Өзбекстан Захарованы қалаусыз адамдар тізіміне қосуға шақырады
ТАШКЕНТ. 29 қыркүйек. Өзбекстан Табиғи ресурстар министрінің кеңесшісі Расул Көшербаев РФ Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарованы қалаусыз тұлғалар тізіміне қосуды ұсынды. Бұл туралы Podrobno.uz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Экология министрлігі басшысының кеңесшісі, танымал блогер, Олий Мажлистің бұрынғы депутаты Расул Көшербаев Өзбекстан үшін қалаусыз тұлғалар тізіміне Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарованы қосуды ұсынды», деп жазды Podrobno.uz тілшісі.
«Өзбекстанның ішкі істеріне араласу – бұл елемеу мүмкін нәрсе емес», – деді кеңесші. Ол сондай-ақ Өзбекстанның ешқашан орыс мектептерінің ісіне араласпағанын, өйткені бұл Ресейдің ішкі ісі екенін айтты.
Сондай-ақ ол Захарованың басқа халықтар мен елдердің ішкі істеріне араласуы бірінші рет емес екенін сөз етті. Ол ресейлік жазушы және публицист Захар Прилепиннің мәлімдемесіне түсініктеме берген кезде Захарованың Өзбекстанды кемсітетін пікір айтқанын еске алды.
Сондықтан, Көшербаевтың пікірінше, Мария Захарова Өзбекстанға жағымсыз шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар тізімінде бірінші орында тұруы керек. Тізім туралы заңды жуырда Сенат қабылдады.
«Бұл адам оның қорлайтын шовинистік мәлімдемелері жауапсыз қалмайтынын шынымен сезінуі үшін», – деді ол.
Еске сала кетейік, Ташкенттегі №188 мектепте мұғалім оқушының сабақ материалын орыс тіліне аударып айту жөніндегі өтінішіне жауап ретінде оны ұрып-соққан. Осы сюжет
әлеуметтік желіде жедел тарады.
Содан кейін Ресей Сыртқы істер министрлігі Захарованың атынан Өзбекстаннан түсініктеме сұрап, кінәліге шара қолдануды сұраған. Ал Өзбекстанның Ресей Федерациясындағы елшісі Ресей сыртқы істер министрлігінен ұсыныс қабылдады.
«Өзбекстан елшісіне тиісті ұсыныс берілді», – деп атап өтті ТАСС агенттігі.
Елдің сыртқы саясат ведомствосының басшысы Бахтиёр Саидов Сергей Лавровпен кездесуінде бір-бірінің ішкі істеріне араласпаудың маңыздылығы туралы айтты.
Айта кету керек, Расул Қыдырәліұлы Көшербаев – Өзбекстанда туып-өскен ұлты қазақ азамат. Ол Ташкент облысы Янгиюл ауданында 1987 жылы туған.