағжанұлы өзінің жоспарында бұлайша көсіліп жүру жоқ екенін, мұның ешбіріне алаңдай алмайтынын, кешікпей діттеп келген жиынды бастап кеткісі келетінін ашық білдірді. Сол жерде ол өзінің облысқа не мақсатпен келгенін, Президенттің қандай миссиямен жібергенін ашып айтты. Осыдан кейін бұдан әрі Үкімет басшысы Әкежан Қажыгелдин мен мен облыс әкімі Сейілбек Шаухамановтың арасында жиналысты қалай өткізу турасында ғана аз-кем мәміле жасалды. Осы тұста премьердің ұшағы бүгін түске дейін алдымен Ақтау қаласының аэропортына барып қонып, Маңғыстау облысының әкімін өзгертіп келгені, онда аймақтың екінші әкімі ретінде өз елін екі жылдай ғана уақыт басқарған Ләззат Қиыновтың орнына Вячеслав Левитин деген бұрынғы партия қызметкерін отырғызып қайтқаны белгілі болды. Содан кейін Министрлер Кабинеті басшысының лайнері кідірместен Сыр өңіріне қарай бет алған екен.

Қызылордадағы облыс активінің жиналысы әдеттегідей әкімдіктің үшінші қабатында, әкімнің қабылдау бөлмесіне жапсарлас орналасқан мәжіліс залында өткізілді. Жиында оншалықты көп адам болған жоқ. Контингентті тек облыс әкімінің орынбасарлары, қала және аудандар әкімдері, сондай-ақ өңір күштік құрылымдарының басшылары ғана құрады. Президиумға Әкежан Қажыгелдин, Сейілбек Шаухаманов және залдағы көпшіліктің басым бөлігіне бейтаныстау бір жігіт ағасы көтерілді. Бұл кезде жиналған жұртшылық облыс басшылығында өзгеріс болғалы тұрғанын түгел сезіп үлгергендей еді. Сол себепті олар әліптің артын бағып, демдерін ішке тартып, келесі кезекте нендей жаңалық орын аларын тағатсыздана күтіп отырғандай сыңай көрсетті. Залда лып етіп ұшқан шыбынның ызыңы естілетіндей талма тыныс тарғағы орнады.

Құлаққа ұрған танадай сол тылсым тыныштықтың тінін бұзған Сейілбек Шаухаманов жиынды қысқаша ләммен ашқанда, көсіле сөйлеп, ырғатылып жатпай, бәрін қысқа қайырып, іле сөз кезегін Әкежан Қажыгелдинге ұсынды. Бірақ Сәкеңнің түр-түсі мен даусында әлдеқандай бір толқушылық пен реніш сарыны байқала қойған жоқ. Ол бұрынғысынша өзіне тән орнықты үнмен бір сыдырғы сөйлеп шықты. Соған қарап, орын алғалы жатқан ауыс-түйісті өзінің парасаты тұрғысындағы түсіністікпен қабыл алғанын аңдауға болатын еді.

Өзіне кезек тигеннен кейін Әкежан Қажыгелдиннің де айтары қысқалау болды. Ол артық сөзге бармай, жөткірініп алып, Президенттің Жарлығын оқи жөнелді.

– «Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы, – деп бір тоқтаған Үкімет басшысы залға бас көтеріп қарамаған күйі құжат мәтінін жүгірте оқуға көшті. – Бердібек Сапарбаевты Қызылорда облысының әкімі етіп тағайындау туралы. Бердібек Машбекұлы Сапарбаев Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалсын. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Алматы, 1995 жылғы қыркүйектің 29-ы». Соңында Президенттің қолы қойылған.

Премьер-Министр Нұрсұлтан Назарбаевтың осы Жарлығымен облыс әкімі Сейілбек Шаухамановтың қызметінен босатылғаны туралы да айтып өтті. Ол осы сөздің ыңғайында қазіргі күндері республиканың басқа бірқатар облыстарында да әкімдердің ауысып жатқанын әңгімеледі. Соның ішінде осы жолы өзінің Қызылорда жеріне бүгін Маңғыстау облысында өткізілген сондай  жиыннан келіп отырғанын сөз етті.

Бұдан әрі Әкежан Қажыгелдин жиналғандарды жаңа әкімнің қысқаша өмірбаянымен таныстырды. Онда Бердібек Сапарбаевтың 1953 жылдың 9 ақпанында Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы «Бесарық» ауылында өмірге келгені айтылды. Демек, осы облыстың тумасы. Алматы халық шаруашылығы институтын тәмамдаған. Қаржы саласының маманы. Бұған қоса, жаңа әкімнің «Экономика ғылымдарының кандидаты» деген ғылыми атағы да бар. Еңбек жолын 1970 жылы орта мектепті бітіргесін туған ауылында совхоз жұмысшысы болып бастапты. Содан кейін Отан алдындағы екі жылдық әскери борышын өтеп қайтқан. Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін республикалық мемлекеттік жинақ кассасы басқармасы мен Қаржы министрлігінде өз мамандығы бойынша қызмет еткен. Сосын 1988 жылы Білім министрлігінің жоспарлау-қаржы басқармасының бастығы, бас жоспарлау-экономикалық басқармасының бастығы болған. Ал 1990 жылы министрдің орынбасары, 1993 жылы Министрлер Кабинеті аппаратындағы қаржы, еңбек және әлеуметтік қорғау бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 1995 жылғы наурызда Министрлер Кабинеті аппаратының басшысы лауазымдарын атқарған. Демек, әкімдік орынға осы соңғы қызмет сатысынан келіп отыр.

– Барлығыңызға белгілі, бұдан бір ай бұрын елімізде жаңа Конституция қабылданды, – деді бұдан кейін Әкежан Қажыгелдин. – Міне, сол Ата Заңға сәйкес, бұдан былай облыс әкімі жаңадан тағайындалғаннан кейін бұрынғы әкіммен бірге оның командасы да отставкаға кетеді. Оны тағайындалушы әкім өзінің өкімімен жария етеді. Содан кейін әкім өзіне жаңа команда жасақтай бастайды. Бұл, әрине, бұрынғы команданың мүшелері түгел жұмыссыз қалады деген сөз емес. Жаңа әкім кезегінде бұрынғы командадан өзіне керекті деген кадрларды іріктеп ала алады. Бірақ мұның бәрі жаңадан өкім шығару жолымен жасалады.

Үкімет басшысы осылар жайында баяндап жатқан кезде залдағы елдің назары бірден ақсары жүзді, толықшалау жігітке ауды. Жасыратыны жоқ, бұл кезде бұған дейін қызмет барысында араласып-құраласып келгендер болмаса, оның аты-жөні мен түр-тұлғасы мұндағы көпшіліктің басым бөлігі үшін онша таныс емес еді. Бірақ жиналғандар жүзінде жайдарылығы мен ашықтығы анық аңғарылып тұрған жаңа әкімге әлдеқандай бір сеністікпен, әлдеқандай бір үміт үзірімен жылыұшырай қарасты. Олардың бірқатарына осы тұс экономикалық қиындықтарға белшеден батып жатқан аймақты сол тығырықтан алып шыға алатын, қолында «сиқырлы таяқшасы» бар тұлға осы бір жігіт ағасы болып та көрінді. Енді бірқатары бүгіннен бастап өздерінің осы кісімен істес болып, алдағы шаруаның бәрін бірге атқаруға тура келетінін, оның мінез-құлқы мен жұмыс істеу машығы қандай екенін ойлап, алаңдап отырды.

Премьер-Министр сөзінің соңын облыстың енді бұрынғы әкімі болып қалған Сейілбек Шаухамановқа осы кезге дейін атқарған қызметі үшін алғыс айтумен аяқтады. Бірақ бұл кісіге енді қандай лауазым берілетіні туралы бір ауыз сөз қоспады. Соған қарамастан, залда отырған көпшілік арасында сол заматында-ақ Сәкеңнің жақында өтетін Сенат сайлауына қатысқалы тұрғаны жайлы қауесет желдей есіп, жылдам тарай бастаған еді.

Күткендей, Үкімет басшысынан кейінгі сөзді Сейілбек Шаухаманов алды. Ол өз сөзінде кешегі кеңес кезеңінде облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, обыстық кеңестің төрағасы, ал тәуелсіздікке қол жеткеннен кейін әуелі глава, сосын әкім болып осы облысты басқарғанын, сөйтіп, екі дүниенің түйісіп жатқан тұсында Сыр елінің басшылық тұтқасын ұстағанын, сондықтан енді ешкімге өкпесі жоқ екенін, қайта осындай мүмкіндік жасап берген алдымен тағдырға, екінші республика басшыларына шын риза екенін білдіре келіп, осы уақыттар аралығында өзімен әріптес, пікірлес болған барша қызылордалықтарға алғыс сезімін жеткізді.

Ең соңынан облыстың жаңа әкімі Бердібек Сапарбаевқа сөз берілді. Ол да сөздің нақтысын айтып, ләмін өзіне осыншалықты сенім білдіріп жіберген Президентке алғыс сезімін білдіруге және сол сенімнің үдесінен табылу үшін қолынан келгенінің бәрін жасайтынын айтуға арнады.

Бердібек Сапарбаевтың егемен еліміздің жаңадан пайда болып жатқан жоғары лауазымды қызмет баспалдақтары бойымен өрлеу жолының жүлгесі осылай басталып еді. Әлбетте, бұл сәтте оның кейін Қазақстанның тағы төрт облысын басқаратынын, арасында екі рет Премьер-Министрдің орынбасары болып қызмет атқаратынын, екі рет министр лауазымы тізгінін ұстайтынын оның өзі де, актив жиынына келген ат төбеліндей ағайын да, жалпы жұрт та әсте білген жоқ. Ал бұған дейін Бердібек Машбекұлын алда Қызылорда облысын 1 396 күннен, 199 аптадан, 46 айдан құралатын 4 жыл уақыт басқару меймілінің жазмыш жондары күтіп тұрды…

 

***

 

Бұл аптаның соңғы жұмыс күні болғандықтан, алдағы екі күн – сенбі мен жексенбіде Бердібек Сапарбаев өзінің жаңа қызмет орнына келген жоқ. Мұның есесіне, бұл аралықты облыс әкімінің резиденциясында өткізген ол қол қусырып қарап жатпай, тиісті басшылардан аймақтың биылғы жылғы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін алдырып, мұқият танысып шықты. Соның арасында қаладағы өзіне бұрыннан етене таныс бірнеше белгілі кісіні шақырып алып, олардың өңірге тікелей қатысты әр алуан тақырыптар мен мәселелер жөніндегі ойлары мен пікірлерін тыңдады, өзінің көңіліне қонған бірқатар жайттарды қағазға түсіріп, ілкі жұмыс күнінен бастап мән беріп, атқара бастайтын басты бағыттарының бедерін бірқанша белгілеп алғандай болды.

Сондықтан 2 қазанда алғашқы жұмыс күніне келгенде, облыс әкімі өзіне барынша сенімді көрінді. Негізі, Қызылорда облысына басшы болып келері алдында оған Нұрсұлтан Назарбаевтың туралап берген тапсырмалары көп-тін. Оның бастысы, жаңа қоғамдық құрылым құрылуына байланысты нарықтық қатынастарды өмірге ендіруге айрықша күш салу, осы заманауи үлгілі үдерісті барынша жеделдету болатын. Жасыратын несі бар, бұл тұрғыдан келгенде, Сыр өңірі елдің өзге аймақтарының көпшілігімен салыстырғанда, едәуір артта қалып келе жатыр еді.

Мұны осыдан небәрі бір апта ғана уақыт алдын облыста өткен алқа мәжілісі құжаттарының өзі айқындап берген. Онда өңірде тікелей өндіріспен, өнім өңдеумен және қызмет көрсетумен айналысатын кәсіпорындар саны бір де өспей отырғаны ашып айтылды. Рас, осыған дейін шағын және орта бизнес мәселесін жолға қою мақсатында бірнеше шара қабылданған. Олар негізінен кәсіпкерліктің шағын формалары мен жеке еңбек қызметін дамытуды көздеді. Осыған сәйкес өңірде халық тұтынатын тауарларды көптеу өндіру, жергілікті шикізаттар мен ресурстарды өңдеу, қызмет көрсету сфераларын арттыру жөні мен жобасын ұстанды.

Бірақ мемлекет пен қоғам тарапынан қалуетті қолдау қажет ететін бұл сала дамып кете қоймады. Дегенмен, кейбір кәсіпорындардың уақытша кідіріс тауып тұрғанына қарамастан, салада бірқатар құрылымдық өзгерістер жүріп жатты. Сол кезде экономика тұрақтандырылып, дағдарыстан шығуда шағын кәсіпкерліктің алатын орны зор екенін мұндағылар енді білгендей қалып танытқан. Сондықтан шағын кәсіпкерлікті жолға қоюды ең алдымен қол өнеріне көбірек көңіл бөлу деген түсінік қалыптасты. Бірақ бір ғана қол өнерімен тым ұзаққа баруға болмайтынын, олардың қалай дегенде де күнделік тұтыным заттары секілді түсім мен пайда әкеле алмайтынын, мұндай бұйымдарға сұраныстың бәрібір шектеулі келетінін әлі көп адам түсіне қоймапты.

Осы тұста облыс әкімі жанынан кәсіпкерлікті дамытудың облыстық комиссиясы құрылған. Бұдан бөлек, кәсіпкерлікті өрістету мен қолдау жөніндегі республикалық қордың облыстық бөлімшесі негізінде шағын бизнес орталығы ашылды. Облыста басқа да нарықтық инфрақұрылымдар мекемелері мен ұйымдары қалыптаса бастады. Мұнан басқа, аймақта Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы, Жобаларды қолдау орталығы, АҚШ-тың Бейбітшілікті қолдау корпусы секілді қаржы институттарының өкілдіктері пайда болды. Олар жергілікті фермерлер мен кәсіпкерлерге көмек көрсету ниетінде құрылды.

Осы жылдың басында, ақпан айының 25-інде Сыр өңірінде тұңғыш рет кәсіпкерлер мен қолөнершілердің облыстық конференциясы өткізілген еді. Форумда облыста шағын және орта бизнесті дамытудың негізгі бағыттары мен жолдары белгіленді. Сонымен бірге, аймақта қазіргі таңда 3 944 нарықтық құрылымның жұмыс істеп жатқаны айғақталды. Олар шағын кәсіпорын, кооператив және фирма түрлерінде тіркеліпті. Бұлардың 1 898-і өндіріспен, өнім өңдеумен және қызмет көрсетумен шұғылданады. Аталмыш құрылымдар 6 782 адамды жұмыспен қамтып отыр. Биылғы жылдың алғашқы 7 айы ішінде 92,1 миллион теңгенің өнімін өндіріпті. Жалпы, аймақта 22 шағын сүт зауыты, 140 күріш ақтау цехы, 90 диірмен, 93 наубайхана, 14 макарон цехы, 65 көкөніс және жеміс өңдейтін цех, 45 кондитер цехы, 75 өсімдік майын шығаратын цех жұмыс істейтін болып шықты. Дегенмен, шағын бизнестің негізгі саласын әлі сауда-саттық пен коммерция құрайтын еді. Өндірістегі шағын бизнесте жеңіл және тамақ өнеркәсібі, күрделі құрылыс және жөндеу жұмысы, сондай-ақ жергілікті құрылыс материалдарын шығару, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен тұрмыстық қызмет түрлері басымдық алып тұрды. Бұдан бөлек, халықтың қол өнері біршама жолға қойылды.

Жиында жергілікті жерлерде шағын кәсіпорындарға қамқорлық жасауға жеткілікті мән берілмей келе жатқаны сынға алынды. Оларға босаған әртүрлі ғимараттарды, пайдаланылмайтын құрал-жабдықтарды, шағын технология жүйелерін беру орынсыз кешіктіріліп жүр. Сондай-ақ кәсіпкерлердің аймақ арасындағы байланысты дамытуларына, олардың тарифтерді, комиссиялық алымдарды қолдануларына әрдайым тосқауыл қойылуда. Айналып келгенде, осылардың бәрі қаражат жинау үдерісінің кібіртіктеп, инвестиция тартудың белсенділігін төмендете береді.

Соңғы екі-үш жылдың көлемінде қысқа дайындық мәселесі кәдімгідей өзекті мемлекеттік маңызды шараға айналды. Жұрт алдыңғы жылғы қыстың ащы ауыр сабақтарын ұмыта қойған жоқ. Рас, өткен жылы қалада қысқы жылу маусымына дайындық ерте бастан қолға алынды. Оның үстіне, қыс жылдағыға қарағанда, анағұрлым жұмсақ болды. Сондықтан тұрғындар қатты қиындық көрген жоқ. Бірақ биыл тап солай жеңіл өте қоюы қиын. Олай болатыны, жыл ішінде Қызылордадағы көп қабатты үйлердің елеулі бір бөлігі жекешелендіру процесін бастан кешіп, пәтер иелерінің меншігіне өтті. Енді алдағы қыста сол үйлерді жылытудың жайы қалай болады, ол кімнің есебінен жүргізіледі? Міне, бұл мәселе де әлі түпкілікті шешілмепті. Осындай түйткілдердің тууына орай маусым айында облыста арнайы штаб құрылған екен. Тұрғындарды алаң етіп отырған жалғыз бұл ғана емес. Мәселен, биыл Үкіметтен тек үйлерді жылыту үшін ғана дотация беріледі деген әңгіме шығып жүр. Демек, пәтер қызметінің қалған шығындары түгел тұрғындардың өздерінің мойындарына түскелі тұр. Бұл жағдайда жекешеленген көп қабатты үйлер тұрғындарының бәрі бірдей мұндай қатаң еркін баға қызметіне шыдас бере алмайтындары шүбәсіз. Сонда қайтпек керек? Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы: республика Энергетика министрінің арнайы бұйрығына сәйкес, қарызға белшесінен батқан мекемелер мен тұрғын үйлерге, сол берешектерін толық өтемейінше, жылу берілмейтін болып тұр. Ал қалада қарызы жоқ мекемені табу қиын. Сол сияқты тұрғын үйлерден түсетін қаржы да бір мезгілде жинала салмайды, олардың маусым басталып кеткенше толық өтеліп болмайтыны айдан анық. Сонда бұлардың бәріне қалай жылу жібермей отыруға болады? Облыстың су жаңа басшысы алдынан алдыңғылардың қатарында осындай мәселелер шықты.

Осы кезеңде бюджеттің кіріс бөлігінің орындалмай отырғаны да мәлім болды. Көптеген мекемелер мен ұйымдар салық пен бюджетке түсетін басқа да міндетті төлемдерді төлей алмай келе жатыр екен. Облыс бюджетінің кіріс жөніндегі 10 айлық көрсеткішінің 1 қыркүйекке орындалу деңгейі небәрі 62,7 пайызды құраған. Бұл облыста өндіріс пен өнеркәсіптің ұзақ уақыт құлдырап кеткенін, халық шаруашылығының барлық салалары дерлік нашар жұмыс істеп келе жатқанын көрсетеді. Мұның өзі былтырғы жылдың осы мезгілімен салыстырғанда, көрсеткіштің 32,1 пайызға төмен екенін білдіретін еді. Бұған тағы бұрынғы шаруашылық байланыстарының бертінде үзіліп қалуы, одан әрі есеп-төлем тәртібінің сақталмауы, ақша және қаржы ресурстарының ұдайы тапшы болуы кері әсерін тигізген. Осылайша шығынмен жұмыс жасап жүрген кәсіпорындар саны барлық өндірістік мекемелердің үштен бір бөлігінен асып кеткен. Олардың жалпы шығындарының ауқымы бүгінде 45 миллион теңгеге барыпты. Осының салдарынан бюджеттің негізгі кіріс көздері орындалмай қалған. Ал бюджеттің кіріс бөлігінің орындалмауы өз кезегінде оның шығыс бөлігінің де 63,4 пайызбен шектеліп, өте төмен деңгейде атқарылуына тікелей әсер етіпті. Қаржыгер ретінде мұның бәрі Бекеңді ойландырмай қойған жоқ. Демек, алда тұрған міндеттердің негізгісін осы сала құрайтын болады.

Әлбетте, бұл жағдайлар аймақта экономика жайының едәуір тұралап тұрғанын байқатады. Оны жіті байқаған облыс әкімдігі осының алдында ғана жылдың бірінші жартысы бойынша толық талдау жасап шығып, арнайы қаулы қабылдаған болатын. Құжатта облыс экономикасында көрініс берген біршама оң көрсеткіштерге қарамастан, жалпы ахуалдың сын көтермейтіні ашық атап өтілді. Аграрлық секторда белгілі бір қиындықтар сақталып отыр. Өндірістің құлдырауы жалғасып келеді. Күрделі құрылыс өте шетін шекте, айтарлықтай ауыр ахуалда тұр. Халық тұтынатын тауарлар өндірісі көлемі, бөлшек тауар айналымы кеміп кетті. Еңбек рыногындағы сыңай бұдан да қиын хәлде. Көлік, байланыс, тұрғын үй және коммуналды шаруашылығы салаларында да елеулі кемшіліктер бар. Кәсіпорындар мен ұйымдардың қаржылық жағдайлары бұл күнде дабыл қағарлық күйге түскен. Шығынға отырып, зиянға кеткен іргелі кәсіпорындардың саны уақыт ұзаған сайын көбейе берген. Жалпы дебиторлық қарыз 4,8 миллиард теңгеге жеткен екен. Көптеген кәсіпорындар мен ұйымдар қаржы тәртібін бетімен жіберген. Олардағы талан-тараж бен ақша кем шығуы облыс экономикасының құлдырауына әкеліп соқтырған.

Облыс экономикасындағы дағдарыстың тереңдеуі өз кезегінде еңбек нарығына тікелей әсер етіп, ондағы ахуалды шиеленістіре түсті. Осы тұстары жұмыспен қамту орталығына келіп тіркелушілер саны күрт артып кетті. Ол өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда, 2 еседен астам өсіпті. Мұндай ұдайы өсу тенденциясы жұмыссыздар санын көбейткеннен басқа нәтижеге қол жеткізбеді. Аудандардағы жай-күй бұдан да нашар еді. Жұмыспен қамту орталығына өтініш айтып келушілер Қармақшы, Шиелі, Тереңөзек аудандары аумағында жыл ішінде 3,5 есеге дейін өсіп кеткен болып шықты. Жалпы, өңір бойынша аталмыш орталыққа келіп тіркелушілер саны өткен жылмен шектеп қарағанда, 54,6 пайызға ұлғайып отырғаны айғақ болды. Ал жұрттың жұмысқа орналасу қам-қаракеті барған сайын төмендеп бара жатқаны байқалды. Мұны былтыр тіркелушілердің 12 пайызының өтініштері қанағаттандырылған болса, биыл жыл ортасы ауа тек 6 пайызын ғана жұмысқа орналастыруға қол жеткені анық аңғартады. Ал Жаңақорған және Жалағаш аудандарында бұл көрсеткіш тіпті 2 пайыздан да аса қоймапты.

Өткен жылдың сәуір айынан бері жұмыспен қамтуға көмектесу қоры мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылмайтын болған. Бұл жұмыссыздарды әлеуметтік қорғау жайының жақсара түсуіне мүмкіндік берді. Алайда, облыс кәсіпорындарының қаржылық жағдайлары нашар болуынан аталған қордың қаржысы межеленген мөлшердің 40-45 пайызын ғана құрады. Осыған орай облыстық жұмыспен қамту орталығы республиканың орталықтандырылған қорынан дотация алып тұрды. Бірақ жоғарыдан келетін қаржы көлемі алдын ала белгіленген сомадан әлдеқайда аз болып қалып жатты. Кейде тіпті келмей қалады. Мысалы, облыстық орталық екінші тоқсанға белгіленген 9,8 миллион теңге ақшаның буалдырын да көре алмады. Ал үшінші тоқсанда 25,8 миллион теңге беру межеленсе, одан жеткен ақшаның ауқымы 10 пайызға да толмайды. Соған қарамастан, 1995 жылдың мамыр айынан бері жұмыссыздарға беріліп келген жәрдемақы тоқтаған емес.

 

***

 

Арал апат аймағының кіндігінде орналасқан Арал және Қазалы секілді кіші қалалар бүгінде өте-мөте қиын жағдайды бастан кешіп келеді. Бұған қоса, бұл шаһарларда жұмысқа қабілетті адамдардың жұмыспен қамтылу деңгейі жоғары. Шағын бизнестің даму барысы төмен, жұрт кәсіпкерлікпен айналысу қарекетіне психологиялық жағынан дайын емес. Мысалы, аудан орталығы – Жаңақазалы кентінен 18 шақырым қашықта орналасқан көне Қазалы қаласы аумағында жұртқа жұмыс тауып бере қоятын кәсіпорындар жоқ. Алаңдататын жағдай – жұмыспен қамту орталығына өтініш білдірушілердің басым бөлігін әйелдер құрайды. Ал ауданның халық шаруашылығы саласында өнім өндіру көлемі, әсіресе, өнеркәсіпте, құрылыста және ауыл шаруашылығында төмен. Соған орай жұмыспен қамтылғандар саны да едәуір азайып кеткен.

Бердібек Сапарбаев қызметіне кіріскен алғашқы күні-ақ өңірде сол сияқты жекешелендіру үдерісінің баяу жүріп жатқанына анық көз жеткізді. Облыста купондарды инвестициялық қорларға салу мерзімінің аяқталып қалғанына қарамастан, бұл төңіректегі жұмыстарда ұзын арқау, кең тұсауға салынушылықтың жаппай етек алып тұрғаны бірден көзге ұрды. Мұндай самарқаулық, әсіресе, Тереңөзек, Қазалы және Арал аудандарында қаттырақ байқалады. Тұрғын үйлердің купондарын жекешелендіру Тереңөзек және Шиелі аудандарында толық аяқталғанымен, басқа аудандарда әлі шегіне жетпепті. Ал Қызылорда қаласы бұлардан айтарлықтай кейін қалып келеді. Осы кезге дейін купон механизміне сәйкес, 2 миллиард 628 миллион тұрғын үй купоны есептелсе, солардың 562 миллионы ғана өтелген екен. Осы кезде аймақ тұрғындарының қолдарында әлі 2 миллиард 66 миллион купон бар. Дегенмен, ауызды тым қу шөппен сүрте беруге де болмас, қазірге дейін Сыр бойындағы елді мекендерде жүргізіліп жатқан жаппай жекешелендіруде 588,6 мың адам жалпы құны 60,8 миллион тұратын жекешелендіру купондарына ие болып үлгеріпті. Мемлекеттің иелігінен алу мен жекешелендірудің ұлттық бағдарламасына сәйкес, бұрын мемлекет меншігінде болған 482 нысан басқа ұйымдық-құқықтық құрылымға айналды. Сол сияқты 97 акционерлік қоғам, 164 ұжымдық кәсіпорын, 132 жеке кәсіпорын, 35 шаруашылық серіктестігі қатарға қосылды. Бұдан бөлек, 78 совхоздың 60-ы меншік түрін өзгертті. Аукциондық саудаға 3 акционерлік қоғамның акциялары қойылып, олардың екеуінің мемлекеттік пакеттері толық сатылды. Қайта құрылған мүліктің бағасы 189,7 миллион теңгені құрады. Мемлекеттік меншікті сатудан бюджетке 14 миллион теңгедей қаржы құйылды. Бірақ бұл саладағы басты жұмыстар әлі де алда тұр еді.

Бердібек Сапарбаев облысқа келері алдында өзімен бетпе-бет кездесетін өзекті де өткір проблеманың бірі экология мәселесі болатынын білмей қалған жоқ. Білгенде қандай! Өзі туып-өскен өңір болғаннан кейін онымен де ертеден өте жақсы таныс еді. Бірақ оның ауқымы мен зардабы дәл қазіргідей деп әсте ойламапты. Иә, Сырдария және Әмудария өзендері дельтасының жылдар өте келе қатты антропогенді қысқара түсуі Арал теңізінің айдынындағы судың мөлшері ақырындап азайып, бара-бара көп жерлері қайырлануына апарып соқтырып, оның табаны нағыз экологиялық апаттың сортаң ошағына айналып үлгерген екен. Тарихта осылай бір ұрпақтың көз алдында телегей теңіздің тегі мен тебені жер бетінен жоғалып кеткелі тұр. Бір замандары 3 мыңнан астам көлдің аумағы болған Сырдария өзенінің төменгі арнасы тұсында қазіргі таңда жүзге жетер-жетпес қана айдын қалыпты. Кенезесі кепкен теңіздің табанынан ұшқан тұзды тозаң Памир тауларының етегіне дейін жетіп жатыр. Олар жолай қаншама атырапты бүлдіріп біткен. Осының салдарынан соңғы жиырма жылға жуық уақыт шамасында облыс территориясында 600 мың гектар алапты алып жатқан сексеуіл тоғайлары мен орманды алқаптар құрып кеткен. Бұдан бөлек, көптеген өсімдіктер мен жан-жануарлар біржола жоғалған. Сөйтіп, өңірде шөлейттену мен құрғақшылық дәуірі шабуылға көшкен. Осының бәрі облыс көлемінде ауаның ылғалдылығы 18 пайызға дейін төмен түсіп кетуіне тікелей әсер еткен.

Ертеректе адамның қолымен көркейтіліп, көкорай шалғын алап болып шыққан түстіктегі Қызылқұм мен Аралдың қыр арқасындағы Қарақұмның арасы қайтадан біртіндеп құмды жалдарға айналып, бір-біріне жақындап келеді. Қазірдің өзінде теңіз атты ауданның шығыс беткейіндеге 500 шақырым шамалас танаптың шөлейттене бастағаны анық аңғарылады. Мұны Сырдария өзені арнасы бойында кейін пайда болған жүз шақырымға жуық құмшауытты белдеуден көруге болады. Осындай үдеріс салдарынан жайылымдықтардың төрттен бір бөлігінің шығымдылығы күрт төмендеді, біржола жоғалып кеткен жерлер де бар. Осылайша бұрын 4 миллион тоннаға дейін шөп беріп келген табиғи шабындық жерлер қатардан шығып қалған. Бұдан мал шаруаышылығы қаншалықты залал тартып жатқанын аңғару қиын емес. Осыдан келіп, салада жаратылатын бүкіл шығындардың арасында жемшөп әзірлеуге кететін қаржы көлемі 6-8 есеге дейін өсіп кеткен.

Сырдария өзені сонау Тән-Шән тауларының басынан бастау алып, төрт мемлекеттің территориясын басып өтіп, Арал теңізіне дейін құйған аралықта өзінің мол суының өте көп бөлігін жол-жөнекей жоғалтып, мұнда жұқанасын ғана там-тұмдап жеткізеді. Жолдағы дәулеттердің бәрі дариядан суды мол етіп қармап, алып қалуға тырысады. Осы орайда жай есеппен алғанда да, бір ғана өзбек жерінде қырықтан астам үлкенді-кішілі су қоймалары бар екені алдан шығады. Міне, судың осылай шектеусіз талан-таражға түсуі нәтижесінде Арал аймағы қыстыгүндері тасқынның қаупі ұдайы туындап тұратын болса, жазда керісінше су тапшылығының зардабын шегеді. Бұған қоса, өзеннің жоғарғы арнасы бойындағы елдердің суды үздіксіз ластауының кесірінен төмендегі жұрт нағыз у жайлаған суды пайдалануға мәжбүр болып отыр. «Сағадағы су ішеді, етектегі у ішеді» деген осы. Бұл онсыз да экологиялық апаттың әлеметін көріп келе жатқан халықтың хал-ахуалын одан бетер жүрдек төмендетіп, оның денсаулығына алапат әсер етіп жатыр. Осылардың жайымен мұқият танысып шыққан облыс әкімі өңірге дария арнасы бойымен жыл сайын жоғары жақтан пестицид секілді химикаттар мен өндірістік улы қалдықтар, сондай-ақ биогенді элементтер бар 12 текше шақырымдық лас судың ере ағып келетінін білді. Бір өкініштісі сол, осы улы сулар облыстың су пайдалану үшін белгіленген жоспарына кіргізіліп жіберілген екен. Әлбетте, бұлардың бәрі шешімін бір облыс таба салатын, тіпті бір ғана қазақ елінің қолынан келетін, бірер жылдың мұғдарында шешіле қалатын оңай проблемалар емес. Бұған халықаралық қауымдастықтың ықпалы қажет. Бұдан бірнеше жыл бұрын осында өткен Кіндік Азия елдері конференциясында қаралған шешімдердің бүгінгі таңда орындалу барысына қайта оралу керек.

Бір жақсы жері, бұл кең ауқымды ғаламдық мәселе Біріккен Ұлттар Ұйымының назарына тұр. Бұған биылғы маусым айының 20-23-і күндері БҰҰ-ның бастамасымен Алматыда осы тақырыпқа арналған халықаралық конференцияң өткені айғақ. Оған халықаралық ұйым Бас хатшысының орынбасары – ЮНЕП бағдарламасының директор-орындаушысы Элизабет Даудсвелл ханым қатысқан. Сол жиында облыс әкімі Сейілбек Шаухаманов сөз сөйлеп, Арал теңізінің жыл сайын тартыла түсуі салдарынан жергілікті халықтың тартып отырған зардаптары жайлы айтып берген екен. Соңынан ол ЮНЕП басшысының қабылдауында болып, жағдайды кеңінен түсіндіріп шығыпты. Соның әсері болар, конференция аяқталғаннан кейін, 24 маусым, сенбі күні Элизабет Даудсвелл Қызылорда облысына арнаулы рейспен ұшып келіп, аймақтың ахуалына біршама қанығып қайтты. Ол арнайы делегациямен бірге тікұшақпен Арал өңірін түгел төбеден көріп шықты. Мәртебелі мейман Арал мен Көкаралда экологиялық апаттың сұмдық көріністерінің куәсі болды. Бұрын теңіз тартылып, оның табынан ұшқан тұзды тозаңың айналасы тажал оғындай бүлдіріп бара жатқанын естіп келсе, енді солардың бәрінің көрінісін өз көзімен байырқалады.

Ал облыста әкімдер алмасатыннан бірнеше күн ғана бұрын, 24 қыркүйек күні Қазалы ауданында экологиялық апатқа қарсы экономикалық күрес атты тақырыпқа арналған республикалық семинар-кеңес өткен еді. Мұнда да су тапшылығы мәселесін шешу, таза ауыз су қорларын жер асты сулары есебінен молайту, экологиялық апат зардаптарына қарамастан, өңірді жасыл желекке бөлеу мақсатындағы жұмыстарды жандандыра түсу жайлары қарастырылды.

Енді, міне, осы көкейкесті жайттардың бәрінің жүлгесін жалғастырып, ісін ілгері апару бөдіреті өзінен өзі облыстың жаңа әкіміне жүктелгелі тұр.

Серік ПІРНАЗАР

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button