Ашхабадта арзан нан жоқ, ұнның кезегі артты
АШХАБАД. 19 сәуір. Түрікменстан астанасы – Ашхабад қаласындағы дүкендерде арзан нан жоғалып кетті, жұрт кештен бастап ұн сатып алу үшін кезекке тұрады. Бұл туралы «Азаттық» радиосы хабарлады.
«Ашхабад тұрғындары азық-түлік сатып алу үшін мемлекеттік дүкендерге кештен бастап келесі күннің кезегіне жазыла бастайды. Соның өзінде полицияның қырағы назарында сатылатын азық-түлік жұрттың бәріне жете қоймайды. Ұнның жетіспеушілігіне байланысты мұнымен бір мезгілде бұрын 2 манат тұрған арзан нан енді 5 манаттан сатыла бастады», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, түрікменнің 2 манаты, біздің ақшаға шаққанда, – 242, 48 теңге, 5 манат 606, 20 теңге болады.
Бұдан басқа нан өнімдері де күрт қымбаттаған.
Бұған қоса, жеке дүкендерде де шетелдерден келетін ұн қымбаттай түскен. Мысалы, бұған дейін бір килосы 8 манат (969, 92 теңге) болып келген 1-сортты Қазақстан ұны енді 10 манатқа (1 212, 40 теңге) жетіп отыр. Ал жоғары сортты ұн 9 манаттан (1 081,16 теңге) 13,5 манатқа (1 576, 74 теңге) барған.
Түрікменстан соңғы 29 жылдық тәуелсіздіктен бергі ең ауыр кезеңін бастан кешіп отыр. Ал түрікмен билігі бұл экономикалық проблемаларды мойындамайды.