Жаңалықтар жаңғырығыРуханият

Белгілі композитор Гүлнәр Дәукенова қайтыс болды

АЛМАТЫ. 13 мамыр. Белгілі әнші-композитор, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Гүлнәр Дәукенова қайтыс болды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.

Гүлнәр Жұмайқызы Дәукенова Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданында туған. Осы аудандағы Еркеғали Рахмадиев атындағы музыка мектебін домбыра сыныбы бойынша бітіріп, Алматыдағы музыка колледжіне түседі. Кейін Құрманғазы атындағы Қазақ  мемлекеттік консерваториясын аяқтайды.

Композитор осы кезге дейінгі 30 жылдан астам уақытта қалың көпшілікке танымал «Сағындым, сағым жылдар», «Қайран уақыт», «Шыңдағы шынарым-ай», «Күрең күз», «Мөлдір сезім» секілді көптеген әндерді өмірге келтірді. Оның тырнақалды туындысы «Жасай бер, Қазақстаным!» күйі 1993 жылы жарыққа шыққан.

Гүлнәр Дәукенова Үржар ауданының «Құрметті азаматы», «Білім беру ісінің үздігі», «Құрмет» орденінің иегері болды.

Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры, режиссер Асхат Маемиров Facebook парақшасында «Гүлнар Дәукенованың туындылары да өзінің жан дүниесі секілді шынайылыққа, сыршылдыққа, лиризмге толы болатын. Ширек ғасырдан астам уақыт ұлттық музыкамыздың қара шаңырағы – Құрманғазы оркестрінде еңбек етті», – деп жазды.

Елге деген махаббатын әнмен, күймен өрнектеген Гүлнәр Дәукенова өмірде кішілік пен кісілікті, адалдық пен мейірімді, адамгершілік асыл қасиеттерді ту етті. Көптеген әндері марқұм Мәдина Ералиева шығармашылығының бойтұмарына айналды. Халық әртістері Н.Нүсіпжанов, Р.Рымбаева, М.Жүнісова және А.Қосанова, Г.Дәуірбаева, М.Түсіпбаева, А.Иманбай, Г.Оразымбетова, А.Керімбекова, Мирас пен Құралай, «Жігіттер» квартеті, «Кешью» топтарының репертуарларынан Г.Дәукенованың әндері берік орын алды.

Өнер әлемінде өзіндік орны, өз биігі бар Гүлнәр Дәукенова Үржардың қасиетті топырағынан түлеп ұшып, «Шығыстың шынары» деген атқа ие болды. Ол сонымен бірге компрзитор-әнші Донеділ Қажымовқа тұрмысқа шығып, «Батыстың келіні» атанды.

«Гүлнәр әпке ақжарқын жеңгеміз, Ақ Жайық өңірінің сыйлы келіні еді. Тағдыр қосқан серігі Донеділ Қажымов та – елімізге танымал әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. «Тас түскен жеріне ауыр» дейді бабаларымыз, Донеділ ағамызға қайғырып көңіл айтамыз. Қош болыңыз, шыңдағы шынар сынды Гүлнәр әпке, Гүлнәр жеңеше! Сағым жылдардың ішінде Сізді сағынған шақтарда, әр қазақтың жүрегінде Сіздің әндеріңіз жүретініне сенемін! Иманыңыз жолдас болсын, аяулы Гүлнәр жеңеше, Гүлнәр әпке!» – деп жазды Асхат Маемиров.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button