Дүние жүзін жайлап бара жатқан аты жаман індет біздің елімізді де шарлап алды. Осы орайда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 31 наурызда халыққа жариялаған мәлімдемесі біздерге үлкен серпіліс берді.
Халқымыздың денсаулығы үшін күресіп жатқан дәрігерлеріміз, қауіпсіздігімізді сақтап отырған полиция қызметкерлері мен осал топтағы азаматтар Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған жоқ. оның пандемияға қарсы күрестің алдыңғы шебінде жүргендерге қосымша қолдау көрсету туралы шешім қабылдауы, зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы мен АӘК-ің мөлшерін көбейтуі, нәтижесінде 3 млнға жуық азаматымызға қолдау көрсетілуі халыққа бүгінгі қиын-қыстау кезеңде көрсетіліп жатқан үлкен қолдау деп түсінеміз.
Құрметті ағайын, Президентіміз бен Үкіметіміз біздің өміріміз үшін сын сағатта үлкен көмегін көрсетіп жатқан уақытта барынша қолдау көрсету – әрқайсымыздың міндетіміз. Елдегі қалыптасқан қазіргі таңдағы күрделі жағдайға байланысты әрбіреуіміз заңға бағынып, карантин режимдерін сақтап қолдау білдіруіміз керек. «Әр қазақ – менің жалғызым» деген қағидатты ұстанар болсақ, сол әр қазақтың өмірін сақтауға өз үлесімізді қосып, үйде болайық, ағайын! Ортақ тәртіптің бұлжытпай, мүлтіксіз орындалуына бәріміз бір кісідей атсалысайық!
Қазақ елінің тәуелсіздігінің берік те бекем болуы үшін, қазақ елінің әрбір азаматының денсаулығы мен амандығы маңызды. «Елім, жерім» дейтін осы елдің әрбір азаматы осындай жауапкершілігі орасан сәтте өзінің қоғам, жалпы мемлекет алдындағы мендігін көрсетуі үшін қолдан келген еш жақсылығын аямай, «көп түкірсе – көл» қағидатын алға тарту арқылы аталған індетке қарсы тұрғанда ғана жеңіске жететінімізді жеткізгім келеді. Бірге болайық, жерлестер!
Ержан УӘЙІС,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
ҚЫЗЫЛОРДА
#БІЗБІРГЕМІЗ