Жұртты Кеңес Одағын қалпына келтіруге шақырған өзбек сотталып кетті
ТАШКЕНТ. 8 қыркүйек. Өзбекстанда әлдеқайда сүйегі қурап кеткен, енді келмесіне көз жеткен КСРО-ны көксеген бір көксоққан темір тордың арғы жағынан бір-ақ шықты. Бұл туралы Vesti.uz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Оқыс оқиға Самарқанд қаласында орын алған. Көне кентте тұратын Эргашқұл Хасанов номылы бір зейнеткер айды-күннің аманында өзі қағынан жерінемін деп, сотталып кетті.
Өзбек мәтбұғатының жазуынша, аталмыш албасты белсене қимыл көрсете жүріп, отандастарын КСРО-ны қайта қалпына келтіруге жаппай атсалысуға шақырған. Ол өзінің насихатын «Узбекская ССР/СССР» telegram-тобында жүргізіп келген. Зейнеткер «КСРО ресми түрде әлі өмір сүріп келеді, бұрынғы республикалар АҚШ-қа жағынып, тәуелсіздіктерін жариялады» деп есептейді.
Мұны аз десеңіз, өзбек сатқыны ресейлік Олег Туришкин деген арандатушыдан өзінің КСРО азаматы екендігі туралы фейк куәлік те алып үлгеріпті. Самарқандтың сайтанын Мәскеуде тұратын пікірлестері қолдап, ара-тұра қолтығына су бүркіп тұрады екен.
Өзбекстан құқық қорғау органдары зейнет жасындағы делқұлының бұл «буырқанған қызу іс-әрекеттерін» республиканың мемлекеттік құрылымын өзгертуге шақырғандық деп тура бағалады.
Алпыстан асқанша ақыл кірмеген Эргашқұл Хасанов осы сатқындығы үшін үш жылға бас бостандығынан айрырылды.