Маусым айында Түрікменстаннан 490 қазақ ата жұртқа оралады
АШХАБАД. 16 мамыр. Алдағы айдың басында Түрікменстанда тұратын 490 қазақ тарихи отандарына қарай көш түзейді. Бұл туралы Тurkmen.news хабарлады.
«2 маусым күні Түрікменстанның 490 этностық қазағы «Түрікмен темір жолдары» пойызымен тұрақты тұру үшін Қазақстанға аттанады. 11 мамырда Аурулардың таралуымен күрес жөніндегі төтенше комиссия Қазақстан елшілігінің өтінішіне сәйкес осындай шешім қабылдады», – делінген хабарламада.
Пойыз Түрікменбашы – Берекет – Серхетяка – Болашақ бағыты бойынша жолға аттанады. Болашақта түрікмен локомотивін қазақ тепловозы алмастырады. Составтың ақырғы нүктесі Жаңаөзен қаласы болады.
«2020 жылы 319 адам Түрікменстан азаматтығынан шықты. Олардың 70-і этностық қазақтар болды». – деп жазады басылым.
Еске сала кетейік, 2021 жылы Түрікменстан қазақтары екі рет тарихи отандарына қайтты. Атап айтқанда, ақпанда – 152, мамырда – 256 адам Қазақстанға көшіп кетті. Бұдан кейін жұрт COVID-19 пандемиясы салдарынан бір жыл бойы елден кете алмай қалған еді.